23 мың қазақстандықтың еңбек құқығы қорғалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 23 мың қазақстандықтың еңбек құқығы қорғалды. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізіп жатқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек заңнамасының сақталуына мониторинг және бақылау жүргізіледі. Бұл үшін Еңбек қатерлері картасы қолданылады. Онда еңбек заңнамасын көп бұзған кәсіпорындар есепке алынады. Оның көмегімен 2019 жылы еңбек инспекциясы тексерген 3,9 мың кәсіпорында 5 мыңнан астам бұзушылық жойылды. Нәтижесінде 23 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды. Оларға 3 млрд теңге жалақы берешегі төленді», - деді министр.

Оның айтуынша, 2019 жылы еңбек дауларын алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар іске асырылып жатыр.

«1,7 мыңнан астам кәсіпорын халықаралық стандарттарды енгізді, 6 мыңнан астам өндірістік нысан аттестатталды. Кәсіпорындарда ішкі бақылауды 15 мыңға жуық өндірістік кеңес жүзеге асырады. Нәтижесінде өндірістік жарақаттанудың төмендеуі байқалады. 2019 жылдың 5 айында жазатайым оқиғалар саны 10,2 пайызға төмендеді, зардап шеккендер саны азайды», - деді ол.

Б.Сапарбаевтың айтуынша, лайықты еңбек жағдайларын жасау бойынша жұмыс күшейтілді. 2019 жылы министрлік әлеуметтік әріптестермен және әкімдіктермен бірлесіп «Қауіпсіз еңбек» ұранымен кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыс орындарын азайту жөніндегі жаңа Жол картасын іске асыру басталады.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік әріптестік жүйесі белсенді дамып келе жатқанын айтты.

«Қызметкерлердің еңбек құқықтарының қысқаруына және бұзылуына жол бермеу үшін әкімдіктер мен өңірлердегі кәсіпорындар арасында 122,4 мың ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Ірі және орта кәсіпорындардың 96,4 пайызы және шағын кәсіпорындардың 39,9 пайызы ұжымдық шарттармен қамтылған. Осылайша, осы кәсіпорындардың қызметкерлеріне қосымша әлеуметтік пакет көзделген», - деді Б.Сапарбаев.

Министр көптеген ірі кәсіпорындармен, бизнес қауымдастық өкілдерімен қосымша демеушілік және қайырымдылық көмек көрсету бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

«Ағымдағы жылы өңірлерде халықтың әлеуметтік осал санатын, оның ішінде көпбалалы аналарды қолдау бойынша 38,3 млрд теңгеден артық сомаға 458 меморандум жасалды. Балалары бар аз қамтылған отбасыларды, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін отбасы үлгісіндегі жатақханаларды, жалға берілетін тұрғын үйлерді салу мәселесі шешілуде. Ағымдағы жылдың басынан бері көпбалалы отбасыларға демеушілердің есебінен 385 пәтер берілді», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар