23 мамыр. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 23 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

98 жыл бұрын (1924-2003) қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі, тарих ғылымының докторы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Кемал АҚЫШЕВ дүниеге келген.

Павлодар облысының Баянауыл кентінде туған. Қазақ мемлекттік университетін бітірген. 1950-1955 жылдары – Қазақ Ғылым академиясының аспиранты, кіші, аға ғылыми қызметкері. 1955-1990 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты археология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. 1991 жылдан Ә.Марғұлан атындағы Тарих, археология және этнография институтының бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері болып қызмет атқарған. К.Ақышев 1954 жылдан бастап Солтүстік, Оңтүстік және Жетісу археологиялық экспедицияларының ұйымдастырушысы және жетекшісі болды. Көне және орта ғасырлардағы Қазақстан ескерткіштерін, әлемдік маңызы зор Есік обасынан табылған «Алтын адам», Бесшатыр, Отырар жәдігерлерін зерттеген. Ғалым көне Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдарын жасауға белсене қатысты. Орталық Азия өркениеті жүйесінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі үлес қосты. Оның 220-ға жуық ғылыми еңбегі, соның ішінде 14 монографиясы бар. «Парасат» орденімен марапатталған.

81 жыл бұрын (1941) мемлекет және қоғам қайраткері, елші-дипломат, филология ғылымдарының докторы Әділ Құрманжанұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын бітірді. Орта мектептің ағылшын тілінің, қазақ тілінің мұғалімі. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі. Дипломаттық дәрежесі – I сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл. Алматы шет тілдері педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, ағылшын тілі факультетінің деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры, лексикология кафедрасының доценті, Халық депутаттары Алматы қалалық кеңесі атқару комитеті Сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің I санатты маманы, Алматы қалалық әкімшілігі басшылығы аппаратының бас маманы-Алматы қалалық әкімшілігінің Тусон қаласындағы (Аризона штаты, АҚШ) тұрақты өкілі, Халықаралық қатынастар және әлем тілдері Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры, Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Білім комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер бірінші вице-министрі, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкiлеттi Елшісі сондай-ақ Швеция Корольдігінде, Норвегия және Ирландия Корольдіктерінде осы міндеттерді қоса атқарды, Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры болып қызмет істеген. 2007-2013 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комитет хатшысы және ЕҚЫҰ сол кездегі төрағасының Мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілі болды. «Құрмет» орденімен, бес медальмен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы бар.

55 жыл бұрын (1967) ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары Мұрат Қалибекұлы БАЙМҰҚАШЕВ дүниеге келді.

1994 жылдан бастап құқық қорғау органдарында жұмыс істейді. Ішкі істер органындағы жұмысын жол полициясының патрульдік қызметі батальонының инспекторы лауазымынан бастады. 1997 жылдан бастап ҚР ІІМ жол полициясы басқармасында жұмыс істеді, сонымен қатар министрліктің орталық аппаратының департаменттері мен бөлімдерін басқарды. 2009-2019 жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесінде басшылық лауазымдарда, соның ішінде алты жылға жуық қорғаныс және құқық қорғау бөлімінің бастығы болды. 2019-2020 жылдары – ҚР Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары. 2020-2021 жылдары – ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы. 2021-2022 жылдары - ҚР ішкі істер министрінің орынбасары.

Қазіргі қызметінде – 2022 жылдың мамырынан.

50 жыл бұрын (1972) ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Мәулітбекұлы НҰРЖАНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында туған. 1997 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1997-2000 жылдары – Өскемен қаласы және Шығыс Қазақстан облысы салық комитетінің инспекторы. 2000-2003 жылдары – ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігі орталық аппаратының қызметкері. 2003-2004 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі Салық комитеті басқармасы бастығының орынбасары. 2004 жылы Астана қаласы Алматы ауданы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары болды. 2012-2014 жылдары – Ақтөбе қаласы бойынша Салық комитетінің төрағасы, Қостанай қаласы бойынша Салық басқармасының бастығы, Атырау облысы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары, Атырау қаласы Салық басқармасының басшысы. 2014-2019 жылдары – Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары. 2019-2021 жылдары – Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы. 2021-2022 жылдары – Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

Қазіргі қызметінде 2022 жылғы сәуір айынан бастап.


Соңғы жаңалықтар