23 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 2023 жылғы 23 мамырға арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік спорт күрес і күні

1904 жылы Венада өткен грек-рим күресінен бірінші әлем чемпионатын еске алу үшін жыл сайын атап өтіледі. Бүкіләлемдік күрес күні 2014 жылы кәсіпқой балуандардан гөрі әуесқой деңгейде бәсекелес балуандардың бастамасымен құрылды. Оның басты міндеті – еркін, грек-рим және басқа да спорт күресі түрлерін бүкіл әлемге танымал ету.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ өнері мен әдебиеті онкүндігінің қорытынды концерті өтті. Онда Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрі «Адай», «Серпер», «Көбік шашқан», «Қос алқа», «Қызыл бидай» күйлерін, ал Жамал Омарова «Қараторғай», «Ертіс» әндерін нақышына келтіре орындады.

1992 жылы Лиссабонда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина және АҚШ елдері өкілдері 4 елдің жерінде орналасқан стратегиялық ядролық күштерге қатысты бесжақты стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту және шектеу туралы Келісімге қол қойды. Келісімде, сондай-ақ, Қазақстан, Беларусь және Украина елдері ядролық қаруды таратпау туралы келісімге ядролық қаруы жоқ елдер ретінде қатысу міндеттері белгіленді.

1996 жылы Қазақстан Президентінің «Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті туралы» Жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес, қаладағы екі жоғары оқу орны біріктіріліп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті құрылды.

1996 жылы ҚР Президентінің қаулысымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сәйкестігін қалыптастыру тұжырымдамасы» мақұлданды.

2005 жылы ҚР Ұлттық кітапханасында алаштың біртуар азаматы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен 1913-1918 жылдары шыққан «Қазақ» газетінің электронды нұсқасы жасалды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған жоба Орталық Азия аумағындағы алғашқы цифрлық құжат болып есептеледі. Онда зерттеушілер мен ғалымдар электрондық жүйе арқылы төл газетіміздің 247 нөмірімен таныса алады.

2012 жылы Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының Премьер-министрі Реджеп Ердоған екі ел арасындағы бірлескен экономикалық бағдарламасы – «Жаңа синергияға» қол қойды. Құжат мемлекеттердің сауда-экономикалық және инвестициялық салаларындағы ынтымақтастығын аталмыш өзара әрекеттестікке жаңа бағдарламалық мәртебе беру есебінен жаңа деңгейге шығаруды көздейді.

2012 жылы Алматы метрополитені көлік индустриясының «Алтын дөңгелек» халықаралық қоғамдық марапатының лауреаты атанды. Метрополитен «Қазақстан Республикасының көліктік индустрия жобасы» номинациясында жеңіске жетті.

2014 жылы Талдықорғанда 22 жастағы мүгедек Елдос Баялышбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған фитнес-клуб ашты. Бірнеше жыл бұрын жол апаты салдарынан ол төсек тартып жатып қалған. Алайда массаждың арқасында Елдос өзі отыра алатын деңгейге жетті. Елдостың әкесі мен ағасы қолайлы жаттығу жабдықтарын жасап, үш жыл бойы ауыр жаттығу жалғасты. Нәтиже үмітті ақтап, Елдос аяққа тұрды. Балдақтың көмегімен ол өздігінен қозғалатын дәрежеге жетті. Елдос өз жетістігін басқалармен бөлісуге бел байлап, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасынан 3 миллион теңге грант ұтып алды. Баланың ата-анасы мен достары жаттығу құралдарын жасап, Талдықорған әкімдігі қолайлы ғимарат берді. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мүгедектерге арналған фитнес-клуб келушілерге өз есігін ашты.

2016 жылы Atameken business schannel алғашқы қазақстандық бизнес жаңалықтар мультимедия арнасы жұмысын бастады. abctv.kz телеарнасы - LiveStream режимінде жұмыс істейтін интернеттегі алғашқы ТВ-арна. Ақпаратпен қамту аймағы – Қазақстан, ЕАЭО, ТМД және әлем. Талдау бағдарламалары, нарықтағы ахуал, мамандар пікірлері, сараптамалық бағалау және т.б. ұсынылады.

2016 жылы Өскемен қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Олжас Сейлханов IX I-SWEEEP-2016 халықаралық олимпиадасында «Honorable mention» құрметті дипломанты атағына ие болды. Әлемдегі беделді жобалық олимпиада Хьюстон қаласында (АҚШ) өтті.

2017 жылы АҚШ-тың Сент-Питерсберг қаласында өткен Халықаралық бокс федерациясының (International Boxing Federation - IBF) 34-ші жыл сайынғы конвенциясы кезінде IBF/WBA/WBC/IBO орта салмақ дәрежесінде әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинге спортта жеткен жетістіктері үшін Джерси Джо Уолкотт атындағы арнайы сыйлық берілді.

2018 жылы Астана қаласында жаңартылатын энергия көздері жобаларының алғашқы аукционы өтті. Бірінші аукцион жалпы қуаты 20 МВт болатын жел электр станцияларын таңдауға арналып, Солтүстік аймақ (Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) үшін өткізілді.

2021 жылы 14 жастағы екібастұздық Арулат Мұхаметқали Парижде өткен nail-шеберлік бойынша байқауда жеңіске жетті. Жеткіншек маникюр жасау ісімен мүмкіндігі шектеулі бауырының еміне көмектесу үшін айналыса бастаған болатын. Бұл жас шебер үшін кәсіпқойлар арасындағы алғашқы жеңіс емес. Оның Ресей, Португалия, Украина, Греция, Италия, Польша, Біріккен Араб Әмірліктері және Болгарияда өткен турнирлердегі жеңісі үшін алған, барлығы 12 дипломы бар.

2022 жылы Қазақстанда Student’s Book цифрлық құралы әзірленіп, пайдалануға берілді. Жобаның мақсаты – кәсіпорынның кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының келешегі зор студенттері арасынан кадрлық резерв қалыптастыру. Сондай-ақ жоба Қазақстанның дарынды жастарына IT бағытында тәжірибе жинақтауға және жас мамандарды қолдауға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар