23 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 23 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.


null
23 қыркүйек, ЖЕКСЕНБІ.

Сауд Арабиясының Мемлекеттік мейрамы - Корольдіктің жарияланған күні (1932)

Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы 30 сәуірде орнатылды.

Қырғызстанда мемлекеттік тіл күні

1989 жылы Қырғыз КСР-ның Жоғарғы кеңесі «Қырғыз КСР-ның мемлекеттік тілі туралы» Заңын бірауыздан қабылдап, оған мемлекеттік тіл дәрежесін берді.

Литвада Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күні

Еске алу күні 1943 жылы Вильнюстегі геттоның жойылуымен байланысты бекітілген.

Брунейде мұғалімдер күні

Брунейдің 28-ші сұлтаны Омар Әли Сайфутдин ІІІ-нің туған күнінің құрметіне бекітілді.

Аргентина әйелдерінің саяси құқықтары күні

Жыл сайын атап өтіледі. Бұл мерекенің атап өтілуі Аргентинаның 29-шы және 41-ші президенті Хуан Перонның зайыбы Эва Перонның қызметімен байланысты.

Орта мектепті аяқтай алмайтын балалардың құқықтарын қорғау күні

Бұл атаулы күн алғаш рет 2008 жылы AFEV ұйымының бастамасымен Францияда бекітілді.

Канадада ағаш мерекесі

Бұл мерекеге қатысты шаралар алғаш рет 2011 жылы өткізіліп, содан бері жыл сайын Канаданың бүкіл аумағында атап өтілуде. Бұл шаралар негізінен канадалықтарға ағаштардың қоршаған ортадағы рөлі туралы көбірек білуіне мүмкіндік береді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Колумбия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

1993 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары Орталық Азияда Экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойды.

1994 жылы Ақмола университетіне Сәкен Сейфуллин есімі берілді.

1994 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыбайлас жемқорлықпен, пара алу және басқа да мемлекеттік және басқару органдарындағы лауазымды тұлғалардың қылмыстық құқық бұзушылықтарына қарсы күрес бойынша арнайы республикалық комиссия құру туралы Жарлығы шықты.

1998 жылы Алматыда танымал композитор Әсет Бейсеуовке ескерткіш орнатылды.

2003 жылы Астанада І Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер съезі басталды. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.  

Съездің қатысушылары құрамының көрнекілігі мен жоғары деңгейі конфессияаралық форум өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жүзеге асуының даусыз табысына айналды. Діндер диалогы І Съездің тұжырымдамалық идеясы және дау-дамайды шешу тәсілі ретінде дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор әдістеріне қарсы қойылды. Съезге қатысушылар арасында бүгінгі әлемдегі діннің рөлі және кез келген діннің негізгі моральдық құндылықтарының жалпыадамзаттық сипаты жөнінде ашық пікірлесу өтті. 

Бірегей және есте қаларлық оқиғаға айналған форум бүкіл әлемдегі адамзат баласының бейбіт және лайықты өмірі үшін түрлі діндер өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірлігінің өзектілігін және аса қажеттігін көрсетіп берді. Съездің идеясын К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д'Эстен және әлемнің өзге де аса ықпалды саясаткерлері қолдады.  

Форум қорытындысы бойынша рухани көшбасшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негіздері ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өрлеуді қамтамасыз ету және барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы мәлімдеген декларация қабылдады.  Ауқымды шараның табысы І Съездің дінаралық форумды әр үш жылда бір реттен кем емес тұрақты негізде өткізіп тұру туралы  шешімінде бекітілді. 

2004 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Афиныда өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындары жүлдегерлерімен кездесіп, мемлекеттік наградалар табыс етті. Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев І дәрежелі «Барыс» орденімен, Олимпиаданың күміс жүлдегерлері - грек-рим күресінің палуаны Георгий Цурцумиа, боксшы Геннадий Головкин, еркін күрес палуаны Геннадий Лалиев, ауыр атлет Сергей Филимонов «Құрмет» орденімен, қола жүлдегерлер - жеңіл атлет-онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, грек-рим күресінің палуаны Мкхитар Манукян «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлерін дайындаған жаттықтырушылар - Н.Ақүрпеков, К.Ғалымтаев, Л.Дон, Ю.Мельниченко, Т.Сайханов және В.Карповқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарынан бір алтын, төрт күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Командалық есеп бойынша Қазақстан қырқыншы орынға табан тіреді.

2005 жылы Павлодардағы Тарас Шевченко атындағы Украина мәдениет серіктестігінде республикадағы бірінші украин-қазақ сөздігінің тұсаукесер рәсімі болды. Сөздік украина диаспорасының оқушыларына өз тілін және мемлекеттік тілді үйренуге көмек көрсетеді. Басылымның тиражы - үш мың дана.

2005 жылы Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешені ашылды. Қоладан құйылған Әлияның бейнесі гранит тұғырға орнатылған. Ескерткіштің екі жағындағы гранит бедерлерге сақ дәуірінен бастап қазіргі кезеңге дейінгі қазақ тарихы бейнеленген. Мемориал авторлары - белгілі мүсіншілер Бақытжан Әбішев пен Ескен Сергебаев.

2009 жылы Талдықорғанда Қабанбай батыр ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Жетісу жерінде тұрып жатқан батырдың ұрпақтары «Дарабоз» қоғамдық-мәдениет қорын құрып, бірнеше қайырымдылық акцияларын жасау нәтижесінде ескерткіштің құрылысына қаражат жинады. Ескерткіш қоладан құйылған, биіктігі - 11 метр. Мүсінші-архитектор - Болат Құсайынов, жобалаушы - Бердібек Шігербаев.

Қаракерей Қабанбай (1691-1769) - қазақ батыры, жоңғарларға қарсы азаттық соғыстың даңқты қаһармандарының бірі. Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының бірі болған.

2009 жылы Шығыс Қазақстанның Жарма ауданындағы Қалбатау ауылында Ер Жәнібек батырдың мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды. Кешен қолындағы найзасымен бейнеленген батырдың алты метрлік қола ескерткішінен тұрады. Оның екі жағында екі қасқыр тұрса, ал арқа жағында биіктігі 45 метрлік стелла бар. Ескерткіштен 30 метрдей жерде Ер Жәнібектің кесенесі орнатылған.

Ер Жәнібек, Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) - жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше көзге түскен батыр, шешен. Ол үш жүздің хандары Әбілмәмбет және Абылай (Әбілмансұр) кезінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда қазақ қолының сардарлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Уақ Өтеген және Орақбай, Малайсары қатарлы батырлармен тізе қоса отырып, «Құба Қалмақ» аталған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда күрескен қолбасы, әйгілі шешен, әділ би әрі сол кездегі тұтас Абақ Керейдің ел иесі болған.

2010 жылы Жезқазған аумағында бірқатар мектептерге Қазақстанның танымал қайраткерлерінің есімдері берілді. Жезқазған әкімдігінің шешімін XVI сессия кезінде қалалық мәслихат депутаттары мақұлдады. Жезқазғанның №1 орта мектебі енді Ахмет Байтұрсыновтың, № 4 мектеп - Бауыржан Момышұлының, № 9 мектеп - Мағжан Жұмабаевтың, № 10 мектеп - Міржақып Дулатовтың, № 13 - Дінмұхамед Қонаевтың, № 21 - Мұстафа Шоқайдың, ал № 26 гимназия - Шоқан Уәлихановтың есімін алды. Кеңгір ауылының № 2 орта мектебіне Мұхтар Әуезовтің, ал Талап ауылындағы № 6 мектепке - Қайрат Рысқұлбековтің есімі берілді.

2010 жылы Қазақстан аумағында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған пошта маркасы айналымға шығарылды.

2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында алғаш рет тарихи-мәдени ескерткіштердің Мемлекеттік тізімі бекітілді.

2011 жылы Алматыда ТМД экономикалық кеңесінің 51-отырысы, ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің 55-отырысы және Кедендік одақ комиссиясы 31-отырысының қатысушылары ЕурАзЭҚ пен Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің өзара ықпалдастығының маңызды мәселелері мен болашағын талқылады.

2012 жылы Майнинген қаласының (Германия) мемлекеттік театрында «Абай» операсының неміс тіліндегі премьерасы өтті.

2013 жылы Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің 10 жылдығының құрметіне «Дінтұтқа» кітабының тұсаукесері болып өтті.

2013 жылы Ресей жазушысы Геннадий Васильев «Бөкей хан» тарихи романын жазып аяқтады.

2013 жылы Павлодар облысының Баянауыл аудан орталығында Қазақстан Республикасының тұңғыш академигі, Геология ғылымдары институтының және Мұса мырза мешітінің негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы мемориалдық мұражай ашылды.

2014 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Жаныңда жүр жақсы адам» деректі фильмдер циклының жаңа маусымы басталды. 

2016 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында көптеген әлеуметтік, ауыл шаруашылық және өндіріс нысандарын аралады.

2016 жылы Мемлекет басшысы Қостанайда аймақтағы ірі кәсіпорындар шығарған электромобильдердің үлгілерімен танысып, көлік құралының жайлылығына оң бағасын берді. Электр тогымен жүретін машиналар «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қойылған болатын.

1846 жылы Берлин обсерваториясының астрономы Иоганн Готтфрид Галле Урбен Леверьенің нұсқауларын басшылыққа алып, Нептунды анықтады.

1986 жылы Американың астрофизигі мен диссиденті Чарльз Хайдер Вашингтондағы Ақ үйдің қасында аштық жариялады. Ол Рональд Рейганның әкімшілігінен қарулану жарысын тоқтатып, ядролық қарудан бас тартуды талап еткен. Доктор Хайдер 218 күн тамақтан бас тартқан.

1991 жылы Қытайда ең көне музыкалық аспап - 9 000 жыл бұрынғы флейтаның табылғаны туралы жарияланды.

2008 жылы Google-дің Android мобильді операциялық жүйесінің бірінші нұсқасы ресми түрде шықты. Аталған платформамен жұмыс істеген бірінші құрылғы HTC Dream смартфоны болды.

Соңғы жаңалықтар