23 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2015 жылғы 23 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.

23 қараша. ДҮЙСЕНБІ

Қазақстан Жол полициясының құрылған күні. Дәл осы күні Қазақстанның Мемлекеттік автоинспекция туралы бірінші ережесі ҚР Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы қарашаның 23-індегі Қаулысымен бекітілген. Ал 1996 жылы қаңтардың 3-інде Мемлекеттік автоинспекцияның атауы Жол полициясы болып ауыстырылып, олардың қызметтеріндегі басымдықтар да өзгертілді. Қазіргі жол полицейлерінің бірінші кезектегі міндеті - қоғамдық тәртіпті қорғау, қылмыспен күрес, азаматтарды жолдардағы қылмыстық әрекеттерден қорғау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі жол инспекторлары тек жол қозғалысы ережесін ғана емес, заңнамаларды, психология негіздерін, заманауи техникаларды және тағы да басқа көптеген жәйттерді егжей-тегжейлі білуге міндетті.

Жапонияда еңбекке алғыс күні. Мейрам 1948 жылы бекітілген, ал тарихи негізде бұл күн «Жаңа өнім мейрамы» деп аталған және ауыл шаруашылығы жұмыстары аяқталуының мерекесі ретінде бекіген.

Литва әскерлерінің күні. 1918 жылғы 23 қарашада Литва Үкіметінің Жарлығымен бекітілген.

Аргентинада ұлттық егемендік күні. Жыл сайын қараша айының төртінші дүйсенбісінде атап өтіледі. Бұл мемлекеттік мереке 1845 жылы 20 қарашада болған Вуэльта де Облигадо тұсындағы шайқастың құрметіне белгіленген. Онда аргентиналық әскер Аргентина Конфедерациясының еркінен тыс Парана өзенінен өтпек болған ағылшын-француз флотына қарсы шыққан.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

23 жыл бұрын (1992) Алматыдағы Кеңсай зиратында қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің бейіті басына ескерткіш орнатылды.

20 жыл бұрын (1995) Астана Мемлекеттік мұрағатының негізі қаланды.

Астана мемлекеттік мұрағатының қызметі мұрағат және құжаттар басқармасынан, сонымен қатар «Алматы» және «Сарыарқа» аудандарының мұрағаттарынан тұрады. Егер 2001 жылы елордалық мемлекеттік мұрағатта 23649 құжат сақталса, қазіргі уақытта 234803 бірлік есептеліп отыр. Сонымен қатар қорлардың да саны - қырықтан бес жүз жиырма үшке дейін жетті.

Ереже бойынша аудандық маңызы бар мекемелер бес жыл сайын құжаттарды тапсыру керек, ал қалалық маңызы бар мекемелер - он жыл сайын.

Астананың Мемлекеттік мұрағаты Ресейдің, Башқұртстанның мұрағаттарымен өзара әрекеттеседі. Мұрағатта - қазақтың тарихи қайраткері Мұстафа Шоқайдың хаттары сақтаулы. Мемлекеттік мұрағатта 1915 жылы жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ тілі» кітабы сақталып тұр.

Мұрағат қызметкерлері жарты жылда бір рет мұрағат жаршысын шығарады. Астананың он жылдығына бірнеше көркем жинақтар шығарылды. Мұрағат қызметкерлері қызықты әдебиет шығарады, және жетекші тарихшы-ғалымдармен қызметтеседі. Елордалық мемлекеттік мұрағатта №430-шы қор құрылған, онда Омбы, Новосібір, Екатеринбор, Уфа және Қазан қалаларынан табылған үш жүздей құжат сақталады.

1 5 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданы Мағжан Жұмабаев атындағы аудан болып өзгерді.

1 1 жыл бұрын (2004) Бернде Қазақстан Республикасының Елшісі Швейцария Конфедерациясының Президентіне сенім грамоталарын тапсырған.

1 1 жыл бұрын (2004) 23 қарашадан 5 желтоқсанға дейін Алматыда «Балалар үйіне - бейбітшілік» жалпықалалық әлеуметтік шара өтті. Ұйымдастырушы - әйелдерге арналған «Кенгуру» журналының редакциясы. Шара мақсаты - өмір жағдайларына байланысты отбасынан айырылғандарға көмек көрсету.

1 1 жыл бұрын (2004) Алматыда ТМД-ның 12 елдерінің және ҚХР-дың Бас прокурорлары қатысуымен «Прокуратура органдарының қазіргі кезеңдегі құқыққорғаушылық міндеті» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстан тарапын ҚР Бас прокуроры қатысты.

10 жыл бұрын (2005) белгілі ақын және қоғам қайраткері, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Олжас Сүлейменовке Татарстанның «Ш.Маржани атындағы Тарих институтының құрметті докторы» атағы берілді.

10 жыл бұрын (2005) негізгі бетіне киіз үй бейнеленген сыбырлардың (сібір татарлары) алғашқы сайты ашылды. Редакторы - Бөріхан (Пурехан) Сібір. «Сібір татары» этнонимі Сібірдің жергілікті халқын Көшім хан жаулап алған тұста жасанды түрде телінген. Сібір татарлары Түмен, Омбы, Новосібір, Омск облыстарының аборигендері саналады. Бөріхан Рашитұлы Сібір біраз жыл бұрын Равиль Рашитович Лукманов болған. Кейін өз халқының тарихын оқығаннан кейін жаңа есім (Бөріхан - түркілердің төтемдік символы «бөрі» сөзінен алынған) алып, төлқұжатын өзгерткен.

10 жыл бұрын (2005) Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Заң орта және шағын бизнесті, бәсекеге қабілетті экспорттауға бағдарланған өндірісті, жеке тұлғалар мен шағын бизнес субъектілерінің мүлігін ресмилендіру процесін жандандыру мақсатында салық заңнамасын жетілдіруге бағытталған.

8 жыл бұрын (2007) Павлодарда бұрыннан шығып келе жатқан қоғамдық-саяси газеттердің қатарын екі жаңа апталық басылым толықтырды. Қазақ тіліндегі «Шаһар» және орысша шығатын «Наша жизнь» газеттерінің алғашқы сандары жарық көрді.

Мемлекеттік тілде шығатын апталықты Павлодар әкімінің қолдауымен облыстық «Сарыарқа самалы» газеті шығаруда. Оның басым бағыттары - мемлекеттік тіл саясаты, қазақ тілінің дамуына жәрдемдесу, жас таланттарды қолдау.

8 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Венгрия Республикасының жоғарғы мемлекеттік наградасы «Алқалы үлкен крестпен» марапатталды. Елбасыға орденді Будапештте Венгрияның Президенті Ласло Шойом салтанатты жағдайда табыс етті.

Н.Назарбаевқа аталған орден Қазақстан Республикасы мен Венгрия Республикасы арасындағы достық байланыстардың қалыптасып, даму ісіне қосқан зор үлесі үшін беріліп отыр. Венгрияның «Алқалы үлкен крест» орденімен мемлекет басшылары да марапаттала алады. Мемлекеттік наградалар туралы заңға сәйкес, Венгрияның Президенті лауазымы бойынша аталған орденнің кавалері болып табылады.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Президенті Венгрия Басшысын екі елдің достық байланыстарын дамытуға қосқан елеулі үлкен үлесі үшін біздің еліміздің бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

8 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Венгрия Республикасына мемлекеттік сапары кезінде Будапештте бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Венгрия Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Венгрия Республикасы Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

8 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевқа «Венгрия қыпшақтары одағының» Құрметті көсемі атағы берілді. Бұл диплом Будапештте Елбасының Венгрияға мемлекеттік сапары кезінде тапсырылды.

Бүгінде Венгрияда қазіргі Қазақстанның аумағынан шамамен 750 жыл бұрын көшкен қыпшақтардың 100 мыңға жуық ұрпағы тұрады.

6 жыл бұрын (2009) КСРО және Қазақ КСР-нің халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға Шығыс Қазақстанның Ққрметті азаматы атағы берілді.

Сол күні КСРО және Қазақ КСР-нің халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенованың туған жері Семейде мерейтойлық концерт өтті.

5 жыл бұрын (2010) Қазақстанда жыл сайынғы алғашқы «Самғау» қоғамдық сыйлығы бекітілді, ол мәдениет, спорт, білім, қоғамдық қызмет саласында қол жеткізген жетістіктері үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін болды.

5 жыл бұрын (2010) Алматыда 1980-1990 жылдардағы КазТАГ-ТАСС фоторепортері Мұрат Мамытбековтың екі кітабы таныстырылды. Олар «Арал - наследие СССР» және «Спорт в Казахстане» деректі фотоальбомдары қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шыққан.

5 жыл бұрын (2010) ҚР Сыртқы істер министрлігінде ЕҚЫҰ саммитінің құрметіне орай үш көркем маркадан тұратын пошталық блокты салтанатты таныстыру өтті. Блокта Ақорда, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Қазақстан туы аясындағы «Қазақ елі» бейнеленген. Авторы - Данияр Мұхамеджанов.

5 жыл бұрын (2010) Брюссель қаласында «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» шағын комитетінің 12-ші отырысы өтті. Оның барысында Қазақстан мен ЕО арасындағы екіжақты сауда-саттық мәселелері талқыланды.

5 жыл бұрын (2010) қазақстандық ғалымдар Алматы апорты сорты алма ағашының алғашқы микроклондарын алды. Олар Алатау етегінде теңіз деңгейінен 1000-1200 метр биіктікте өсіріледі.

5 жыл бұрын (2010) Астанада ЕҚЫҰ орталығы ҚР СІМ бірлесіп Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құжаттар жинағын қазақ және орыс тілдерінде шығарды.

5 жыл бұрын (2010) Алматыда қазақ жазушысы, кинодраматург Дидар Амантайдың «Қарқаралы басында» кітабының тұсаукесері өтті. Жинаққа «Гүлдер мен кітаптар» романы, «Мен сізді сағынып жүрмін» повесі, «Post Scriptum» әңгімелер жинағы енген.

4 жыл бұрын (2011) байқау қортындысы бойынша 15 ең үздік еңбек «20 жыл тәуелсіздік жастардың көзімен» жинағына енді. Оның тұсаукесері Алматыда өтті.

4 жыл бұрын (2011) Алматыда Қазақстан мен Үндістан арасындағы тарихи қарым-қатынастарға арналған Радха Райнаның «Echoes of a Distant Past: India and Kazakhstan» атты кітабы жарыққа шықты.

4 жыл бұрын (2011) Алматыда белгілі қазақстандық режиссер Абдолла Қарсақбаевтың мұражайы салтанатты түрде ашылды.

4 жыл бұрын (2011) Алматыда шығыстанушы А.Момыновтың «Родословное древо Мухтара Ауэзова» кітабының тұсауы кесілді.

3 жыл бұрын (2012) Қазақстанда Яндекс.Деньги арқылы ұялы телефон, телевидение және ғаламтор үшін төлем төлеу мүмкіндігі пайда болды.

2 жыл бұрын (2013) ҚР төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Ақмола облысындағы Жолымбет кенішіндегі Орталық шахтасында тау жыныстарының қопарылуы кезінде жұмыс істеген құтқарушыларды марапаттады.

1 жыл бұрын (2014) Мәскеуде білім алып жұрген қазақстандық студенттер «Он ғасыр жырлайды» атты қазақ тілі және поэзия кешін өткізді.

163 жыл бұрын (1852) Англияда алғашқы пошта жәшіктері енгізілді.

92 жыл бұрын (1923) Якоб Шик алғашқы электр ұстарасын патенттеді.

61 жыл бұрын (1954) «Дженерал моторс» өзінің 50-миллионыншы автомобилін шығарды ол - алтын жалатылған екі орындық спорттық «Шевроле».

Е СІМДЕР

100 жыл бұрын (1915-1967) тарих ғылымдарының докторы, профессор МАЛЫБАЕВ Өміржан дүниеге келді.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алматы кеңес құрылысы институтын бітірген.

1937-1940 жылдары - КОКП орталық комитеті жанындағы марксизм- ленинизм институты Қазақ бөлімшесінің ғылыми қызметкері. 1940-1941 жылдары - Қазақ КСР үкіметі жанындағы КСРО Сыртқы істер халықтық комитеті өкілінің орынбасары. 1946-1967 жылдары - КОКП Орталық Комитеті жанындағы марксизм- ленинизм институты Қазақ бөлімшесінің аға ғылыми қызметкері, Қарағанды тау-кен институтының оқытушысы, кафедра меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, Қазақ политехникалық институты кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты - КОКП-ның Қазақстандағы көмір өндірісін дамыту мәселелеріне арналған. «Борьба КПСС за создание и развитие третьей угольной базы СССР» атты еңбегі жарық көрген.

Қызыл Жұлдыз, 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған.

76 жыл бұрын (1939-2012) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Инженерлер академиясының, Қазақстан Республикасы Инженерлер академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Тараз қаласы мен Бәйдібек ауданының құрметті азаматы ҮРКІМБАЕВ Марс Фазылұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ химия-технология институтын, Мәскеу Жоғары техникалық училищесінің аспирантурасын бітірген.

1962-1973 жылдары Казақ химия-технология институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан, 1973-1992 жылдары - Жамбыл гидромелиоративтік-кұрылыс институтының ректоры. 1990-1992 жылдары - «Тараз» аймақтық сыртқы-экономикалық ассоциациясының бас директоры - Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1992-1994 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Ғылым Академиясының Оңтүстік Қазақстан бөлімшесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының экономика министрі. 1994-2002 жылдары - Халықаралық «Интеграция - Оңтүстік» қорының президенті, Қазақстан өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті, Қазақстан Республикасының жұмыс берушілер конфедерациясы басқармасының төрағасы, «Қазфосфат» компаниясының құрметті төрағасы. 2002 жылдың ақпан айынан «Каспий Банкі» ААҚ директорлар кеңесінің мүшесі болды.

Машина жасау саласындағы жетекші ғалым, көрнекті қоғам қайраткері. Ол машина тетігінің беріктігін арттыру жолдарының бірқатар жаңа бағыттарын қалыптастырды және дамытты. 400-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. 6 авторлық куәліктің иегері.

«Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту, «Алтын барыс», «Құрмет» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Берлин, Калифорния, Лондон, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстандағы университетерінің құрметті профессоры.

6 1 жыл бұрын (1954-1995) белгілі спортшы, таэквондодан қара белбеу 6-шы дан иегері, Қазақстан Республикасы таэквондо федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы МҰСТАФА Өзтүрік дүниеге келді.

Стамбұлдағы орта мектепті бітіріп, Тайвандағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітірген. Осы елде жүріп корейдің көне спорт өнері таэквондоны үйренді. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Алматыға келіп, таэквондо мектебін ашты.

2000 жылы Алматы қаласында Өзтүрік Мұстафа атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы Өзтүрік Мұстафаның 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданының Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды.

6 1 жыл бұрын (1954) кинорежиссер, кинодраматург, Казақстанньң халық әртісі, Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығының иегері ТЕМЕНОВ Талғат Досымғалиұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған.

Алматы мемлекеттік консерваториясының театр бөлімін, Мәскеудегі бұрынғы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы жоғары режиссерлер мен сценарийшілер курсын бітірген. Талдықорған облыстық драма театры труппасының актері, «Қазақфильм» студиясында режиссердің көмекшісі әрі сценарийші, кинорежиссері, қоюшы кинорежиссері, «Мосфильм» студиясының кинорежиссері қызметтерін атқарған. 1994-2000 жылдары - Алматы мемлекеттік театр және кино институтының (Қазақ ұлттық өнер академиясы) ректоры. 2000-2004 жылдары - «Қазақфильм» кинокомпаниясының көркемдік жетекшісі. 2004 жылдан Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының директоры.

Алғаш қойған «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты толық метражды көркем фильмі Майндағы Франкфурт қаласында өткен 15-Халыкаралық кинофестивальдың Гран-при, Италияда «Күміс аю» жүлдесіне және Португалияда өткен Халықаралық кинофестивалінің арнайы жүлдесіне ие болды. Оның өзі жазған сценарийі бойынша қойған көркем фильмдері қатарында «Шаңырақ», «Қайдасың сен, Чапай?», «Торо», «Адамдар арасыңдағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті». «Алма бағы», «Көгілдір такси» (С.Сматаевпен бірігіп) пьесалар жазған. Тарихи тақырыпқа қойылған «Көшпенділер» фильміне режиссер ретінде қатысқан. «Қайырлы таң» және «Гүлназ», «Ой жасын» атты повестер мен әңгімелер жинағының авторы.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

5 7 жыл бұрын (1958) «DATÜB» Бүкіләлемдік түрік-ахыска қауымдастығының төрағасы, «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің мүшесі КАСАНОВ Зиятдин Исмиханұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. 1981-1995 жылдары - ҚазКСР мелиорация және су шаруашылығы министрлігі жүйесінедм әртүрлі қызметтер атқарды.

1992 жылдан шетелдік капиталды тарта отырып, бірқатар ірі кәсіпорындар құрды. Өткен кезеңде ол «Kassanov Investment Group брендімен әртүрлі салада 70-тен астам серпінді дамып отырған кәсіпорындарды біріктірді.

1999 жылдан «Ахыска» түрік этномәдени орталығы басқарма президенті.

«Құрмет» (2004г.) орденімен, в 2005 жылы Еуропалық жаратылыстану ғылымы академиясының «алтын қыран» орденімен марапатталды, оған Еуропалық «Күн адамы» университетінің құрметті атағы берілген, 2006 жылы Түркияның «Түркі әлемінде халықаралық байланысты дамытуға, нығайтуға және сақтауға қосқан үлесі үшін сыйлығы берілді.

211 жыл бұрын (1804-1869) АҚШ-тың 1853-1857 жылдардағы 14-ші президенті Франклин ПИРС дүниеге келді.

140 жыл бұрын (1875-1933) орыс кеңес жазушысы, өнертанушы, халық ағарту комиссары ЛУНАЧАРСКИЙ Анатолий Васильевич дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар