23 халықаралық жүлде мен «Таурус» сыйлығы: Отандық кинематография жылды қалай қорытындылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылы «Қазақфильм» киностудиясының 25 кинотуындысы 51 халықаралық кинофестивальге қатысып, 23 жүлделі орынға ие болды. Одан бөлек каскадер Жайдарбек Күнғожиновтың әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығын иеленуі де отандық кинематографияны тағы бір белеске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

««Қазақфильм» фестиваль кинохиттері осы жылы 12-16 ақпанда Алматы қаласындағы «Арман» кинотеатрымен және Қазақстан киносыншылары қауымдастығымен бірлесіп, халықаралық кинофестивальдердің жүлдегерлері атанған «Шыңырау», «Қыз бен теңіз», «Тұлғалық өсу тренингі», «Өзен» кинокартинасы көрсетілді. Осы жылы «Қазақфильм» киностудиясының 25 кинотуындысы 51 халықаралық кинофестивальге қатысып, 23 жүлделі орынға ие болды», - деп жауап берді Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына.

Министрлік келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстан кинематографистері және Қазақфильм кинотуындылары «Сыншылар таңдауы 2020» жылдық қазақстандық кинопремияға ұсынылып 5 номинация бойынша жүлделі орындарға қол жеткізген. Сонымен қатар «Композитор» көркем фильмі Канадада өтетін халықаралық кинофестивалде 4 жүлделі орынды («Үздік картина», «Үздік режиссура», «Үздік әйел рөлі» Аружан Жазылбекова, «Үздік ер адам рөлі», Берік Айтжанов) иеленген.

Биыл сонымен бірге Фархат Шәріповтың «18 килогерц» картинасы Варшава халықаралық кинофестивалінің Гран-при сыйлығына ие болды. Режиссер Ернар Нұрғалиев түсірген «Жаным, ты не поверишь!» комедиясы Ресейдің «Киношок» фестивалінің бас жүлдесін қанжығасына байлады. Тағы бұл картина Буэнос-Айрестегі ең көне жанрлық кино фестивальге қатысады.

Қазақстан мен Оңтүстік Корея кинематографистері бірлесе түсірілген Руслан Пактың «Три» фильмі Азиядағы ең ірі Пусан кинофестивалінде жүлделі болды.

«Тамыз айында Локарнодағы халықаралық кинофестивальде қазақстандық режиссер Жанат Алшанованың «История цивилизации» фильмі «Күміс қабылан» сыйлығын иеленді. Бұдан басқа «Қыз бен теңіз» және «Шыңырау» фильмі Софиядағы халықаралық кинофестиваль бағдарламасына қатысады. «Қыз бен теңіз» картинасы Бангладештегі халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурсына өткен. Ал режиссер Елена Лисасинаның «Батыр» фильмі Лондон кинофестивалінде марапатқа ие болды. Осы орайда, Әділхан Ержановтың жұмысын жеке атап өтуге болады. Биыл режиссердің «Желтая кошка» фильмі беделді Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» бағдарламасына қатысып, «Мәскеулік тұсаукесер» халықаралық кинофестивалінде жүлдеге ие болды. Сол кинофестивальге қатысқан тағы бір режиссер Рамазан Халиолланың «Домбыра» фильмі әділ қазылар алқасының арнайы сыйлығымен марапатталған», - делінген жауапта.

Осы жылдың ең үлкен оқиғасы – NomadStunts каскадерлік командасының негізін қалаушы әрі жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновқа әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығының табысталуы. Бұл сыйлық фильмдегі үздік трюктер үшін беріледі. Осы жылы әділ қазылар біздің каскадерлердің «Томирис» фильміндегі еңбегіне жоғары баға берді.

«Жаңа түсірілген киножобалардың шығу мерзімін карантинге байланысты жоспарланған уақыттан кейінге шегеруге мәжбүр болдық», - дейді министрліктен.


Соңғы жаңалықтар