22 наурыздан мемлекеттік сатып алу жаңа өлшемшарттармен жүргізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Қаржы министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік органдар құрылыс нарығын монополиясыздандыру және оны бәсекеге қабілетті дамыту жөнінде шараларды қабылдау бойынша жұмыстар жүргізуде. Қаржы министрлігінің құзыреті аясында тиісті жұмыс атқарылуда», - деп атап өтеді миинстрліктен.

Ведомствоның мәліметінше, осы жылдың 1 наурызында №225 бұйрықпен Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.

«Енді шартты жеңілдіктерді есептеу кезінде аумақтық белгі және теріс мәндер түріндегі конкурстық баға ұсынысына әсер ететін қосымша өлшемшарттар ескерілетін болады. Осылайша, жұмыстарды орындау аумағында тіркелген өнім берушіге 1 пайыз мөлшерінде шартты жеңілдік берілетін болады», - деп түсіндіреді Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Мұрат Әділханов.

Оның атап өтуінше, аумақтық белгі техникалық-экономикалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және ведомстводан тыс кешенді сараптама жөніндегі жұмыстарды қоспағанда, құрылыспен байланысты емес жұмыстар және құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 400 мың АЕК-ке дейінгі мемлекеттік сатып алуға қолданылатын болады.

«Бұл өлшемшарт шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға, сондай-ақ тиісті өңірде салық түсімдерін ұлғайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, орындауында ағымдағы қаржы жылында жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарты бар әлеуетті өнім берушіден әрбір шарт үшін жалпы шартты жеңілдіктің 0,1 пайызы алынатын болады»,- деді Мұрат Әділханов.

Оның сөзінше, теріс мәндер құрылыс-монтаждау жұмыстарына, ведомстводан тыс кешенді сараптама, ТЭН, ЖСҚ әзірлеу жөніндегі жұмыстарына және инжинирингтік қызметтерге қолданылады.

«Бұл мемлекеттік сатып алу көлемін біркелкі және әділ бөлуге, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің дамуына мүмкіндік бермей, барлық мемлекеттік сатып алуға қатысатын жекелеген ірі компаниялардың бүгінгі таңда қалыптасқан монополиялық жағдайын төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы, бұл жаңашылдықтар құрылыс нарығын монополиясыздандыруға және бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді. Жаңа өлшемшарттар бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін, яғни осы жылдың 22 наурызынан бастап жарияланған мемлекеттік сатып алуларға қолданылады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар