22 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 22 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

Наурыз мейрамы

Көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша наурыз ай аты емес, тек бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдылықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Қазақстанда кеңес заманында талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы Қазақстанда 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. Қазақстанда Наурыз мейрамы - Мемлекеттік мейрам. 2009 жылдан бастап 3 күн демалыс беріліп, атап өтіледі. Бейресми түрде өңірлерде Наурыз бір ай бойына тойлана береді.

Бүкіләлемдік су қорлары күні

1992 жылғы маусымның 3-4-і аралығында Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау және дамыту жөніндегі конференцияда 22-ші наурыз - Бүкіләлемдік су қорлары күні деп жарияланды.

Халықаралық такси жүргізушісі күні

1907 жылы осы күні Лондон көшелерінде арнайы есептеуіштермен жабдықталған алғашқы автомобильдер пайда болды. Лондон арбакештері оны таксиметр деп атады. Содан бастап жеке қалалық көлікті такси, ал арбакештерді - таксист деп атай бастады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1990 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президиумының отырысында республикада Қазақ ССР-інің «Қазақ ССР-дегі тілдер туралы» Заңын қолданысқа енгізуге дайындық жұмыстарының барысы талқыланды.

1990 жылы Алматыда «Ана тілі» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді. «Ана тілі» – Мемлекеттік тілдің бірден-бір жоқшысы, үні айбары. Республикадағы тіл тақырыбында шығатын ресми жалғыз басылым. «Ана тілі» тек Мемлекеттік тіл ғана емес, ұлтқа қатысты кез келген күрмеулі мәселелерді көтеріп келеді. Қазақтың тілі, қазақтың ауылы, қазақ мектебі, балабақшасы, қазақ жастары, қазақ ғылымы, т.б. көптеген тақырыптар басылым беттерінен түсіп көрген емес. Таралымы: Ұлт мүддесін бірінші орынға қоятын газеттің 90-жылдардағы таралымы 100 мыңнан асып жығылды. Бүгінгі таңда газеттің 26 000-дай оқырманы бар, төрт түрлі түспен, 12 бет А2 форматпен басылуда. Алғашқы редакторы 1990-97 жылдар аралығында белгілі қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы болды.

1991 жылы республикалық «Жас қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Еліміздің саяси, әлеуметтік және рухани өміріндегі өзекті мәселелерді қозғаған газет төрт жыл бойы шығып тұрды. 2001 жылғы тамыздың 11-де «Жас қазақтың» жалғасы ретінде «Жас қазақ үні» газеті жарық көре бастады.

1993 жылы Павлодарда «Ватан» Әзербайжан ұлттық-мәдени орталығы құрылды.

1995 жылы «Азық-түлік корпорациясы» мемлекеттік компаниясы құрылды. Компанияның басты мақсаты болып еліміздің стратегиялық астық қорын сақтау, мемлекеттік астық қорына жауапкершілікпен қарау, ішкі астық нарығын және астық экспортын тұрақтандыру табылады.

1995 жылы «Қазпошта» Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл болып есептелетін «Наурыз» мейрамына арналған пошталық маркалар шығарды.

2005 жылы Астанада Ислам мәдени орталығының ашылу рәсімі болып өтті. Оған сонымен қатар Катар мемлекетінен келген арнайы өкілі Мұхаммед әл-Имади қатысты.

2008 жылы Ыстанбұлда Қазақстанның Мәдениет үйі мен қазақ тілін үйрену орталығы ашылды. Ыстанбұлда тұратын қазақ диаспорасының өкілдері мен Түркия Республикасының ниет білдіруші азаматтары осы орталықта қазақ тілін үйренуде. Түркиядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің бастамасы мен өтінішіне орай Ыстамбұл қаласының муниципалитеті Топқапы бағында Қазақстанның Мәдениет үйі мен қазақ тілін үйрену орталығына арнайы ғимарат ұсынды.

2013 жылы Хорватияның астанасы Загребтің беделді ауданында Хорватия Президентінің Кеңсесімен, Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінің елшіліктері мен резиденцияларымен көршілес орналасқан Қазақстан елшілігінің жаңа кеңсесі ашылды.

2018 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) хатшылығы Наурыз халықаралық мерекесіне арналған салтанатты қабылдау өткізді. Шараға 400-ден астам адам қатысты.

2022 жылы Жапонияда «дөңгелек стөл» аясында Хоккайдо университетінің профессоры, Қазақстан тарихын зерттеген, XX ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясы тарихына маманданған танымал зерттеуші Томохико Уямаға ІІ дәрежелі «Достық» ордені табысталды.

Профессор бұл марапатты барлық зерттеу корпусы мен қазақстандық әріптестеріне арнайтынын атап өтіп, қазақ тілінде алғыс айтып, тілегін білдірді.


Соңғы жаңалықтар