Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 13 °С
Алматы: 35 °С
USD 346.68 EUR 404.02
RUB 5.47 CNY 51.15
Жаңалықтар

22 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

2018 жылғы 22 наурыз 06:30 1640
Бөлісіңіз:
22 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 22 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
23 шілде: Туған күн иелері 22 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

22 НАУРЫЗ, БЕЙСЕНБІ 

Наурыз мейрамы
Көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша наурыз ай аты емес, тек бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдылықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Қазақстанда кеңес заманында талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы Қазақстанда 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. Қазақстанда Наурыз мейрамы - Мемлекеттік мейрам. 2009 жылдан бастап 3 күн бойы атап өтіледі.

Бүкіләлемдік су қорлары күні
1992 жылғы маусымның 3-4-і аралығында Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау және дамыту жөніндегі конференцияда 22-ші наурыз - Бүкіләлемдік су қорлары күні деп жарияланды. 

Балтық теңізі күні
1974 жылы Финляндияның Хельсинки қаласында Балтық теңізі ауданындағы теңіз қоршаған ортасын қорғау жөніндегі Конвенцияға қол қойылды.

Халықаралық такси жүргізушісі күні
1907 жылы осы күні Лондон көшелерінде арнайы есептеуіштермен жабдықталған алғашқы автомобильдер пайда болды. Лондон арбакештері оны таксиметр деп атады. Содан бастап жеке қалалық көлікті такси, ал арбакештерді - таксист деп атай бастады.

Пуэрто-Рикода құлдық жойылған күн

Пуэрто-Рикодағы эмансипация Африкадан шыққан құлдарды азат етуге және құлдықты жоюға арналған. Алғашқы африкалық құлдар 1560 жылы Пуэрто-Рико аралында пайда болды. 1866 жылы пуэрторикалықтар парламентке құлдықты жою туралы петициялар жібере бастады. Тек 1873 жылы 22 наурызда Пуэрто-Рикода құлдық жойылды. Ол кезде арал Испания отары болған еді.

Синт-Мартенде ұлттық ағаш күні (Ағаш отырғызу күні)
Синт-Мартен үкіметі 2008 жылы ресми түрде бекітті. Жыл сайынғы ағаш отырғызу рәсімі өсімдіктің сан түрлілігін және жергілікті жануарлардың тіршілік мекенін сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, тропикалық аралдардың басты мәселесіне айналған топырақ эрозиясының да алдын алады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен өткен Жоғарғы Кеңес Президиумының отырысында республикада Қазақ КСР-інің «Қазақ КСР-індегі тілдер туралы» Заңын қолданысқа енгізуге дайындық жұмыстарының барысы талқыланды.

1990 жылы Алматыда «Ана тілі» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді.

1991 жылы республикалық «Жас қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Еліміздің саяси, әлеуметтік және рухани өміріндегі өзекті мәселелерді қозғаған газет төрт жыл бойы шығып тұрды. 2001 жылғы тамыздың 11-де «Жас қазақтың» жалғасы ретінде «Жас қазақ үні» газеті жарық көре бастады.

1993 жылы Павлодарда «Ватан» Әзербайжан ұлттық-мәдени орталығы құрылды.

1995 жылы «Азық-түлік корпорациясы» мемлекеттік компаниясы құрылды. Компанияның басты мақсаты болып еліміздің стратегиялық астық қорын сақтау, мемлекеттік астық қорына жауапкершілікпен қарау, ішкі астық нарығын және астық экспортын тұрақтандыру табылады.

1995 жылы «Қазпошта» Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл болып есептелетін «Наурыз» мейрамына арналған пошталық маркалар шығарды. 

1997 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Ұлыбританияға ресми сапары барысында Букингем сарайына барды және Елизавета II патшайыммен кездесті.

2000 жылы «Ана тiлi» танымал апталық газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді.

2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының Жаңажол ауылындағы орта мектепке ақын Қасым Аманжоловтың есімі берілді.

2001 жылы қазақстандық «Ұлытау» тобы алғаш рет өз өнерлерін ортаға салды. 2005 жылы топ «Жұмыр қылыш» атты 10 композициядан тұратын жеке альбомын жарыққа шығарды. «Ұлытау» тобының продюсері - әнші Қыдырәлі Болманов.

2005 жылы Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ислам мәдени орталығының ашылу рәсімі болып өтті. Оған сонымен қатар Катар мемлекетінен келген арнайы өкілі Мұхаммед әл-Имади қатысты.
2006 жылы Отырар мемлекеттік мұражай-қорығы тарихи ескерткіштерінің электрондық тізбесі жасалды. Жобаны ұйымдастырушы - Ә.Марғұлан атындағы Археология институты. Қорықтың картасын жасау үшін ғарыштан жерсерік арқылы түсірілген суреттер, сонымен қатар стереофотографиялар пайдаланылған. Мұндай нысанның толық сипаттамасы Қазақстанда алғаш рет жасалған. Болашақта ғалымдар осындай тізбесіне «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығына, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстанның басқа мұражайлары мен тарихи-мәдени ескерткіштеріне жасауды қолға алмақ.

2008 жылы Ыстанбұлда Қазақстанның Мәдениет үйі мен қазақ тілін үйрену орталығы ашылды. Ыстамбұлда тұратын қазақ диаспорасының өкілдері мен Түркия Республикасының ниет білдіруші азаматтары осы орталықта қазақ тілін үйренуде. Түркиядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің бастамасы мен өтінішіне орай Ыстамбұл қаласының муниципалитеті Топқапы бағында Қазақстанның Мәдениет үйі мен қазақ тілін үйрену орталығына арнайы ғимарат ұсынды.

2009 жылы Молдабек Жанболатовтың көктем мейрамы тарихынан сын шертетін «Наурызнама» деп аталатын жаңа кітабы жарық көрді. Бұл Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы алғашқы халық театрын және «Қаламқас» ансамблін жаңғыртушы ардагер-ұстаздың, қоғам қайраткерінің ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. Наурыз мейрамының шынайы дәстүрін, ғылыми-тарихи және фольклорлық тұрғыдан зерттеуге байырғы ұстаз өзінің 20 жыл уақытын сарп етті. Жаңа кітапты жазу үстінде ол «Авеста» ежелгі ирандық ескерткішінде, фольклорлық аңыздар мен түркі тілдеріндегі энциклопедияларда Наурыз туралы айтылған нақтылы мәліметтерді тапқан. Молдабек Жанболатов өзінің «Наурызнама» деген кітабында оқырмандарға Наурыз мейрамы тек Түркия мен Түркістанда ғана емес, Кавказда, Ауғанстанда, Иранда және Үндістанда аталып келгенін көне құжаттарға сүйене отырып дәлелдеген.

2010 жылы Семейде тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері қаланың тарихи және мәдениет ескерткіштерінің төлқұжаттарын жасауға кірісті. Республикалық маңызы бар, мемлекеттің қамқорлығына алынған ескерткіштер тізбесіне кірген 218 монументтің 10-ы Семейде.

2011 жылы Джиддада Ислам даму банкінің штаб-пәтерінде Сауд Арабиясында,ы Қазақстанның елшісі Қайрат Лама Шарифтің ИДБ президенті доктор Ахмед Мухаммед Әлимен кездесуі өтті, кездесу барысында оған Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Астанада өтетін 7-ші Дүниежүзілік исламдық экономикалық форумға қатысуға шақыртуы табыс етілді.

2011 жылы Ақтөбеде екі жаңа ғимарат ашылды - көші-қон полициясы басқармасы және Қарғалы ауылындағы №22 учаскелік пункт. 

2013 жылы «Қазақ елі» монументі алаңында «Ұлыстың ұлы күні» атты сахналандырылған қойылым қойылды. 500 адам жұмылдырылған хореографиялық қойылым Қыс пен Көктемді қарсы алып, табиғаттың жаңаруын бейнеледі.

2013 жылы Хорватия астанасында қазақстандық елшіліктің жаңа кеңсесі ашылды. 
2014 жылы Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Наурызда этно киіз үйді ресімдеді, оған ежелгі жәдігерлерді қойды. Мұражай қорынан 200-ден астам экспонат ұсынылды. Оның көпшілігі 100 жыл бұрынғы жәдігерлер, көпшілігі әлі күнге бұзылмаған, жұмыс істеп тұр.

2014 жылы Жаңаөзен қаласында аумағы 2,5 мың шаршы метрден асатын заманауи медицина орталығы ашылды. 

2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Үндістан астанасы Делиде өткен Наурыз тойына қатысты. Наурыз мерекесін Қазақстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстан елшіліктері ұйымдастырды.

2015 жылы «Эйр Астана» әуе компаниясы ТМД елдерінің экономикалық интеграциясының дамуына қосқан үлесі үшін «ТМД бизнес көшбасшысы» марапатын алды.

2015 жылы Таразда кәсіпкерлер палатасы жанынан Іскер әйелдер клубы құрылды. 

2017 жылы Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев келді.

1848 жылы Венеция өзінің тәуелсіздігін жариялады. 

1859 жылы Мельбурнде әлемдегі тұңғыш жұмысшылар партиясы- Викторияның саяси еңбек лигасы құрылды.

1868 жылы Арканзас қайтадан АҚШ құрамына енді. 

1876 жылы Испания конституциясы қабылданды.

1882 жылы АҚШ конгресі көп әйел алуға тыйым салды.

1888 жылы Лондонға жиналған он екі футбол клубының өкілдері Ағылшын футбол лигасын құрды.

1894 жылы Дагомея франциялық колония болып жарияланды.

1902 жылы Британия мен Персия (Иран)Үндістан мен Еуропа телеграфтың желісін жалғау туралы келісімді бекітті. 

1904 жылы Лондонның «Иллюстрейтед Миррор» газетінде алғаш рет түрлі-түсті фотосурет жарияланды. 

1935 жылы Персия ресми түрде Иран деп аталды. 

1945 жылы Каирде арабтар мекендеген елдердің өзара ынтымағын нығайтуды, сыртқы саясатын үйлестіруді, тәуелсіздігі мен мүдделерін қорғауды мақсат еткен Араб мемлекеттерінің Лигасы құрылды. Алғашында Лига құрамында Мысыр, Ирак, Сирия, Ливан, Иордания болған, кейін Йемен мен Сауд Арабиясы қосылды. Оған тәуелсіздікке қолы жеткен араб мемлекеттері қабылданып, қазір лига 22 елді біріктіріп отыр. 

1951 жылы КСРО-да Орталық телестудия құрылды. Телевизиялық бағдарламада нақты тақырыптар болған жоқ: ақпараттық, музыкалық және ағартушылық бағдарламалар, «Союзмультфильм» киностудиясының кинофильмдері мен мультфильмдері көрсетілді.

ЕСІМДЕР


22 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 116 жыл бұрын
 (1902-1985) қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, әдеби сыншы, аудармашы, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Абай атындағы және Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Ғабит Махмұтұлы МҮСІРЕПОВ дүниеге келді.
Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат таныған. Ғабит жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебінде, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітірген. Қазақ төңкерісінен кейін үстемдік алған Кеңес өкіметінің жұмысына әжептеуір орысша сауаты бар адам ретінде араласып, түрлі қызмет атқарған. Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді. 1923-26 жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түсіп, оны бітірісімен Омбыдағы ауыл шаруашылық институтында оқыған. 1927-1928 жылдары - Бурабай орман шаруашылығы техникумында оқытушы, 1928-1933 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы, 1934-1938 жылдары «Социалистік Қазақстан» (Егемен Қазақстан) газетінің редакторы, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты өнер секторының меңгерушісі, Қазақ өлкелік комитетінің баспасөз бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1938-1955 жылдары бірыңғай шығармашылық жұмыстармен айналысқан. 1956-1957 жылдары - «Ара» - «Шмель» журналының бас редакторы, 1957-1985 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1958 жылдан КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және сәулет салалары бойынша Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комитеттің мүшесі болған. Ғ.Мүсіреповтің тұңғыш повестерінің қатарына «Тулаған толқында» мен «Американ бидайығы» шығармалары жатады. Жас жазушының болашағынан үміт күттірген бұл туындылар азаматтық тақырыпты толғайды. Ғ.Мүсірепов әңгіме жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Алғашқы шығармаларынан-ақ жазушылық шеберлігімен танылған. Ғ.Мүсірепов - көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері. 1932 жылы шілде айында ол республикаға танымал адамдармен бірлесе отырып, халықтың басына төнген аштық нәубеті жайында БКП(б) қазақ өлкелік комитетіне «Бесеудің хатын» жолдаған. Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады. Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланған. Үш мәрте Ленин орденімен және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Октябрь Революциясы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына жазушының есімі берілген.


22 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 113 жыл бұрын 
(1905-1996) ғалым, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркіменстанның, Қарақалпақстанның, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері БАСКАКОВ Николай Александрович дүниеге келді.
Ресей Федерациясында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Баскаков көп жыл бойы КСРО ҒА Тіл білімі институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1920-1930 жылдары Түркі халықтарының тілі жөнінен деректер жинау мақсатында Қарақалпақстан, Ойрат автономды облысы (Таулы Алтай автономды облысы) Оңтүстік Қазақстан, Қырғыстан, Дағыстан, Солтүстік Кавказ жерлерін аралады. Баскаков түркі тілдерін жан-жақты зерттеген ғалым. Ол «Түркі тілдері» деген еңбегінде түркі тілдерінің даму тарихын кезеңдерге бөліп, грамматикалық, лексикалық, фонетикалық, ерекшелігін кеңінен анықтады. Еңбек төрт бөлімнен тұрады: 1) түркі тілдеріне қатысты тарихи-салыстырмалы және салыстырмалы зерттеулерге шолу; 2) түркі тілдерінің қалыптасуы мен даму кезеңдері; 3) түркі тілдері мен диалектілерін Батыс ғұн бұтағы, Шығыс ғұн бұтағы деп екіге бөліп топтастыру; 4) әр топтағы түркі тілдерінің топтастырылу үлгісін, дамуын көрсететін кестесін, дауысты, дауыссыз дыбыстарының транскрипциясын, түркі халықтары мен тілдерінің тізбесін жасады. Баскаков түркі тілдерінің фонологиясын, морфологиясын, типологиялық сипатын, топонимия мен антропонимия мәселелерін зерттеп, жеке монографиялар жариялады. Алтай тілінің солтүстік диалектісін және құман, қарақалпақ диалектілерін зерттеді. Алтай, гагауз, қарайым, қарақалпақ, ноғай, ұйғыр, хакас тілдерінің аударма сөздіктерін жасауға қатысты. Баскаков - әлем шығыстанушылары арасында өзіндік орны бар ғалым. Ол - Финн-угор қоғамының корреспондент-мүшесі, Орал-Алтай қоғамының, Венгрия ориенталистері ғылыми қоғамының, Ұлыбритания, Ирландия, Польша ориенталистері, Азия және Түркі лингвистикалық қоғамдарының құрметті мүшесі.

92 жыл бұрын (1926-1993) актер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Мәкілқожа Иманәліұлы ҚҰЛАНБАЕВ дүниеге келді. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы театр училищесін бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық қазақ драма театры труппасында қызмет атқарған. 1948 жылдан Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театры құрамында еңбек етті. Алғашқы рөлі қуыршақ сатушыны (А.Толстой, «Алтын кілт») ойнап, актерлік талантын танытқан ол театр сахнасында Есен, Назарбек (М.Әуезов, «Еңлік - Кебек», «Алуа»), Әбутәліп (С.Мұқанов, «Мөлдір махаббат»), Қоңқай (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері - Ақтоқты»), т.б. бейнелерін сомдады. Сонымен қатар көркем фильмдерге түсіп, Бала («Райхан»), Қаратай («Менің атым Қожа»), Ыдырыс («Балалық шаққа саяхат»), Ермат («Алтын күз»), т.б. рөлдерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ радиосындағы радиоқойылымдарға қатысып, балаларға арналған «Ойлан, тап» атты радио ойынында Жұмбақбай атайдың бейнесін жасады. «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.

82 жыл бұрын (1936) Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы қаржы, есеп және аудит кафедрасының профессоры, экономика ғылымының докторы, Халықаралық сақтандыру бизнесі және әкімшілік академиясының, «Еуразия» ХЭА-ның академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Еуразия» ХЭА сыйлығының лауреаты Кеңес Қажгерейұлы ЖҮЙРІКОВ дүниеге келді. Семей қаласында туған. Семей қаржы-экономика техникумын, Алматы халық шаруашылығы институтын, Мәскеу және Ленинград қаржы-экономика институттарының біліктілікті көтеру факультеттерін бітірген.1963-1979 жылдары Қазақстанның Қаржы министрлігі жүйесінде жауапты қызметтер атқарған. 1979-1996 жылдары - Мемлекеттік сақтандыру басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, Мемлекеттік сақтандыру компаниясы басқармасының төрағасы. 1996-1998 жылдары - «Сенім» сақтандыру компаниясының президенті. 1998-2000 жылдары - Алматы экономика институты кафедрасының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде 2000 жылдан бастап істейді. 370-тен астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 9 монографияның, 10 оқулық пен оқу құралының, қаржылық сақтандыру тақырыбына арналған 39 оқу-әдістемелік құралының және кітапшаның авторы. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыт жекешелендіру үдерісіндегі сақтандырудың мәні мен түрлеріне арналған. Ол сақтандыру саласында алғаш рет нарықты, бизнесті және сақтандыру шараларын біртұтас қарастыра отырып, нарықтық экономикаға көшу кезеңінде республикадағы сақтандыру үдерісіне экономикалық талдау жасады. Халықаралық «Сақтандыру кәсіби шебері» алтын медалімен марапатталған.


22 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 76 жыл бұрын
 (1942) Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайының жетекші ғылыми қызметкері Баян Кәрібайқызы БАРМАНҚҰЛОВА дүниеге келді. Алматы қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің өнер тарихы бөлімшесін бітірген. «Үкі Әжиев», «Қазақстан акварелі», Қазақстанның бейнелеу өнері», «Қазақстандық портрет өнеріне жүз жыл», «Есімдер достастығы», «Марат Бекеев», «Әбдірашит Сыдыханов» кітап-альбомдарының, көптеген мақалалардың, жарияланымдардың авторы. 1965 жылдан - Т.Шевченко атындағы Қазақ Мемлекеттік көркемсурет галереясының аға ғылыми қызметкері. 1967-1969 жылдары - УКСР Донецк облысы Горлов қаласындағы көркемсурет галереясының аға ғылыми қызметкері. 1969 жылдан - В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ этика және эстетика оқытушысы. 1976-1980 жылдары - Қазақстан Мемлекеттік өнер мұражайының «Өнер кеңесі» бөлімінің меңгерушісі. 1982-1997 жылдары - Алматы сәулет-құрылыс институтының өнер, сәулет, қала құрылысы және мәдениет тарихы оқытушысы. 1999-2005 жылдары - Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық психологиясы және өнер тарихы оқытушысы.





22 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 70 жыл бұрын
 (1948-2000) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Марат ҚАБАНБАЙҰЛЫ дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Зайсан аудандық «Достық» газетінің корректоры, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Лениншіл жас» газетінің тілшісі, «Жалын» баспасының редакторы, Қазақстан Мемлекеттік баспа комитетінің қызметкері, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Парасат» журналының редакторы, «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Жазушының шығармаларының дені балалар мен жасөспірімдерге арналған. «Бақбақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана», «Жиһанкез Тити», «Пысық болдым, мінеки», «Қала мен қыз бала» атты повестер мен әңгімелер топтамалары, «Көркем дәм», «Айшылық алыс жол» романдары жарық көрді. Шығармалары орыс, украин, молдаван, латыш, неміс тілдеріне аударылған.







22 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 69 жыл бұрын
 (1949-1992) әнші, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері Жәнібек КӘРМЕНОВ дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Он жасқа толар-толмас шағында туған ел, өскен жерге арнайы сапармен келген М.Әуезовтің алдында ән салып, ұлы қаламгердің батасын алған. Алматыдағы өнер студиясын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1979 жылдан бастап Ж.Елебеков атындағы эстрада студиясында ұстаздық қызмет атқарып, дарынды әншілердің, орындаушылардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда халық әндері кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Оның «Ақылбайдың әні», «Махаббат әні», «Ғашықтың тілі» атты прозалық кітаптары, өнер адамдары туралы 200-ден астам мақаласы жарық көрді. 1990 жылы «Өнер» баспасынан екі томдық «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» атты жинағы шықты. 1980 жылдардың басында «Асыл мұра» сериясы (А.Сейдімбековпен бірлесіп) бойынша телехабар жүргізіп, Ақан сері, Біржан сал, Абай, Мәди, Естай, Әсет, Кенен, Мұхит, Сәкен әндерін жаңаша қырынан, тың толғаммен қалың көрерменге насихаттады. Әншінің «Толғау», «Шыңғыстауға арнау», «Бабалар», «Ағалар-ай», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» т.б. әндері бар.




22 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 63 жыл бұрын
 (1955) «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқару төрағасы Шамсат Жақсылықұлы ИСАБЕКОВ дүниеге келді. Жамбыл қаласында туған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын (1977), инженер-механик; «Әділет» жоғары құқық мектебін бітірген (1999), заңгер-құқықтанушы.










61 жыл
бұрын (1957) «Тараз Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Марат Райымбекұлы СМАЙЫЛОВ дүниеге келген. Ол Жамбыл облысында туған. Алматы энергетикалық институтын (1979), экономист мамандығы бойынша «Әлие Ата» университетін (2000) бітірген.

ҚазКСР ҒА Ядролық физика институтының инженер-электригі (1979); Қазақстан ЛКЖО Жамбыл облыстық комитеті мектеп және студент жастар бөлімінің нұсқаушысы (1981-1983); Қазақстан ЛКЖО облыстық комитеті комсомолдық ұйымдар бөлімінің нұсқаушысы, мамандарды есепке алу және даярлау секторының меңгерушісі (1983-1986); Жамбыл қалалық халықтық бақылау комитетінің инспекторы, төрағасының орынбасары (1986-1991); Жамбыл қалалық Халық депутаттары кеңесінің маманы, Қазақстан КП Жамбыл облыстық комитеті партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, (1991); Жамбыл аймақтық мемлекеттік мүлікті басқару комитетінің жекешелендіру бөлімішілік бөлімінің бастығы (1991-1992); Жамбыл қалалық әкімшілігі Коммуналдық меншік басқармасы бастығының орынбасары (1992-1995); Жамбыл аймақтық мемлекеттік мүлікті басқару комитеті төрағасының орынбасары (1995-1997); Жамбыл облыстық Жастар ісі, туризм және спорт басқармасының бастығы (1997-1998); Жамбыл облыстық Мәдениет, спорт және туризм департаментінің бастығы (1998-1999); Жамбыл облыстық Жастар ісі, спорт және туризм басқармасының бастығы (1999-2000); Жамбыл облысы бойынша Көліктік бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы (2000-2001); Жамбыл облысы бойынша Көліктік бақылау басқармасының бастығы (2001-2008); ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің директоры (2008-2012); Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі (2012-2013).

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен, «Қазақстан Республикасындағы спорт пен дене шынықтыруды дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісімен, Көліктік бақылау комитетінің, Жамбыл облысы әкімінің (2000, 2007), ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің (2008) құрмет грамоталарымен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Алғыс хатымен ескерілген (2008) марапатталған.  

60 жыл бұрын (1958) Есеп комитетінің Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұрсұлтан Зайденұлы ӘКЕЖАНОВ дүниеге келді. 
Алматы облысында туған. Өскемен жол-құрылыс институтын автошаруашылық инженер-механигі (1986); АПК Қазақ экономикалық ғылыми-зерттеу институты аспирантурасын бітірген. 


22 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 59 жыл бұрын
 (1959) «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Қали Қошқарұлы СӘРСЕНБАЙ дүниеге келді.
Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1982-1988 жылдары - «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің корректоры, «Өркен - Горизонт» газетінің жауапты хатшысы. 1990-1995 жылдары - «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі. 1995-1997 жылдары - «Парасат» журналы бас редакторының орынбасары. 1997-2005 жылдары «Жас алаш» газеті бас редакторының орынбасары болған. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді. 



22 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 58 жыл
бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі КАЗАНЦЕВ Павел Олегович дүниеге келген.

Ол Ресей Федерациясының Томск қаласында туған. 1982 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын «Автомобильдер және автошаруашылық» мамандығы бойынша үздік бітіген. 1986 жылы Ф.Э. Джерзинский атындағы КСРО МҚК Жоғары мектебін бітірген.

Еңбек жолы: Целиноград облысындағы Қазақ ССР-і жанындағы Көлік министрлігінің аға инженері, ККҚ бастығы, ҚТ мен ЕҚ бойынша аға инженері, АКП-3 жүк автобасқармасының мастері (1982); Целиноград облысы бойынша МҚК Басқармасында қызмет (1986-1992); ҚР Сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің бөлім бастығы, өкілі, Ақмола облысы әкімшілігіндегі Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің өкілі (1992-1995); Ақмола қаласы әкімінің орынбасары (1995-1997); АЭА Әкімшілік кеңес төрағасы орынбасарының кеңесшісі (1997-1998); АЭА Экономикалық және әлеуметтік даму қоры директорының орынбасары (1998-1999); «Ақмола» қорының басқарма төрағасының орынбасары және инвестициялар бөлімінің бастығы (1998-1999); «Іскерлік бастамалар орталығы» консалтингтік компаниясының директоры (1999-2007); «CISCO» компаниясының Астанадағы өкілі (2005-2007); «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары (2007-2010); «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты саяси жұмыстар, ұйымдастыру-саяси жұмыстар департаменттерінің директоры (2010-2013); ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының даму бойынша менеджері, бағдарламаларды, іс-шараларды, сыртқы байланыстар мен коммуникацияны жоспарлау қызметінің жетекшісі (2014-2015); ҚР Кәсіподақтар Федерациясы Төрағасының орынбасары - жылдар ұйымдастыру-кадрлық жұмыс және активтер департаментінің директоры (2015-2016).

Қазіргі қызметін 2016 жылдан бері атқарып келеді.

«Құрмет», «Ерен еңбек үшін» медальдарымен, «Нұр Отан» ХДП «Белсенді қызмет үшін» медалімен наградталған, мерекелік медальдары, «Қазақстан Республикасында туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін» ҚР белгісі, ведомстволық наградалары бар.

49 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Мұртазаева БАЙҒОЖИНА дүниеге келген.

Еңбек жолы: Көкшетау облысы Чистополь аудандық қаржы бөлімінің, мемлекеттік кірістер жөніндегі бас экономисі, Салық инспекциясының бастығының орынбасары (1987); Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің қаржылық жоспарлау басқармасында бөлім бастығы (1999); Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті басшысының Есеп және табыстарды бөлу жөніндегі орынбасары (2001 жылдан бастап); Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің Ішкі бақылау бөлімінің ішкі бақылау бөлімінің бастығы (2004 жылдан бастап); Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің ішкі бақылау басқармасында бөлім бастығы (01.2005-02.2005); Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің ішкі бақылау басқармасы бастығының орынбасары (2005-2006); Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төлем операциялары басқармасының валюталық операциялар бөлімінің бастығы (2006-2007); Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті кірістерді есепке алу басқармасының бастығы (2007-2010).

Қазіргі лауазымын 2010 жылғы қарашадан бері атқарып келеді.

49 жыл бұрын (1969) «Мұнайтас» солтүстік батыс құбыр желісі компаниясы» АҚ-ның бас директоры Бейімбет Шайсұлтанұлы ШАЯХМЕТОВ өмірге келді.

 

 

 


Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Онлайн қызметкерлер
Редактор
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
Редактор
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
Мұрағат