22 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 22 қыркүйекке. арналған күнтізбесін ұсынады.


null

22 қыркүйек, СЕНБІ 

Бүкіләлемдік автокөлікті пайдаланбау күні

Автокөлікті пайдаланбау күнін өткізу идеясы 1998 жылы Францияда дүниеге келді. Сол кезде бұл шараға жиырма шақты қала ғана қатысты. Ал 2001 жылы бұл қозғалысқа 35 елдің мыңдаған қаласы қосылды. 

Бұл күні Еуропаның ірі қалалары автокөлікті пайдалануын қысқартады, қала ішінде трамваймен, троллейбуспен, автобуспен, метромен және де қоғамдық көліктің басқа түрлерімен, сонымен қатар жаяу жүреді немесе велосипедті пайдаланады.

Мали Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960)

Мали - Батыс Африкадағы мемлекет. Астанасы - Бамако қаласы.

Мемлекеттік тілі - француз тілі. Мемлекет басшысы - президент. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Ұлттық жиналыс. Ақша бірлігі - мали франкі.

Болгария Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні

1908 жылғы 22 қыркүйекте Велико-Тырново қаласында Болгария князьдігінің Осман империясынан тәуелсіздік алғанын айқындайтын манифест жарияланды. Болгария - Еуропаның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Балқан түбегінде орналасқан мемлекет. Солтүстігі Румыниямен, оңтүстігі Түркия, Грекиямен, батысы Сербия және бұрынғы Македония Югославия Республикасымен, шығысы Қара теңізбен шектеседі. Астанасы - София қаласы. Мемлекеттік тілі - болгар тілі. Ақша бірлігі - лев.

Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 5-інде орнатылды. 

Бүкіләлемдік мүйізтұмсық күні

Халықаралық мерекені Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының Оңтүстік Африка бөлімі 2010 жылы мүйізтұмсықтардың: ақ, қара, үнді, явалық және суматралық бес түрін жойылудан сақтап қалуға қоғамдастық назарын аудару мақсатында белгілеген.

Дүниежүзілік пілдерді қорғау күні

Экологиялық мерекелердің бірі көптеген елдерде атап өтіледі. Құқық қорғау ұйымдарының, экологтардың және осы жануар санының азайып кетуіне алаңдаған адамдардың бастамасымен белгіленді.

Жапонияда күзгі ай мен күннің теңелу күні

Жапонияда «Ұлттық мерекелер туралы» заңда күзгі ай мен күннің теңелген күнінің мағынасы: «Бабаларды, о дүниелік болғандардың рухын құрметтеу» делінген. Заң жүзінде мерекелеу 1948 жылы енгізілді.

Барбадоста ұлттық ағаш отырғызу күні

1907 жылғы 9 қарашада Барбадоста ағаш отырғызудың алғашқы рәсімі өтті, ол король VI Георгтің туған күні құрметіне белгіленді. Бұл мереке ресми  емес 1905 жылы атап өтілген деген басқа нұсқа да бар. Алайда ол күн ұмытылып кеткен. 1997 жылы қайта жаңғыртылып, мереке 22 қыркүйекте атап өтілетін болды.

OneWebDay

Бұл ерекше күн адамдардың назарын интернетке қолжетімділіктің маңызына аудару мақсатында атап өтіледі. Оны 2006 жылы Сьюзан Кроуфорд және интернетте танымал бірқатар тұлғалар алғаш рет атап өтті.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1934 жылы Қазақ тау-металлургия институты (қазіргі Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) құрылды. 1960 жылы атауы Қазақ политехникалық институты болып өзгертілді, 1970 жылы оған В.Ленин есімі берілді.

1994 жылы қаңтарда В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ Қазақ ұлттық техникалық университеті деп аталды. Еліміздің инженер-техникалық кадрларын дайындау ісіне қосқан қомақты үлесі ескеріліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 22 қыркүйектегі Қаулысымен Қазақ ұлттық техникалық университетіне қазақтың даңқты ғалымы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі берілді.

1989 жылы «Тілдер туралы» Заң қабылданды. Бұл сол кезде әлі егемендігін алмаған Қазақстанның ана тілі туралы алғашқы құжаты еді.

Осыдан кейін 1997 жылы Қазақстанда «Тіл туралы» жаңа заң қабылданды.

1993 жылы Атырау облыстық әкімшілігінің басшысы С.К. Түгелбаев Қызылқоға және Құрманғазы аудандарындағы ядролық полигондарды жабу туралы шешім қабылдады.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы ноталар алмасты.

1995 жылы Қазақстандағы Украина елшілігі ашылып, ол шараға екі ел президенттері қатысты.

2001 жылы Қазақстанға мемлекеттік іссапармен келген Рим папасы Иоанн Павел II-ні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана әуежайында қарсы алды.

2006 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында ақын, композитор Мұхит Мералыұлының (1841-1918) кесенесі ашылды.

2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентте Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанатына қатысты. Ескерткіш Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би атындағы көшелердің қиылысында орналасқан «Ордабасы» алаңында бой көтерді. Биіктігі 24 метрлік үш қырлы стелла ел халқының бірлігін бейнелейді, монументтің әр қырына дана билердің сөздері қашап жазылған. Монументтің ұшар басына «Жер-Ана» мүсіні орнатылған. Стелланың іргесі ою-өрнектермен безендірілген. Монумент авторлары - Насыр Рүстемов пен Бақытжан Әшірбаев.

2011 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік бойынша жоғары деңгейдегі отырысқа қатысты.

БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде өткен отырысқа БҰҰ-ға мүше мемлекеттер: АҚШ, Ресей, Қазақстан, Франция, Корея Республикасы, Жапония, Бразилия және т.б. елдердің басшылары қатысты.

2011 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обама, Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон, Финляндия Президенті Тарья Халонен, Украина Президенті Виктор Янукович, Польша Президенті Бронислав Коморовский, Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бак, Латвия Президенті Андрис Берзиньш, Словения Президенті Данило Тюркпен кездесулер өткізіп, БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясының күн тәртібі және екіжақты қатынастар мәселелерін талқылады.

2011 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазақстан халықтары кітапханасы» оқу залы ашылды.

Кітапхана қорында республикамыз аумағында өмір сүретін халықтар тілдеріндегі үш мыңнан астам кітап жиналған.

2011 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында Украинаның Қазақстандағы елшілігінің жанындағы Украин ғылым және мәдениет орталығы құрылды.

2012 жылы Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданындағы Боғас елді мекенінде Дарабоз батыр Қабанбайға арналған ескерткіш ашылды.

2015 жылы Қазақстанның батысында ХIХ ғасырдың бірінші жартысындағы Батыс Қазақстандағы халық көтерілісінің басшысы Исатай Таймановқа ескерткіш ашылды. Ескерткіш Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарының шекарасында орнатылды. Исатай Тайманұлының қабірі ескерткіштен 15 шақырым жерде орналасқан, ол жерге мавзолей салынды.

2015 жылы Анапада ТМД, Латвия, Литва, Эстония елдерінің «КиноШок» XXIV ашық фестивалі өтті, онда қазақстандық актер Жандос Айбасов «Ең үздік ер адам рөлі үшін» жүлдесіне ие болды. Ол аталған марапатты Ермек Тұрсыновтың «Кенже» фильміндегі рөлі үшін алды.

2015 жылы «ҚазАқпарат» ХАА мен «Жэньминь жибао» газеті өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа сәйкес тараптар «Бір белдеу, бір жол» жобасы және «Нұрлы жол» бағдарламасын ақпараттық сүймелдеп, ынтымақтасатын болады.

2016 жылы «Үкімет - азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы жаңа пилоттық жобаны бастады. Оның аясында жаңа туған баланы тіркеу, бала күтіміне қажетті жәрдемақы мен түрлі әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу, балабақшаға кезекке тұру сияқты шаралардың барлығын перзентханада-ақ рәсімдеуге болады

2016 жылы Гаага қаласының (Нидерланды) мэриясында «Қазақстан - Ұлы дала елі» фотосуреттер көрмесі ашылды. Оны Қазақстанның Нидерландыдағы елшілігі қала билігімен бірлесіп ұйымдастырды. Голланд халқын Астананың керемет сәулеткерлік шешімі - Бәйтерек монументі, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Astana Opera театрының ғимараты, Әзірет Сұлтан мешіті, т.б.  ерекше тәнті етті.

2017 жылы Бакуде Әзербайжандағы Қазақстан елшілігінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Халық әртісі, композитор және әнші Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылық кеші өтті.

2017 жылы Қазақстан РеспубликасыНигер Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай Семейде Әлияхан Бөкейхановтың ескерткіші ашылды.

1974 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында күн тәртібіне алғаш рет «Палестина мәселесі» енгізілді. Осыдан кейін Ясир Арафат Палестина халқының уәкілетті өкілі ретінде танылды.

1980 жылы Иран-Ирак соғысы - сегіз жылға созылған әскери қақтығыс басталды. Соғыс ирак әскерінің ирандық Хузестан провинциясын басып алуынан басталды.

Соңғы жаңалықтар