+7 (701) 759 90 19
USD 388.07 EUR 427.54
RUB 6.08 CNY 55.36
Jańalyqtar

22 қазан. Туған күн иелері.

2019 жылғы 22 қазан 08:08
Бөлісіңіз:
22 қазан. Туған күн иелері.

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 22 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

141 жыл бұрын (1878-1924) ақын Омар ШОРАЯҚҰЛЫ дүниеге келді. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Ауыл молдасынан сауат ашып, кейін өз бетінше білімін толықтырған. Он алты жасынан өлең шығара бастаған. Ал алғашқы өлеңдерінде («Сөйле, тілім, жосылып», «Шығарған сөзім шырайлы», «Өмір өрнектері», т.б.) ақындық пен сөз өнерін жырға қосты. «Аталық кеңес», «Жастарға өсиет» өлеңдерінен ұлттық тәлім-тәрбие тағылымы танылады. Діни тақырыптағы «Барамыз байтақ орынға», «Әмманың ажал тағдыр мұрасындай», «Айналайын атыңнан», «Әуелі аспан менен жер жараттың», «Жәрдемші Жаппар атты жалғыз елге», т.б. жырлары мұсылмандықты насихаттап, адамгершілікті уағыздайды. Оның адалдықты үлгі ететін («Жарлы Тәліп», «Қара шекпен»), әйел махаббатының құдіретін ұлықтайтын, зұлымдықтың зардабын сөз еткен («Үш күлше») дастандарымен қатар ислам дінінің қалыптасуы мен таралуын қамтитын, діни-ағартушылық бағыттағы «Мұхаммед», «Мағауия», «Хақ Сүлеймен», «Калимулла», «Әбу Шахыма» сияқты жыр дастандары сақталған. «Тау еліне» атты тарихи хат-дастаны - қазақтың мәдени дәстүрінің өркендеуін мазмұндаған эпикалық шығарма. Ақынның Таубайдың Жүсібімен, Нұрмақанмен, Қарасақал Ерімбетпен жазбаша айтыстары, сондай-ақ, әдебиет тарихында «Алты ақынның өмір туралы айтысы», «Шәкей сал мен алты ақын» деген атпен белгілі сөз сайыстары сақталған. Оның шығармалары туралы алғаш рет М.Байділдаев «Ақындар творчествосы» атты кітабын жазды. Ақын өлеңдері «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары», «Үш ғасыр жырлайды», «Айтыс», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Қазақ поэзиясының антологиясы» атты жинақтарда жарияланған.


95 жыл бұрын (1924) әйгілі қазақ жазушысы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбдіжәміл Кәрімұлы НҰРПЕЙІСОВ дүниеге келді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

Қызылорда облысы Арал ауданында туған. Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған. 1992-2000 жылдары Қазақ ПЕН-клубының президенті қызметін атқарған. 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Тұңғыш шығармасы - Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романы кейіннен өңделіп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарияланды. «Қан мен тер» трилогиясы және «Сең», «Соңғы парыз» романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. «Қан мен тер» трилогиясы орыс, француз, испан, чех, румын және түрік тілдеріне аударылған. Осы роман бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты орын алып, экранға шығарылған. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шыққан. 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрген. А.Чеховтың, М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

1974 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанған. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.


58 жыл бұрын (1961) қоғам қайраткері Ромин Ризаұлы МӘДИНОВ дүниеге келді.

Бұрынғы Көкшетау облысының Қызыл Ту селосында туған. Омбы мемлекеттік университетін (1988 ж.) Ресей Үкіметінің жанындағы Халық шаруашылығы Академиясын, МВА (2008 ж.) бітірген, заңгер. 1985-1987 жылдары «Омскгидропривод» зауытының БЛКЖО Комитетінің хатшысы. 1987-1989 жылдары - БЛКЖО Омбы обкомының нұсқаушысы. 1989-1996 жылдары - Омбы қаласындағы «Контакт» коммерциялық орталығының директоры. 1996-1997 жылдары Алматы қаласындағы «Агроцентр» компаниясының директоры. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі кеңесшісі. 1999 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Аграрлық партиясының төрағасы. 1999 жылдың желтоқсан айынан бастап - екінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, Қазақстан Аграрлық партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі. 2004 жылғы қарашадан - үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, Аграрлық және Азаматтық партиялары депутаттық фракциясының жетекшісі. 2007 жылдың қырқүйегінен - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мєжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы. 2012-2016 жылдары - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.


30 жыл бұрын (1989) VI шақырылымындағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі ШИПОВСКИХ Геннадий Геннадьевич дүниеге келді.

Қызылорда облысы, Арал ауданының Сексеуіл кентінде туған. Әкесі Шиповских Геннадий Павлович пен анасы Куликова Лидия Николаевна қайтыс болғаннан кейін 2004 жылы Макаренко атындағы Қызылорда қалалық балалар үйіне түскен. Сол жылы қазақ отбасы асырап алады. 2009 жылы Қызылорда қаласындағы №6 кешкі мектепті бітіргеннен кейін Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде №5 кәсіптік лицейіне «Машинист көмекшісі» мамандығы бойынша оқуға түседі. 2010 жылы оқуды үздік бітіріп, Қызылорда Локомотив жөндеу депосына жылжымалы құрам слесарі ретінде жұмысқа орналасады. 2013 жылы Қызылорда Локомотив пайдалану депосына «машинист көмекшісі» лауазымына ауыстырылды. 2014 жылы Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық колледжіне оқуға түседі. Облыстық және қалалық бірнеше қоғамдық шараларға белсене қатысқан. «Қазақстан темір жолы» АҚ «Evolution» атты «Көңілді тапқыштар клубының» мүшесі. 2016 жылғы наурыздан бастап - алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:

Автор:

Нұрлан Тұяқов

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT