22 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі:

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 22 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Фехнер күні

Атаулы күн немістің әйгілі ғалымы, алғашқы экспериментшіл психологтардың бірі, психофизиканың негізін қалаған Густав Теодор Фехнердің құрметіне бекітілген. Фехнер күнін қазіргі психофизиктердің көбі кәсіби мерекесі ретінде атап өтеді.

Фехнердің есімі ғылым тарихына психофизиканың атасы ретінде жазылды. Фехнер 1850 жылғы 22 қазан таңында кенет адам денесі мен ақыл-ойының арасындағы байланысты психикалық түйсіктер мен материалдық түрткілердің арасындағы мөлшерлік қатынасты анықтау арқылы табуға болатынын түсінді. Сондықтан 22 қазан Психофизика пайда болған күн әрі Фехнер күні ретінде тойланады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1915 жылы Семейдің теміржол вокзалы ашылды. Семей вокзалының тарихы 1915 жылы қазанда Новониколаевтан алғашқы пойыз келген күннен басталады. Осы жылдар ішінде ол екі рет күрделі жөндеуден өтті. Өз тарихында миллиондаған жолаушыны қабылдап, шығарып салды.

1993 жылы Ұлан-Батыр қаласында Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық қатынастары және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.

1997 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы мерейтойлық сессиясы өтті. 50-ші сессиясы жұмысының бірінші күні отырыста таяу онжылдықтағы БҰҰ перспективалары мен міндеттері туралы бағдарламалық баяндамасымен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

2003 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның жетекші ғалымдарының «ҚР Ұлттық ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігін құру туралы бастамасы мақұлданды.

22 қазанда өткен құрылтай съезінде «ҚР Ұлттық ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігінің жарғысы қабылданып, академик Мұрат Жұрынов оның президенті болып сайланды.

2004 жылы Сауд Арабиясы астанасы Әр-Рияд қаласында «Нәзір Төреқұлов - КСРО-ның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі өкілетті төрағасы» атты кітабы жарық көрді. Кітап араб тілінде жазылған, оған Н.Төреқұловтың күнделігі мен хаттары енген. Нәзір Төреқұлов - 1928-1932 жылдары КСРО-ның Сауд Арабиясындағы дипломатиялық агенті және бас консулы, 1932-1936 жылдары сол елдегі Кеңес Одағының Төтенше және Өкілетті Елшісі болған. Оның хаттары мен күнделіктерін оқи отырып Н.Төреқұловтың өз қызметінің мәнін жақсы меңгерген көрнекті қайраткер екенін түсінуге болады.

2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталды.

2010 жылы «Қазпошта» АҚ Орталық және Шығыс Еуропадағы ең қуатты әрі ықпалды ұйымдардың бірі - Еуропаның Ұлттық пошта операторлары қауымдастығына қосылды (PostEurop). Сол арқылы Қазақстан үшін қызметтерді Еуропа нарығына шығару, кәрі құрлық елдерімен пошта алмасу деңгейін жақсарту мүмкіндігі ашылды.

2010 жылы Астанада бірнеше жыл бойы Қазақстанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда қазба жұмыстарын жүргізген Германия археология институтының фотокөрмесі ашылды. Осы көрмеде Батыс Қазақстан облысындағы «Қырық оба ІІ» некрополінен табылған бұйымдар алғаш рет жұртшылыққа көрсетілді.

2014 жылы Астана әлемнің 21 зияткер қаласының тізіміне кірді. Бұл тізім жыл сайын Зияткерлік қоғамдастық форумында (АҚШ) анықталады.

2017 жылы Польша поштасы ЭКСПО-2017 көрмесіне арнап марка шығарды. Таралымы – 120 мың дана. Марканың қақ ортасында қазіргі Қазақстанның символы – Бәйтерек тұр. Марканың шығарылуы Польша мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтың белгісі болды.

2018 жылы Қазақстан командасы АҚШ-та өткен «Nasa Space Apps challenge» байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Қазақстандық балалар «Бағдарламалық қондырғыны қолдану үздігі» («The best use of hardware») санатының үздігі болды.

Қазақстанның командасы жұмысын жанартаулар мен астероидтарлың деректерін талдауға арнады.

«Nasa Space Apps challenge» - ғарыш және Жерді зерттеуге бағытталған жаппай өтетін халықаралық байқау. Осы жолғы байқауға әлемнің АҚШ, Қытай, Үндістан секілді 70-ке жуық елінен 25 мың адам қатысты.

Соңғы жаңалықтар