22 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі:

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 22 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

null

22 қазан. ДҮЙСЕНБІ

Халықаралық мектеп кітапханалары күні
ЮНЕСКО бастамасымен 1999 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Алғаш рет оны Халықаралық мектеп кітапханалары қауымдастығының президенті Бланш Вуллз жариялады. 2005 жылы мерекенің ресми мәртебесін осы ұйымның жаңа президенті Питер Дженко растады.

Халықаралық кекеш адамдар күні
Халықаралық кекеш адамдар қауымдастығын қолдау мақсатында 1995 жылы белгіленді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1915 жылы Семейдің теміржол вокзалы ашылды. Семей вокзалының тарихы 1915 жылы қазанда Новониколаевтан алғашқы пойыз келген күннен басталады. Осы жылдар ішінде ол екі рет күрделі жөндеуден өтті. Өз тарихында миллиондаған жолаушыны қабылдап, шығарып салды.

1921 жылы Алматыда алғашқы конькишілер ұйымы құрылды.

1993 жылы Ұлан-Батор қаласында Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық қатынастары және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.

1997 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы мерейтойлық сессиясы өтті. 50-ші сессиясы жұмысының бірінші күні отырыста таяу онжылдықтағы БҰҰ перспективалары мен міндеттері туралы бағдарламалық баяндамасымен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

2001 жылы  Павлодар қаласының орталығында Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы мешіт ашылды. Мешіт ғимараты 48х48 метр. Биіктігі 63 метр. Жарты аймен күмбез биіктігі 54 метр. Мешіт ғимараты сегіз бұрышты жұлдыз нысанында салынған, күмбезі аспан түстес шаңырақ тәрізді жасалған.

2003 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның жетекші ғалымдарының «ҚР Ұлттық ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігін құру туралы бастамасы мақұлданды.

22 қазанда өткен құрылтай съезінде «ҚР Ұлттық ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігінің жарғысы қабылданып, академик Мұрат Жұрынов оның президенті болып сайланды.

2004 жылы Сауд Арабиясы астанасы Әр-Рияд қаласында «Нәзір Төреқұлов - КСРО-ның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі өкілетті төрағасы» атты кітабы жарық көрді. Кітап араб тілінде жазылған, оған Н.Төреқұловтың күнделігі мен хаттары енген. Нәзір Төреқұлов - 1928-1932 жылдары КСРО-ның Сауд Арабиясындағы дипломатиялық агенті және бас консулы, 1932-1936 жылдары сол елдегі Кеңес Одағының Төтенше және Өкілетті Елшісі болған. Оның хаттары мен күнделіктерін оқи отырып Н.Төреқұловтың өз қызметінің мәнін жақсы меңгерген көрнекті қайраткер екенін түсінуге болады.

2007 жылы Астанада «Халал» стандарты жөніндегі халықаралық техникалық комитет пен мемлекетаралық кеңес құру туралы құжатқа қол қойылды. Оған Қазақстаннан тыс, Қырғызстан, Татарстан және Малайзия қосылды. «Халал» стандарты тазалық пен қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында Құранның негізінде жасалады.

2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталды.

2012 жылы Канн қаласында жыл сайынғы «Cannes Corporate Media & TV Awards» халықаралық фестивалінде қазақстандық «Astana Expo 2017 «The Great Expectation of Kazakhstan» фильмі «Корпоративтік фильм» санатында екінші орын - күміс дельфинді жеңіп алды.

2013 жылы Амманда «Қазақстан-Иордания қарым-қатынасы: жиырма жыл достық және жасампаздық» атты кітап таныстырылды. Араб және ағылшын тілдерінде шыққан басылымда екі ел арасында дипломатиялық қатынастарды орнату, саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстар туралы айтылады.

2013 жылы Қазақстанда жастар мен жастар бірлестіктеріне ақпараттық, құқықтық, консалтингтік, әдістемелік көмек көрсететін және қажетті кеңестер беретін Республикалық жастар ресурстық орталығы (РЖСО) жұмысын бастады.

2014 жылы Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіне халықаралық қатысушылардың жиналысы өтті. Жиналысқа әлемнің әр түпкірінен ЭКСПО-2017 көрмесінің әлеуетті қатысушылары жиналды.

2014 жылы Астана әлемнің 21 зияткер қаласының тізіміне кірді. Бұл тізім жыл сайын Зияткерлік қоғамдастық форумында (АҚШ) анықталады.

2014 жылы Германияның Саксония-Ангальт федералдық жерінің астанасы Магдебург қаласында Қазақстан Республикасының экономика күні болып өтті, онда «Қазақстан - 2050 Стратегиясы: Қазақстан экономикасын индустрияландыру аясында инновациялар және жаңа технологиялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы және дамыту перспективасы» тақырыбында шаралар өтті.

2015 жылы Қазақстанда жасалған KIA Soul EV тұңғыш электрокар Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының иелігіне берілді. Электр тогымен жүретін отандық автоөндірістің алғашқы моделі Өскеменде құрастырылды.

1938 жылы америкалық өнертапқыш Честер Карлсон құжаттардың көшірмесін жасайтын құрал ойлап тапты. Екі жылдан кейін өз жаңалығына патент алды. 1947 жылы бұл құралға қызығушылар да табылды. 50-ші жылдары алғашқы аппараттар саудаға түсті.

1962 жылы АҚШ президенті Джон Кеннеди кеңес зымырандары табылған Кубаға әуеден және теңізден блокада жариялау туралы мәлімдеме жасады.

1991 жылы Люксембургте Еуропа қоғамдастығы мен Еуропа еркін сауда қауымдастығы арасында Еуропалық экономикалық кеңістік құру туралы келісімге қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар