+7 (701) 759 90 19
USD 383.95 EUR 429.26
RUB 6.16 CNY 55.02
Jańalyqtar

22 қараша. Туған күн иелері

2019 жылғы 22 қараша 08:08
Бөлісіңіз:
22 қараша. Туған күн иелері

НҰР-АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 22 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР


101 жыл бұрын (1918-1987) ақын, жазушы, әдебиет сыншысы Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Мәскеудегі әдебиет институтын бітірген. Шымкент қорғасын зауытында жұмыс істеген. 1945-1974 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болған. Шығармалары 1945 жылдан жариялана бастаған. Алғашқы өлеңдер жинағы «Сапар» деген атпен 1950 жылы жарық көрген. Қаламгердің «Жазғы жаңбыр», «Қаратау өрнектері» өлеңдер мен поэмалары, «Сейтек сарыны», «Туған ауылда», «Күрең өзен», «Кертолғау», «Шежірелі сахара», «Көкек айы» әңгімелер мен повестер жинағы, «Ақбоз ат», «Тұлпардың тағдыры», «Ел мен жер», «Замана екпіні» романдары шыққан. Абай Құнанбаев туралы «Жұмбақ жан» зерттеу еңбегін жарыққа шығарған. Көркем аударма саласында М.Лермонтовтың «Измаил бей» поэмасын, П.Павленконың «Бақыт», Г.Николаеваның «Орақ үстінде» романдарын, Э.Сент-Экзюперидің «Кішкентай шаһзада» ертегісін, сондай-ақ А.Пушкиннің, В.Маяковскийдің, Низамидің өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған.

«Халықтар достығы» орденімен марапатталған.


79 жыл бұрын (1940) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, танымал айтыскер ақын Надежда Андреевна ЛУШНИКОВА дүниеге келді.

Алматы облысы Қаскелең ауданында туған. Қазақ арасында тәрбиеленіп, қазақша оқып, білім алған. Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педучилищені, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.

Жазба әрі суырып салма ақын. 1963 жылы Қызылордада облыстық айтысқа қатысып жүлдегер болған. Шымкенттік Қалдыбек Әліқұловпен айтысы киноға түсірілді («Айтыс», режиссері Т.Дүйсебаев). Жамбыл аудандық, Алматы облыстық айтыстарға қатысып, қарсыластарын жеңген. 1985 жылдан Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ү.Кәрібаев мұражайының бас ғылыми қызметкері, директоры қызметтерін атқарған. Алғашқы өлеңдері Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде 1958 жылы жарияланды. Өлең-жырларының жинағы екі дүркін жеке жинақ болып («Елім менің», «Көңіл хошы») басылды. Сол жинағы үшін Қазақстан комсомолының сыйлығы берілген. «Сағынарсыңдар мені де», «Қазақтың бір қызымын» атты кітаптары жарық көрген. Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.


67 жыл бұрын (1952) Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы БАТАЛОВ дүниеге келді.

Өзбекстанның Нөкіс қаласында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітірген. 1981-1985 жылдары - «Алматыөңдеуқұрылыс» тресінің №37 құрылыс-монтаж басқармасында аға прораб, бас инженер, бастық. 1985-1987 жылдары - Қазақстан Компартиясы Ленин аудандық комитетінің нұсқаушысы, құрылыс және өндірістік құрылыс материалдары қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің хатшысы, Қазақстан КП Алматы қалалық комитетінің құрылыс және қала шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы. 1987-1989 жылдары - құрылыс және өнеркәсіптік құрылыс материалдары облыстық комитетінің төрағасы. 1989-1991 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының құрылыс, өнеркәсіп құрылыс материалдары бөлімінде жетекші маман, бас маман. 1991-1992 жылдары - ҚР Президенті аппаратында құрылыс, өнеркәсіптік құрылыс материалдары бөлімінің референті. 1992 жылы - «Құрылыс индустриясы және технология» концернінің вице-президенті. 1992-1994 жылдары - Алматы қаласы Калинин ауданы әкімшілігі басшысының орынбасары, бірінші орынбасары. 1994-1995 жылдары - Ленин аудандық әкімшілігінің әкімі. 1995-2001 жылдары - Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі. 2001-2008 жылдары - Алматы облысы әкімінің орынбасары. 2008-2014 жылдары - Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде 2014 жылғы тамыздан бері.

«Құрмет» (2008) орденімен, «Астана», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған.


57 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңес мүшесі Асхат ДАУЫЛБАЕВ дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін «Динамо» өндірістік бірлестігінде жұмысшы болып еңбек етті.

1983 жылы Свердловск заң институтының сот-прокуратура факультетіне оқуға түсті. 1987 жылы осы жоғары оқу орнын үздік бітіріп, жолдама бойынша Қазақстанның прокуратура органдарына жұмысқа жіберілді. Еңбек жолын тағылымдамашы болып бастап, кейін тергеуші, сосын Алматы қаласы Октябрь ауданы прокурорының көмекшісі және аға көмекшісі болды. 1990 жылдан Алматы қаласының Калинин және Октябрь аудандары прокурорларының орынбасары қызметін, аудан прокурорының міндетін атқарды. 1992 жылы Алматы қаласы прокуратурасының жалпы қадағалау бөлімінің бастығы және алқа мүшесі болып тағайындалды. 1994 жылдың ақпанынан бері Алматы қаласының Төрелік соты төрағасының орынбасары болса, осы жылдың тамыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жалпы қадағалау басқармасының бастығы болып қызмет атқарды. 1997 жылы Үкіметтің қаулысымен А.Қ. Дауылбаев Қазақстан Республикасының әділет вице-министрі қызметіне тағайындалды, әділет біліктілік алқасының төрағасы болды. 1999 жылы «Қазақтелеком» ААҚ-ның вице-президенті - бас әкімшілік директоры болды. Сол жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2001 жылдың 16 қаңтарынан 2011 жылдың 14 сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары қызметін атқарды. 2011-2016 жылдары Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры болды.

Қазіргі қызметінде 2016 жылғы сәуірден бері. ІІ дәрежелі Мемлекеттік әділет кеңесшісі. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, 8 медальмен және атаулы қарумен марапатталған. Күрестен КСРО спорт шебері.


55 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ғазиза Шәмшідінқызы МҰСАБЕКОВА дүниеге келді.

Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Кузьминка ауылында туған. 1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Заң факультетіне оқуға түсіп, 1986 жылы аталмыш университетті үздікке бітірді. 1986 - 1987 жылдың ақпан айына дейін Жамбыл қаласы, Орталық ауданында Заң кеңесінен адвокат болып тағылымдамадан өтті. 1995 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы жекеменшік «Сраилов» адвокаттық кеңсесінде адвокат болып қызмет атқарды. 1996-2005 жылдары Жамбыл облысы, Меркі аудандық сотының судьясы, 2005 жылы Жамбыл облыстық сотының судьясы, 2010 жылы Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының төрайымы болып тағайындалды. 2011 жылы ҚР Президентінің жарлығымен Жамбыл облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрайымы болды. ҚР Президентінің 02.07.2012 жылғы жарлығымен Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрайымы болып тағайындалды. Қазіргі қызметінде 2015 жылғы желтоқсаннан бері.


54 жыл бұрын (1965) спортшы, жүзуден халықаралық сыныптағы Қазақстан Республикасының спорт шебері, паралимпиададан Қазақстан құрамасының капитаны Зульфия Раухатқызы ҒАБДУЛЛИНА дүниеге келді.

Жамбыл облысы Тараз қаласында туған. 1971 жылы апатқа түсіп, салдарынан омыртқа жарақатын алған, басына, қолына және аяқтарына зақым келді.

1990 жылдан бастап спортпен айналыса бастайды. 1991 жылы мүгедектер арбасына таңылған жандар арасындағы тұңғыш президенттік жарысқа қатысып, төрт рет бірінші орын алады. 1994 жылы спорттың екі түрінен – жеңіл атлетика мен жүзуден сегіз рет бірінші орынға ие болады.

Жүзумен кәсіби түрде 2007 жылдан бері айналысып келеді. Оны мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саттар Бейсембаев жаттықтырды.

2012 жылы Лондонда өткен жазғы Паралимпиада ойындарында 50 метрге шалқалай жүзуден бақ сынап, S3 санатында 12-ші нәтиже көрсетті. 2014 жылдың 23 қазанында Инчхонде өткен Параазиада ойындарында 1:44.33 секунд көрсеткішімен алтын медаль алды. 2015 жылы Глазгода өткен Әлем чемпионатында екі қола медаль алды.

2016 жылы қыркүйекте Зульфия Ғабдуллина Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Паралимпиада ойындарында алғаш рет ұлттық паралимпиада құрамасының қоржынына 100 метр қашықтыққа еркін стильде жүзу бойынша алтын салды. Сондай-ақ Рио-де-Жанейрода 50 метрге еркін стильде жүзуден төртінші және 50 метрге шалқалай жүзуден алтыншы орын алды.

2016 жылы Германияда өткен ашық чемпионатта жеңімпаз болды. 2017 жылдың 10 шілдесінде Германияда өткен ашық чемпионатта тірек-қимыл аппараты мен көз жанарында ақауы бар спортшылар арасында жүзуден қазақстандық Зульфия Ғабдуллина еркін стильде 200 метр қашықтыққа жүзу кезінде 03:26,65 секунд көрсеткішімен жаңа әлемдік рекорд орнатты.

2017 жылдың 7 желтоқсанында Мексикада өткен ӘЧ-да жүзуден әлем чемпионы атанып, Халықаралық Паралимпиада комитетінен 2017 жылғы Бүкіләлемдік жеңістер сериясы үшін арнайы сыйлық алды.


38 жыл бұрын (1981) Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы МӘКЕН дүниеге келді.

2003 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетін, 2009 жылы Монтана-Миссула университетін (АҚШ) («Болашақ» бағдарламасының стипендиаты) бітірген.

Алғашқы еңбек жолын 2003 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жастар істері комитетінің мәдени ұйымдастырушысы болып бастап, 2006 жылға дейін осы жоғары оқу орнында жастар істері комитеті төрағасының орынбасары, жастар ұйымының төрағасы қызметтерін атқарады. 2003-2006 жылдары «Қазақстанның ауыл жастары одағы» ҚБ тең төрағасы. 2004-2007 жылдары «Қазақстанның жастар конгресі» заңды тұлғалар ұйымы төрағасының орынбасары. 2005-2007 жылдары «Жасыл ел» жастар-еңбек жасақтары Республикалық штабының менеджері. 2009-2010 жылдары Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының жастар ұйымдарымен және ЖОО-лармен жұмыс бөлімі бастығының міндетін атқарушы. 2010-2012 жылдары Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасы бастығының міндетін атқарушы, басқарма бастығы. 2012 жылдан Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы. 2013-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2016 жылы VI шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, 2019 жылдың шілде айынан Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT