21 жасқа толмағандарды құмар ойынға тартқандар жауапкершілікке тартылуы мүмкін

None
Ашық көздерден алынған фото
АСТАНА. ҚазАқпарат – 21 жасқа толмаған адамдарды құмар ойынға тартқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парламент Мәжілісі VII шақырылымының депутаттары (Е.Бейсенбаев, Д.Закиева, Е.Жаңбыршин, М.Ахметов) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заң жобасына бастамашылық жасады. Оның шеңберінде банктерге және төлем жүйелеріне ойын бизнесін шетелдік ұйымдастырушылардың заңсыз қызметі кезінде қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салуды белгілеу, бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын шектеу, ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді, оның ішінде интернет желісін, байланыс құралдары мен лотерея терминалдарын пайдалана отырып, лотерея билетін таратуға тыйым салу, 21 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойынға тарту және бәс тігу үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу бойынша және басқа түзетулер көзделген», - деп жазады Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда аталған заң жобаларына әзірленген Үкімет қорытындыларының жобаларын Мәдениет және спорт министрлігі белгіленген тәртіппен мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтап жатыр.

«Осы мәселелердің маңызын ескере отырып, оны шешу бағытында Үкіметпен қатар қоғам өкілдерінің және депутаттық корпус атсалысуы қажет деп санаймыз. Үкімет сіздермен бірге заң жобалары шеңберінде ойынға тәуелділікке қарсы тұру бойынша нақты ұсыныстарды талқылауға дайын екенін білдіреді», - делінген жауапта.


Соңғы жаңалықтар