21 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 21 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

Наурыз мейрамы

Қазақ халқының ежелден келе жатқан Жаңа жылы. «Наурыз» сөзі парсының «нау» – жаңа, «руз» – күн деген сөздерінен тұрады, Жаңа жылдың бірінші күнін білдірген. Бұл мерекенің ежелден парсы және түркі халықтары бірнеше мың жылдан бері тойлап келеді. Қазақстан Наурызды мемлекеттік мереке ретінде 1999 жылдан бастап тойлап келді. 2008 жылдың 25 маусымындағы «Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты, 2009 жылдан бастап 3 күн бойы атап өтіледі. Қазіргі кездегі Наурыз көне дәуірдегі дәстүрлер сабақтастығын сақтап қалған, ұлттық мәдениетті қалпына келтіруде бұл «уақыт байланысының», Қазақстан тарихы мен қазіргі кезеңінің аса маңызды жалғастырушы буыны. Қазақстанда Наурыз мейрамы – мемлекеттік мейрам.

Халықаралық нәсілдік кемсітушілікті жою жолындағы күрес күні

1960 жылы наурыздың 21-де нәсілшілдік құрбандарын еске алу мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966 жылғы қазанның 26-дағы XXI сессиясының шешімі бойынша атап өтіледі. Осыдан 46 жыл бұрын (1960) Оңтүстік Американың Шарпевил қаласы полицейлері бейбіт шеруге шыққан тұрғындарға оқ атып, 69 адам қаза тапқан болатын.

Дүниежүзілік поэзия күні

ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 30-шы сессиясының шешімі бойынша наурыздың 21-і Дүниежүзілік поэзия күні болып жарияланды. Бірінші Дүниежүзілік поэзия күні ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан Парижде өтті.

Халықаралық орман күні

Бүгін бүкіл әлемде 1971 жылы бекітілген Халықаралық орман күні немесе Орманды қорғаудың дүниежүзілік күні аталып өтеді. Бұл күнді бекіту бастамасын Еуропалық ауылшаруашылық конфедерациясы 1971 жылы 23-і Бас Ассамблеяда ұсынды және бұл идеяны БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы қолдады.

Халықаралық даун синдромына шалдыққан адамдар күні

БҰҰ Бас Ассамблеясы 2011 жылдың желтоқсанында Даун синдромына шалдыққан адамдардың халықаралық күнін бекіткен.

Халықаралық қуыршақ театры күні

2003 жылғы наурыздың 21-нен бастап Халықаралық қуыршақ театры қызметкерлері күні дәстүрлі түрде аталып өтеді. Идея қуыршақ театрының танымал қайраткері Дживада Золфагариходаға (Иран) тиесілі. 2000 жылы Магдебургтағы УНИМА-ның XVIII-ші Конгрессінде талқылауға осы ұсынысты берді. 2002 жылы бұл ресми түрде бекітілді.

Дүниежүзілік әлеуметтік жұмыс күні

Жыл сайын наурыздың үшінші сейсенбісінде әлеуметтік жұмысты насихаттау арқылы әлеуметтік әділеттілік, адам құқығы және әлеуметтік даму үшін күресетін жаһандық ұйым – Әлеуметтік қызметкерлердің халықаралық федерациясының бастамасымен атап өтіледі. Әлеуметтік жұмыстың негізгі міндеті – көмекке және қолдауға мұқтаж әлеуметтік топтар өкілдерінің (балалар, мүгедектер, зейнеткерлер, аз қамтылған адамдар, әйелдер және т.б.) лайықты өмір деңгейі мен сапасын қамтамасыз ету. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыстың маңызды нәтижесі – бұл жеке адамдардың ғана емес, бүкіл отбасылар мен қоғамның әл-ауқатын жақсарту.

Халықаралық түстер күні

2009 жылы әлемнің 30-дан астам елінің атынан қатысатын халықаралық қауымдастық мүшелері ресми түрде мақұлдады. Халықаралық түстер күніне орай әлемнің көптеген елінде түрлі іс-шаралар өткізіледі: өнер көрмелері, ғылыми кездесулер, пікірталастар, суретшілер мен дизайнерлерге арналған байқаулар және т. б.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1950 жылы Өскемен қаласында Бүкілодақтық түрлі түсті металл ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қазіргі уақытта металл, цинк алатын полиметалл кендерiн өндіру, байыту және қорғасын концентраттарын қайта өңдеу мәселелерiмен айналысатын республикамыздағы ірі институт болып табылады. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Институттың 410 зерттемелері КСРО-ның Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінің (ВДНХ) алтын, күміс және қола медальдарымен атап өтілген. Институт КСРО-ның 1200 авторлық куәлігіне, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және алыс шетел елдердің 400 патентіне ие.

1972 жылы Алматы қаласының Әуезов ауданы құрылды. 1997 жылы Алатау мен Мәскеу аудандарының жойылуына байланысты қайта әкімшілік-аумақтық бөлініс болды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі арасындағы Достық және ынтымақтастық декларациясына қол қойылды.

2000 жылы Алматыда қазақтың тұңғыш инженері Мұхаметжан Тынышбаев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

2007 жылы мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, соғыстар мен қарулы қақтығыстарды тоқтатудың, Қарулы Күштерді және басқа да әскери күштер мен құрылымдарды дамыту және пайдаланудың негізгі ұстанымдарын қамтитын Әскери доктрина бекітілді.

2009 жылы 2006 жылғы қыркүйектің 8-де Семей қаласында қол қойылған Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы Келісімшарт күшіне енді. Қазақстан жеріндегі тарихи келісімшартқа Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы қол қойды.

2016 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын депутаттарының сайлауы болды. Дауыс беру ҚХА-ның кезектен тыс съезі барысынды елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтті.

2017 жылы Түркістан қаласы ресми түрде түркі әлемінің мәдени астанасы атанды. Осы күні түркі елдерінің тағдырын тоғыстырған киелі Түркістан төріндегі дүбірлі шараға 23 мемлекеттен келген 300-ге жуық шетелдік қонақ, халықаралық ұйым өкілдері, қазақстандық зиялы қауым және өнер тұлғалары, бұқаралық ақпарат құралдары мен оңтүстікқазақстандық тұрғындар, яғни, жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты.

2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Қазығұрт қасиетті тауының етегінде Кемеқалған кешенінің капсуласы салынды. Таудың үстінде кеме орнату, мұражай, қонақ үй, мейрамхана және көру алаңдарын салу жоспарлануда.

2019 жылы Каир университетінің филология факультетінде «қазақ тілі» мамандағының ресми ашылуы болып өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында араб әлемінде алғаш рет ЖОО-да бөлек пән ретінде оқытылатын қазақ тілінің бірінші ашық сабағында студенттер Қазақстанның Әнұранын орындап, Абай өлеңдерін оқыды. Бұдан бөлек, олар қазақ халқының дәстүрлері туралы қазақ және араб тілдерінде бірқатар қойылым қойды. Қазақ тілінің оқытушысы – «Әл-Азхар» университетінің түлегі, қазақстандық Рабиға Төлебай.

2021 жылы түркітілдес елдер арасында ақпарат алмасу және ортақ медиакеңістікті қалыптастыру үшін «алтын көпір» болуды жоспарлаған «Turkistan» халықаралық телеарнасы хабар таратуды бастады. «Turkistan» телеарнасы қазақ, түрік және орыс тілдерінде хабар таратады, көрермендерді бауырлас халықтардың тарихымен, мәдениетімен және қазіргі өмірімен таныстырады.

2021 жылы қостанайлық қолөнерші Райхан Оразалиева Наурыз мерекесіне орай 21 метрлік көрпе тікті. Бүгінгі таңда бұл Райхан апа тіккен ең ұзын көрпе. Қолөнерші Гиннестің рекордтар кітабына енуді жоспарлап отыр.

2021 жылы Павлодар қаласында көрнекті қазақ қайраткері, әнші және ақын Естай Беркімбайұлына ескерткіш ашылды. Естай - қазақ музыкасының барлық қырын сақтаған соңғы композитор. Оның шығармашылығы сал-сері сияқты жанрдың сан ғасырлық тарихын қорытындылайды.

2022 жылы Румынияның ірі өңірлік орталықтарының бірінде қазақстандық кино күндері өтті. Іс-шараның ашылуында бірнеше жыл ішінде үлкен серпіліс жасалған мәдени байланыстарды тереңдетудің маңыздылығы атап өтілді.

2022 жылы Халықаралық Түркі академиясы Наурызға арналған мерекелік іс-шара өткізді, оның аясында 2022 жыл ресми түрде Ахмет Байтұрсынұлы жылы болып жарияланды.


Соңғы жаңалықтар