21 мыңнан астам отандасымыз мемлекеттен грант алып, өз кәсібін ашты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл өз кәсібін ашуға ниетті 21 мыңнан астам қазақстандыққа 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік грант алып өз кәсібін ашқысы келетін жандар үшін business.enbek.kz платформасы іске қосылған. Ол үшін клиент электронды қолтаңбаның көмегімен порталда тіркеліп, грант талаптарына сәйкестігін тексеруі қажет. Сол сияқты азаматтарды бизнеске тарту мақсатында 90 мыңнан астам отандасымыз «Бизнес бастау» курсын оқып шықты. Биыл өз кәсібін ашуға ниетті 21 мыңнан астам адамға 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант бөлінді», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министр орынбасарының дерегінше, биыл 10 айда 764,8 мың адам жұмысқа орналасты.

Айта кетсек, биыл ұлттық жоба аясында 230 мың адам жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ, еңбек министрлігі келесі жылдан бастап кәсібін дамытқысы келетін жастарға 2,5%-дық жеңілдікпен шағын несие беруді жоспарлап отыр.

Одан бөлек, брифингте электронды еңбек биржасы арқылы жарты миллионға жуық адамның жұмыс тапқаны айтылды.


Соңғы жаңалықтар