Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 371.56 EUR 422.43
RUB 5.56 CNY 53.51

21 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2013 жылғы 21 маусым 06:50
Поделиться:

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 21 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

21 маусым, ЖҰМА

Жазғы күн тоқырауы. Дәл осы күні Солтүстік жарты шарда ең ұзақ күн болса, Оңтүстік жарты шарда ең қысқа күн болады.

Канаданың байырғы тұрғындарының күні. 1996 жылғы маусымның 13-де Канаданың генерал-губернаторы Ромо Ле Блан маусымның 21-ін байырғы тұрғындар күні деп жариялады.     

Музыка мерекесі. Францияда, ең алғаш рет 1982 жылы маусымның 21-нен 22-не қараған түні музыка мерекесі өтті. Бұл күні барлық кәсіпқой музыканттар мен музыка өнеріне енді араласып жүргендер жиналып, Францияның барлық қалаларында қайырымдылық концерттерін өткізеді. Қазір Музыка мерекесі халықаралық мәртебеге ие және маусымның 21-де 5 құрлықтағы 100 мемлекетте атап өтіледі.

Бүкілдүниежүзілік қарым-қатынас пен даму жолындағы мәдени әралуандылық күні. Қазақстан Бүкіләлемдік табиғи және мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияға 1994 жылғы сәуірдің 29-да қосылды. ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі  Тарихи-мәдени мұра департаментінің мәліметтері бойынша Қазақстанда 25 мыңнан астам сәулет ескерткіштері бар. Оның ішінде екеуі - Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы кешені ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген. Аталмыш тізімде әлемнің 120 елінде орналасқан мыңға жуық ескерткіштер бар. 

Халықаралық жұмыссыздықтан қорғау күні. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша жұмыссыздардың саны миллиард адамға жетеді. Бұл ғаламшардағы жұмыс күшінің үштен біріне тең.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1994) ҚР Министрлер Кабинетінің қаулысымен Ақмола, Атырау, Павлодар,  Талдықорған облыстарында аймақтық университеттер құрылды.

17 жыл бұрын (1996) Оңтүстік Кореяда Абайдың қарасөздері корей тілінде кітап болып басылып шықты.

16 жыл бұрын (1997) Будапештте венгр тілінде шыққан Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» кітабының тұсаукесері өткізілді. Оның алғысөзін Венгрия Президенті Арпад Генц жазған.

13 жыл бұрын (2000) ҚР ҰҒА-ның жалпы жиналысы Н.Ә.Назарбаевты «Макроэкономика» мамандығы бойынша мүшелікке қабылдады.

12 жыл бұрын (2001) Қостанай қаласындағы Октябрьдің 50 жылдығы көшесіне Алаш қозғалысының қайраткері, жазушы, ақын, драматург, журналист, 20-шы ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі Міржақып Дулатовтың есімі беріліп, ескерткіш тақта орнатылды.

7 жыл бұрын (2006) Ақтөбе облыстық мәслихатының 25-ші сессиясында «Ақтөбе облысына еңбек сіңірген қайраткер» атағы бекітілді. Арнайы комиссияның шешімі бойынша бұл атақ жыл сайын Ақтөбе облысының дамуына айтулы үлес қосқан үш ақтөбелікке тағайындалады. Бұл атаққа жұртшылық өкілдерінің, үкіметтік ұйым өкілдерінің, т.б. кандидатуралары ұсынылады. Құрметті атаққа лайықты кандидаттардың алғашқылары - Ресей батыры, ұшқыш-ғарышкер, ақтөбелік Юрий Лончаков, еңбек сіңірген қайраткер, ардагер Сапар Сағынтаев және неміс ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Вальтер Мемле деп танылды.

73 жыл бұрын (1940) қазіргі академик Қаныш Сәтбаев атындағы Геологиялық зерттеулер институты құрылды.

47 жыл бұрын (1966) Қазақ академиялық опера және балет театрында «Ақ қанат» балетінің премьерасы болды. Балет үш актіден және үш көріністен тұрады. Балеттің сценарийін жазған - Ә.Мәмбетов, композиторы - Ғ.Жұбанова, балетмейстрі - Д.Әбдіров, суретшісі - В.Мамонтов, дирижері - Т.Османов. Басты партияларды Ф.Жолымбетова мен А.Асылмұратов орындады. Балаттің екінші нұсқасы да 1967 жылы маусымның 27-інде осы театрдың сахнасында қойылды. 1970 жылы «Ақ қанат» балетінің музыкасы үшін композитор Ғазиза Жұбановаға Қазақстан мемлекеттік сыйлығы берілді.

14 жыл бұрын (1999) ақын Мұхтар Шахановқа халықаралық «Руханият» сыйлығы берілді.

14 жыл бұрын (1999) Батыс Қазақстаннан Қара теңіз жағалауына дейін созылатын Каспий мұнай құбырын төсеу басталды.

9 жыл бұрын (2004) Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында бірінші рет Халықаралық органдық музыкалар фестивалі өтті.

7 жыл бұрын (2006) Сара Алпысқызы Назарбаева «Асыл жүрек» халықаралық қайырымдылық сыйлығына ие болды. Беделді халықаралық қайырымдылық сыйлығын тапсыру рәсімі «Россия» бас концерт залында өтті. Бұл шараны атақты итальян актері Софи Лорен ашты. Сондай-ақ Орнелла Мути, Джессика Ланг және Стивен Сигал сияқты белгілі актерлер кештің арнайы қонағы болды.

109 жыл бұрын (1904) Халықаралық футбол федерациясы - ФИФА құрылды.Федерация құру туралы келісімге Франция, Бельгия, Дания, Голландия, Испания, Швеция, Швейцария елдерінің өкілдері қол қойды. 2 күннен кейін ФИФА-ның алғашқы конгресі ашылып, федерацияның президент болып француздық Робер Герен сайланды.

18 жыл бұрын (1995) «Абай» энциклопедиясы жарық көрді.

8 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жапония Үкіметі арасында «Республика Сарайына дыбыс жабдықтарын жеткізу (Алматы қаласы)» жобасын жүзеге асыру үшін Жапония Үкіметінің грантын тарту туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді бекіту туралы» Заңға қол қойды.

94 жыл бұрын (1918) қазіргі Алматы облыстық «Жетісу» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет қазақ, ұйғыр, өзбек, татар тілдерінде шығып тұрған. Газеттің алғашқы редакторы болып С.Шәкіржанов тағайындалған болатын.

 ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1908-1963) дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі КУЗЬМИЧ Федор Андреевич дүниеге келді.

Ресейде туған. Мәскеудің полктік музыкалық тобында тәрбиеленген. Алматы гарнизондық үрмелі аспаптар оркестрінде дирижері,  1934 жылдан Қазақ опера және балет театры оркестрінің трубашысы, кейінен дирижері болған. Театр сахнасында қойылған Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр», т.б. спектакльдерге дирижерлік еткен. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан.

103 жыл бұрын (1910-1971) орыс ақыны, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ТВАРДОВСКИЙ Александр Трифонович дүниеге келді.

Ресей Федерациясында туған. Мәскеу философия, әдебиет және тарих институтын бітірген.

«Новый мир» журналының бас редакторы болған.

Дәуір шындығын кең қамтитын «Бір қиырдан бір қиыр», «Василий Теркин», «Жазу дәптеріндегі өлеңдер», «Осынау жылдар лирикасы» шығармалары бар.

64 жыл бұрын (1949) суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері БАЙТЕНОВ Мәжит Садықұлы дүниеге келді.

Алматы көркемсурет училищесін, Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Ол бірқатар халыралық, бүкілодақтық, республикалық көрмелерге қатысқан. Оның туындылары Ә.Қастеев атындағы, Ж.Шарденов атындағы көркемсурет мұражайларында, Астанадағы, Қарағандыдағы, Павлодардағы Мәдениет министрлігінің көрме дирекциясында сақтаулы. М.Байтенов тарихты, түркі халықының салт-дәстүрінен хабардарлығының арқасында өзінің туындыларында сол деректерді кеңінен қолданады. Мысалы, оның көптеген картиналарында Тамғалы тастағы бұқаның суреті салынған. Сондай-ақ қылқалам шебері ауыл тақырыбын да жиі қозғайды. Алайда оның шығармашылығының бір ерекшелігі ол өз кескіндемелерін авангардтық, абстрактілі стильде салады.

59 жыл бұрын (1954) «ҚР Денсаулық министрлігінің Медициналық бұйымдарды, дәрілік заттарды және медициналық техникаларды сараптау ғылыми орталығы бас директорының орынбасары, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі  ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ Ілияс Райханұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын, КСРО Денсаулық сақтау министрлігі Трансплантология және жасанды органдар ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын, КСРО Медицина ғылымдары академиясы А.Вишневский атындағы Хирургия институтының докторантурасын бітірген. 1988-2001 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының курс жетекшісі, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2001 жылдан - Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының ректоры. 2008 жылдан - «Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіу орталығы» РМК ректоры.

Ғалымның 150-ден астам ғылыми жарияланымы, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрген.  

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005),  Ю.А. Гагарин атындағы медальдармен; «Мәскеу қаласының таңдаулы өнертапқышы» (1984) белгісімен марапатталған. «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2004), Ұлттық медицина қауымдастығынң «Алтын дәрігер» атағына ие болды,  «Ave Vitae» (2010) белгісінің иегері..

62 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасының Франция Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Португалия Республикасындағы және Андорра, Монако корольдіктеріндегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі ДӘНЕНОВ Нұрлан Жұмағалиұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Боровской ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, КСРО Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясын бітірген. 1976-1986 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Қостанай облыстық комитетінің, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің хатшысы. 1989-1992 жылдары - КСРО Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс басқармасының бірінші хатшысы, КСРО-ның Тунистегі Елшілігінің кеңесшісі. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Таяу және Орта Шығыс елдері басқармасының бөлім меңгерушісі, бастығы. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық мемлекеттік басқару жоғары мектебінің директоры. 1995-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сонымен қатар UNESCO жанындағы Қазақстан Респубикасының Тұрақты өкілі. 1999-2004 жылдары - Қазақстан Республикасының Швейцариядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Женева қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар бөлімшесі жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ватикандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2004-2008 жылдары - Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Ватикандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы, Дүниежүзілік туристік ұйым жанындағы еліміздің тұрақты өкілі міндетін қоса атқарушы. 2008-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2009 жылдың шілдесінен - Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, 2009 жылдың желтоқсанынан - Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы, Андорра және Монако корольдіктеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы.

«Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен, Әулие ұлы Григорий Үлкен крест орденімен марапатталған.

47 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация вице-министрі ӘБСАТТАРОВ Қайрат Бектайұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Жезқазған қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын, Жезқазған университетін бітірген. Жезқазған облыстық әкімшілігінде қызмет істеген. 1998-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің бас маманы, бөлім бастығы. 2001-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің бас сарапшысы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің Экономикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша бөлімінің бас сарапшысы. 2006 жылы - Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс Агенттігінің Қаржы-экономикалық сараптама және әкімшілік жұмыс департаментінің директоры. 2006-2010 жылдары - «Қазақтелеком» АҚ атқарушы директоры - президент аппаратының жетекшісі, бас әкімшілік директоры. 2010 жылғы наурыздан  - ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы.

Қазіргі қызметінде 2012 жылдың ақпанынан бастап істейді.

Екі медальмен марапатталған.

61 жыл бұрын (1952) 5-сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты БЕКТҰРҒАНОВ Ерсұлтан Өтеғұлұлы дүниеге келді.

Қарақалпақ АКСР-ның Тақтакөпір кентінде туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ дипломатиялық академиясын бітірген.

1976 жылдан - Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында оқытушы. 1979 жылдан - Жамбыл электр желілері кәсіпорындарында аға инженер, қызмет бастығы. 1984 жылдан - Талдықорған облысы Қапал аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, партиялық тексеру комиссиясының төрағасы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. 1990 жылдан - Талдықорған облыстық партия комитетінің ұйымдық-партиялық және кадр жұмыстары бөлімінің жауапты ұйымдастырушысы. 1991 жылдан - халық депутаттары Талдықорған облыстық кеңесінің аппарат жетекшісі, Талдықорған облыстық әкімшілігінің әкімі аппаратының жетекшісі. 1992 жылдан ҚР монополияға қарсы комитетінің Талдықорған облысы бойынша төрағасы. 1993  жылдан - ҚР СІМ екінші хатшысы, ҚР-ның ГФР-дағы елшілігінің  үшінші, екінші, бірінші хатшысы - Консулдық бөлімінің меңгерушісі. 1995 жылдан - ҚР Президенті  Әкімшілігі басшысының көмекшісі, 1996 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Президент Әкімшілігі басшысының кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары. 2008 жылғы қазаннан - ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі.

Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қаңтардан бері.

«Құрмет» орденімен, 4 медальмен, соның ішінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстанның Құрметті спорт қайраткері.

57 жыл бұрын (1956) гитарист, «Мюзикола» дуэтінің музыкалық продюсері  СЫЗДЫҚОВ Болат Мұратұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының мәдени-ағарту жұмыстары факультетін бітірген. 1973 жылдан - Қарағанды мемлекеттік филармониясының әншісі.1974 жылдан - Қызыл тулы Орта Азия әскери округінің дивизия штабы әскери оркестрінің әншісі. 1976 жылдан - республикалық «Гүлдер» ансамблінің әншісі. 1979 жылдан - «Арай» тобының әншісі. 1983 жылдан - «А-Студио» тобының гитарисі. 1989 жылдан - М.Дунаевскийдің басшылығымен «Имакс» шығармашылық орталығының әншісі (Мәскеу).

Қазіргі қызметінде - 1992 жылдан бері.

Бүкілодақтық эстрада әртістері конкурсының лауреаты (Мәскеу, 1982), «Big Apple Music-96» танымал музыка халықаралық конкурсының бірінші сыйлығы лауреаты (г. Нью-Йорк)

45 жыл бұрын (1968) ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы ЕВНИЕВ Арман Қайратұлы дүниеге келді.

1968 жылы 21 маусымда Солтүстік-Қазақстан облысында дүниеге келген. Омбы ауыл шаруашылығы институтын (агрономия), Қарағанды институтын, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген (мемлекеттік басқару). Еңбек жолын 1990 жылы Солтүстік-Қазақстан облысының Мәскеу ауданының XXV Партсъезд атындағы ауылдың агрономы қызметінен бастады, кейін осы облыстың Темирязев ауданының бас агрономы қызметінде болды. 1994-1999 жылдары - Солтүстік-Қазақстан облысының Мәскеу ауданының XXV Партсъезд атындағы ауылдың директоры, «Новоузенское» ЖШС директоры. 1999-2000 жылдары - Солтүстік-Қазақстан облысының Аққайын ауданының Әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы. 2001-2002 жылдары - ҚР Парламенті Мәжілісінің Аппарат секторының кеңесшісі, меңгерушісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің Аппаратында өңірлік даму және экономикалық реформалар жөніндегі Комитеті бөлімінің меңгерушісі. 2002 жылдан бастап - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Егіншілік шаруашылығы департаментінің директоры. 2005 жылдан бастап - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Вице-министрі. 2006 ж. ақпанынан бастап - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Егіншілік шаруашылығы департаментінің директоры. 2006 ж. қыркүйек айынан бастап - «Қазақстан фермерлер одағының» ҚҚ Президенті. 2007 ж. қазан айынан 2008 ж. тамызына дейін - «Оңтүстик» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары. 2008 ж қыркүйегінен 2010 ж. тамызына дейін - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Вице-министрі. 2008 ж. қараша айынан бастап - Қазақстанның Ұлттық агроөнеркәсіп палатасының орталық кеңесінің төрағасы. 2011 ж. қаңтарынан 2011 ж. маусымына дейін - «Атамекен» одағы» ҚҰЭП басқарма төрағасының орынбасары. 2011 ж. маусымынан 2012 ж. қаңтарына дейін - «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары. 2012 ж. наурыз айынан бастап - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Іскерлік кеңес төрағасының орынбасары. 2012 ж. шілде айынан - "МАЖИКО" басқарушы холдингінің" ЖШС бас директоры. 2012 ж. қазан айынан 2013 ж. наурыз айына дейін - Қазақстанның АӨК іскерлік кеңесінің төрағасы. 2013 ж. наурыз айынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жауапты хатшы қызметіне тағайындалды.

60 жыл бұрын (1953-2007) Пәкістан Ислам Республикасының п1988-1990 және 1993-1996 жылдардағы ремьер-министрі Беназир БХУТТО -дүниеге келді.

51 жыл бұрын (1962-1990) кеңестік рок-музыкант, әндер авторы, «Кино» рок-тобының жетекшісі ЦОЙ Виктор Робертович дүниеге келді.

Бөлісіңіз:
MURAǴAT