21 қыркүйек. Туған күн иелері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 21 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

nullЕСІМДЕР

114 жыл бұрын (1904-1998) актер және қоюшы-режиссер, Қазақстанның халық әртісі қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі БАДЫРОВ Қапан Оралұлы дүниеге келді.

Қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданы Табын ауылында туған. Қазақ театрының іргесін қаласқан өнер саңлақтарының бірі. Ауыл мектебін бітіргеннен кейін, 1922-1925 жылдары Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтында оқыған. Сондағы көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысып, 1922 жылы Б. Майлиннің "Бетім-ау, құдағи" деп аталатын шағын пьесасында Айқын келіншектің рөлін ойнап шыққан. 1925 жылы жаңадан ұйымдастырылып жатқан Қазақ драма театрына шақырылады. 1926 жылы Қазақ драма театры гастрольге кеткенде, Бадыров жолдамамен Алматы мал дәрігерлік техникумына оқуға жіберіледі. Онда оған жастар театрының көркемдік жағын басқару ісі тапсырылып, М. Әуезовтің "Қарагөз", "Еңлік-Кебек", Ө. Оспановтың "Зарлық", Ә. Сұлтановтың "Дариға-Қайдар", татар жазушысы Фахти Бурнаштың "Яш юряклар" спектакльдерін қойып, өзі де рөлдерде ойнады. 1931 жылы Қазақ драма театрына қайта оралады. Алғашқы көрнекті рөлі - М. Тригердің "Сүңгуір қайығындағы " Игорь Оленин. Сонан кейін Еркебұлан (С. Сейфуллиннің "Қызыл сұңқарларында"), Жетекші (Н. Погодиннің "Менің досымында"), Михайлов (В. Киршонның "Астығында"), Науан хазірет, Амангелді (Ғ. Мүсіреповтің "Ақан сері - Ақтоқты" мен "Амангелдісінде"), Телғара (Ә. Тәжібаевтың "Жалғыз ағаш орман емесінде"), Жомарт (Ғ. Мұстафиннің "Миллионерінде"), профессор Мамлюк (Ф. Вольфтің "Профессор Мамлюгінде"), Арқалық (Ж. Шаниннің "Арқалық батырында"), Бекболат (Б. Майлиннің "майданында"), Шыңғыс сұлтан, Әлихан Бөкейханов (С. Мұқановтың "Шоқан Уәлихановы" мен "Сәкен Сейфуллинінде"), Төле би (Т. Ахтановтың "Антында"), М. Яровой (К. Треневтің "Любовь Яроваясында"), Отелло (У. Шекспирдің "Отеллосында"), Уәзір (Н. Хикметтің "Фархад-Шырынында"), т.б. рөлдерді ойнап, Қазақсахнасында көптеген кесек образдар жасады. Әсіресе, Науан хазірет пен Отелло бейнелері - Бадыровтың Қазақсахна өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесі. Кейінірек У. Шекспирдің "Асауға-тұсауындағы" Баптиста, М. Әуезовтің "Еңлік-Кебегіндегі" Абыз бейнелері сияқты қарама-қайшы характерлерді сахналауы оның жан-жақты дарынын танытты. М. Әуезов драматургиясы Бадыров шығармашылығынан ерекше орын алып, Жазушының 21 пьесасында ойнады. Олардың арасында Кембай, Көбей, Қараменде, Еспембет ("Еңлік - Кебекте"), Керім ("Абайда"), Сапа, майқан болыс ("Түнгі сарында"), Демеужан ("Бәйбіше-тоқалда"), Маман ("Айман - Шолпанда"), Қобыланды ("Қарақыпшақ Қобландыда"), Кәрібоз батыр ("Хан кенеде"), Бөрібасар (Ә. Тәжібаевпен бірігіп жазған "Ақ қайыңда"), Б. Момышұлы, Сталин (Ә. Әбішевпен бірігіп жазған "Намыс гвардиясында") сияқты образдар бар. М. Әуезовтің "Абай" романының инсценировкасындағы Абай рөлі үшін КСРО мемлекеттік сыйлығы берілген (1952). 1940-1941 жылдары режиссурамен де айналысып, Ә. Әбішевтің "Жолдастарын" сахнаға шығарды. Кинода Қаратай ("Амангелдіде"), Айдар, Сырттан ("Абай әнінде"), Көреген ("Алып туралы аңызда"), Сәрсен ("Өмір жолында") рөлдерін ойнаған. Бабыровтың "Өткендер мен өткелдер" (1974), "Естен кетпес есімдер" (1981), "Театр, моя судьба" (1987) деген естелік кітаптары, көптеген мақалалары жарық көрді. Екі рет Еңбек Қызыл Ту, "Халықтар достығы" ордендерімен марапатталған.


93 жыл
 бұрын (1925-1977) Кеңес Одағының Батыры БЕКБОСЫНОВСерікқазы Бекбосынұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған.

1943 жылы Кеңес армиясы қатарына алынып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 300-ші гвардияшы атқыштар полкінің атқышы, қатардағы жауынгері болған. Свирь өзенінен өту кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін аға сержант Серікқазы Бекбосыновқа 1944 жылғы 21 шілдеде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейін туған жеріне оралып, кеңшарда жұмыс істеген.

Қызыл Жұлдыз, Ленин ордендерімен және медальдармен марапатталған. Өзінің туған ауылында батырға ескерткіш орнатылып, Абай ауданында бір мектептің аты берілген.

67 жыл бұрын (1951) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ТАСБОЛАТОВ Абай Бөлекбайұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Алматының Жоғары жалпы әскери басқару училищесін, Мәскеудің Фрунзе атындағы Әскери академиясын бітірген. 1969 жылдан бері Қарулы Күштер қатарында қызмет етті. 1973-1997 жылдары Алматы жоғары жалпы әскери басқару училищесінде курсанттар взводының командирінен училище бастығына дейінгі жолдан өтіп, Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бөлім бастығы болды. 1997-2002 жылдары Республика Қарулы Күштері Әскери академиясының бастығы қызметін атқарды. 2002-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болды. 2006-2011 жылдары - ҚР Республикалық ұланының қолбасшысы. 2012 - 2016 жылдары бесінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты. Қазіргі қызметінде 2016 жылғы наурыздан бері.

«Даңқ» орденімен, медальдармен марапатталған.


61 жыл
 бұрын (1957) ҚР Парламентіндегі ҚР Президенті өкілдігінің басшысы  НҰРПЕЙІСОВ Қайрат Айтмұхамбетұлы дүниеге келді.

Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы Галкино ауылында туған. Павлодар педагогикалық институты мен Алматы Халық шаруашылығы институттарын математик және экономист мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Павлодар стансасының локомотив депосында слесарь болудан бастаған. 1982-1988 жылдары Павлодар облысының қаржы және салық органдарында жұмыс істеп, бас экономистен Павлодар облысының салық комитетінің төрағасына дейін көтерілді. 1998-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, ҚР Мемлекеттік Кіріс вице-министрі қызметтерін атқарды. Соңғы уақытта Павлодар қаласының әкімі болды. 2003 жылғы маусымнан Павлодар облысының әкімі. 2008 жылдың қазанынан Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2009 жылдың тамызынан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы. 2012-2013 жылдары ҚР Парламенті Сенатының аппарат басшысы. 2013 жылғы қыркүйек айынан бері қазіргі қызметінде.

"Құрмет" орденінің және бірнеше ҚР медальдерінің иегері.

60 жыл бұрын (1958) Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің мүшесі МЕРКЕЛЬ Иоган Давидович дүниеге келді

Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола облысы) Еңбекшілдер ауданы Казгородок ауылында дүниеге келген. Свердлов заң институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 1984-1991 жылдары - Көкшетау облысы Чкалов ауданы прокуратурасының тергеушісі, Көкшетау облысы прокуратурасының аса маңызды істер бойынша тергеушісі, Чистопольск ауданының прокуроры. 1991-1995 жылдары - Қарағанды облысы Саран қаласының прокуроры, Қарағанды облысы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары. 1995-1997 жылдары Торғай облысының прокуроры, 1997-1999 жылдары Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары. 1999-2000 жылдары - Жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік комиссиясының мүшесі. 2000-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқықтық бөлімінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет бірінші вице-министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құқық қорғау және сот жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2005-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 2008-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары. Сыныптық шені - 3-ші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі. Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері. Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың мамыр айынан бері.

«Құрмет», «Даңқ» ордендерімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальімен марапатталған.

54 жыл бұрын (1964) қазақстандық шаңғышы, Олимпиада чемпионы СМИРНОВ Владимир Михайлович дүниеге келді.

1980-1992 жылдары КСРО (ТМД) құрамаларының сапында өнер көрсетті, 1992-1999 жылдары Қазақстаның намысын қорғады. 4 дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының төрт мәрте күміс, екі мәрте қола жүлдегері.

39 жыл бұрын (1979)  Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары ДҮЙСЕБАЕВ Асылбек Жексенбайұлы дүниеге келді.

Жоғары білімді, экономист-менеджер мамандығы бойынша С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылдан бастап «Агро-центр Астана» ЖШС-да бақылаушы-ревизор болып бастады.

2002 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Орталық және жергілікті атқарушы органдарда жұмыс тәжірибесі бар. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы болған. 2004-2006 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің бас инспекторы болып қызмет атқарды.

2006 жылдан бастап Қарағанды облысында қызметін жалғастырды. Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болды.

2007 - 2010 жылдары облыс әкімі аппаратын басқарды, одан кейін облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

2010-2012 жылдарда Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы, ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі қызметін атқарды.

Тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары лауазымында еңбек етті.

Қазіргі қызметінде - 2014 жылдың маусымынан бастап.

Соңғы жаңалықтар