21 250 теңге үшін азаматтар өтінімді қайта беруі керек пе
Осы соманы алу үшін азаматтар өтінімді қайта беруі керек пе? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі күнге дейін 2,1 млн адам, соның ішінде проактивті форматта да 42 500 теңгені алған болатын (шілде үшін). Қазіргі уақытта бұл шаруамен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысып жатыр. Бұрын бір реттік әлеуметтік төлемді алған азаматтардың мәліметтері базада бар. Сондықтан оларға проактивті форматта төлем тағайындалады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ералы Тоғжанов тамыз айында карантин екі апта болғандықтан азаматтар 42 500 теңгенің орнына 21 250 теңгеден алатынын хабарлаған болатын.
«Бұл мәселеге қатысты Президенттің тікелей тапсырмасы бар: екі аптаға созылған карантинге байланысты төлем міндетті түрде жүргізіледі. Алайда, бұрынғы соманың жартысы, яғни 42 500 теңгенің жартысы – 21 250 теңгеден беріледі. Бұл қаржыны біздің азаматтар міндетті түрде алады», - деді Ералы Тоғжанов.