2050 жылғы әлем: Азия құрлығының қарқыны қатты болады

None
None
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Тәуелсіз сараптау орталығы ретінде 2009 жылдан бері қызметін жалпақ жұртқа ұсынып келе жатқан «Дағдарыстан кейінгі әлем» атты халықаралық қор бар. Осы қор «Перспектива-2050: әлемнің жаңа саяси-экономикалық картасы» атты жинағының тұсауын кеше Астанада кесті. Халықаралық қордың биылғы ақпан-мамыр айы аралығында жүргізген зерттеулеріне әлемнің 63 елінен әр саланың майталманы саналатын 303 сарапшы қатынасыпты.

Экономистер, қаржы сарапшылары, ғалымдар, халықаралық алпауыт компаниялардың топ-менеджерлері, экономика мен саясат тақырыбын қаузайтын журналистер, жаратылыстану саласының ғалымдары, қоғамдық және гуманитарлық саладағы зерттеушілер мен сақа саясаткерлер, салмақты шенеуніктер, аузы дуалы болжаушылары бар сарапшылар тобы сауалнамаға қатыса отырып, 2050 жылға дейінгі жаһандық өзгерістердің өрнегін салуға тырысады, әлемнің жаңа саяси-экономикалық картасын түзе отырып, әр мемлекеттің даму болашағына көз жүгірткен. Сөйтіп, сауалнама бойынша бірқатар сұраққа жауап берген сарапшылар ғаламдық геосаясатқа, жаһандық жан-жақты дамуға көзқарастарын танытқан. Соның ішінде ерекше назар аудартатына үңілсек: «2050 жылдары әлемде нендей жойқын құбылыстар орын алуы мүмкін?» деген сауалға әлгі сарапшылардың басым бөлігі: «Табиғи ресурстар тез түгесіле бастайды, көмірсутек шикізаты таусылып, әлем жұртшылығы ауыз су мен азық тапшылығына ұшырайды» деп жауап беріпті. Бұл ретте сауалға қатысушылар алдағы 30-40 жылда адамзат санының тағы үш миллиардқа еселенетінін ескеріп, соны меңзесе керек.

Дамыған елдер мен дамушы елдердің және посткеңестік елдердің аясында жасалған зерттеулер адамзат алдынан экологиялық проблемалар шығып, ресурстар тапшылығы өз дегенін жасайды, түптеп келгенде ол алдағы геосаяси тепе-теңдікке өз әсерін тигізеді деген секілді қорытындылар көрсеткен.

Ал «Ел дамуына мемлекет тарапынан жасалған жоспарлау әсер ете ме?» яки «Қай елдің мемлекеттік жоспарлау тәжірибесі алда?» деген сауал бойынша бірінші орынға Қытай шыққан. Онан соң АҚШ, Германия, Жапония, Ресей және Қазақстан шығыпты. Бұдан кейінгі тізімді Сингапур, Бразилия, Оңтүстік Корея елі жалғастырады. Сарапшылар бұл ретте Ресейді жоғары топқа енгізгенде КСРО тәжірибесін ескерсе, Қазақстанның ұзақ мерзімге жоспарланған мемлекеттік даму жүйесі ТМД шеңберінде теңдессіз жүйе деп бағаланған. Қазақстан сонау жылдары қабылдаған «Қазақстан-2030» бағдарламасымен ерекшеленген ел ғана емес, 2050 жылға дейінгі стратегиясымен де озық шығып тұр. Өңірдегі көршілестердің ешқайсысы да мұндай ұзақмерзімді стратегияға кіріспеген.

2050 жылдары әлемге ықпал етуде өзінің қазіргі деңгейін жоғалтатын елдер арасында АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Италия, Ресей көрініс беретіндігін айтқандар болыпты. Есесіне осы жылдары ықпалы үстем болатын мемлекеттер қатарына Иран, Вьетнам, Нигерия, Малайзия, Қазақстан кірген. Бұл тізімдегі алдыңғы қатарға шығатын мемлекеттер ішінде болжаушылар Еуропадан жалғыз Польшаның табанын тигізіпті.

«Дағдарыстан кейінгі әлем» халықаралық қорының директоры Екатерина Шипованың айтуынша, сауалнамаға қатысушылардың 30 пайыздайы қазіргі әлемдегі даму сипатында ықпал етушілердің арасалмағы Батыстан Шығысқа қарай ауысып, яғни Азия елдері екпінді бола түсетінін болжаған. Бүгінгі дамушы елдердің ықпал өрісі артатынын біразы мойындапты. «Сарапшылар қауымдастығының көзқарастары оптимистіктен гөрі пессимистік бағытта өрілді. Өткен ғасырда сарапшылар даму үдерісін табиғи қалыпты жағдай деп есептесе, қазір олай емес, келесі буын біздерден нашар өмір сүреді, даму үдерісі орталықтан шет жақтарға қарай жүреді деген заңдылық та өзгеріске ұшырайды және әр аймақтың өзінің даму нүктелері, орталықтары болады деген пікірлер туып отыр. Бұрынғы өркениет бесіктері Еуропа, АҚШ-тан өтіп, алдыңғы кезекте Азияда қарқынды жүрмек, осылайша саяси, экономикалық, әлеуметтік стагнацияға ұшыраған әлемдік анклав қалыптасуы мүмкін деген сараптаулар болды», - дейді Қор директоры Екатерина Шипова.

Оның айтуынша, алдағы 40 жылда көп елдердің тіршілігі, тағдыры өзгереді. Соның ішінде ең алдымен посткеңестік кеңістіктегі елдер тағдыры құбылады.

Сонымен қатар, мемлекет басқарған жылдарында өз елдерінің дамуы мен табыстарға жетуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар қатарында Германия Канцлері Ангела Меркель, Қытайдың бұрынғы басшысы Ху Цзиньтао, Ресей Президенті Владимир Путин, Венесуэланың өмірден озған басшысы Уго Чавес, Қазақстан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Бұның өзі әлемдік қауымдастықтың еліміз бен Елбасымызға берген зор бағасы болса керек.

Керісінше, ел беделі мен дамуының құлдилауына себепкерлер қатарында кіші Джордж Буш, Хосни Мүбәрак, Хафез Асад, Муамар Каддафи, Сильвио Берлускони аталған. Саяси көшбасшылар ішінде өз елінің дамуына әсер етпеген көшбасшы тізімін Францияның экс-президенті Николя Саркози мен Куба басшысы Рауль Кастро бастапты. Ал болашақта әлемдегі «жаңа жолбарыстардың» тізіміне кімдер кірмек деген сауалда да Түркия, Индонезия, Вьетнам, Ираннан соң Қазақстан тұрғанын да ғалым айтып өтті. Тағы бір назар аударар жайт, Владимир Путин, Хосни Мүбәрак, Хафез Асад, Муамар Каддафи, Александр Лукашенко сынды көшбасшылардың есімдері екі тізімнен де түрлі деңгейде көрініс тапса, Нұрсұлтан Назарбаев тек бір тізімде оң ықпал етуші қатарында ғана аталған.

Сонымен қатар, сарапшылар Азия құрлығы экономика жағынан көш ілгері кететінін айтады. Қазірдің өзінде технология жағынан оза түскен Азияда жаңа «жолбарыстар» да серпінді секіріс жасайтыны күтіледі. Бұндай Азия жолбарыстарының қатарында Түркия, Индонезия, Вьетнам, Иран мен Қазақстан аталады.

Енді сол тұсаукесердегі сарапшылар пікіріне келсек, Назарбаев Университетінің ректоры Шигео Катсу сауалнамаға қатысқан сарапшылардың даму үдерісінің Азияға ауысатыны туралы пікірлеріне иланады. Ресейлік синолог ғалым Алексей Маслов болса, Еуропадағы мультимәдени дамудың тоқырауға тірелетінін айтып, керісінше Қазақстандағы этносаралық және дінаралық толеранттылықтың жемісті болатынына назар аудартады. Оның айтуынша, Қазақстанның бейбіт жолмен қарқынды дамуындағы Елбасының рөлі аса жоғары.

Ал қазақстандық профессор Арыстан Есенғұлов өз сөзінде Қытай экономикасының үлгі ретінде айтылуына қарсы пікір білдірді. Оның сөзіне қарағанда, Қытайдың дамуы айрықша, бірақ оның экономикасы әлі мықты емес. «Қытайдың ішкі жалпы өнімі 15-17 пайызға дейін де артуы мүмкін. Дегенмен, Қытай азаматтарының көпшілігі әлі де болса кедей тұрады. Өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында дағдарыс келгенде Жапония өз экономикасын тез арада жоғары технологияларға бұра алды. Жалпы, дағдарыстың екі жағы бар. Оның бірі сол кезеңде халықты қиналту болса, екіншісі - адамзат баласын одан шығудың жолдарын іздестіретін, тың бағыттарды тауып, алға жылжытудың қайнар көзі болатындығы. Сондықтан дағдарыстан кейін дамудың орын алуы да заңдылық», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар