2050 жылға қарай Сырдария суы 5% азаяды – Өзбекстан сарапшысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры Элдор Ариповтың айтуынша, 2050 жылға қарай Орталық Азия елдері азық-түлік қауіпсіздігі мәселесімен бетпе-бет келуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орталық Азия-2030: Болашақтың келбеті» атты сарапшылар кездесуінде өзбек сарапшысы осындай ой айтты.

«Сарапшылардың сөзіне сенсек, ауа температурасының өсу қарқыны жыл сайын өсе беретін сияқты. Бұл неге әкеп соқтыруы мүмкін? Қазірдің өзінде бәріміздің жеріміздің шөлейттенуі, Қырғызстан мен Тәжікстандағы мұздықтардың азаюы сияқты өте салмақты деградацияларға әкеліп жатыр. Бұл мұздықтар – өңірге қажет судың негізгі көзі», - деген Өзбекстан өкілі сарапшылардың өңірдегі климаттық өзгерістер туралы болжамына тоқталды.

«Мамандар 2050 жылға қарай Әмударияның су ағыны 15 пайыз, Сырдарияның су ағыны 5 пайыз қысқарады дегенді айтып жүр. Бұл ауыл шаруашылығындағы өнімділіктің төмендеуіне әкелмей қоймайды.

Тағы сол бағалаулар бойынша ауыл шаруашылығындағы өнімділік көлемі 2050 жылға қарай 30 пайыз азаюы мүмкін. Бұл азық-түлік қауіпсіздігінің мәселесін туындатады. Яғни, осы бір экологиямен, климаттың өзгеруімен, су тұтынумен байланысты тұтас проблемалар шоғыры бізден шешім талап ететін өзекті мәселе болып тұр», - дейді Элдор Арипов.


Соңғы жаңалықтар