2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну 46 пайызға артады – Ерлан Қошанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1 543 ауыл немесе 544 мың адам таза сумен қамтамасыз етілмеген. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БҰҰ бағалауынша, әлемде әрбір бесінші тұрғын судың тапшылығын көріп отыр. Сонымен қатар, кезінде БҰҰ бас хатшысының болашақта су мұнайдан да қымбат болады деген сөзі бүгінгі күні шындыққа айналуда. Енді сарапшылардың пікіріне сәйкес, жыл сайын адамзаттың су ресурсына қажеттілігі шамамен 1 пайызға артады. Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігі су ресурстарымен толық қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру және қорғау – мемлекеттің басым міндеті екенін бірнеше рет атап өткен. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну 46 пайызға артады. Ал су ресурстарының тапшылығы жылына 12 текше километрге жетуі мүмкін. Бұған әсер етуші факторлар жетерлік. Халық санының өсуі, экономикалық дамудағы ерекшеліктер мен басқа да себептер ықпал етіп отыр», - деді Е.Қошанов Мәжілістегі парламенттік тыңдау барысында.

Осы орайда ол өнеркәсіп пен тұрмыстық секторда су тұтыну жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы - суды ең көп тұтынатын сала. Әрине, мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бірақ су ресурстарының мәселесі әлі де өзекті күйінде. Солардың кейбіреуіне тоқталып өтсем. Біріншіден, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында бес жылда қалалар мен ауылдарды 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Бірақ әлі 1 543 ауыл немесе 544 мың адам таза сумен қамтамасыз етілмеген. Демек, бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту қажет. Кейбір облыстарда бұл бағытта тиісті жұмыстарды атқару керек», - деді Ерлан Қошанов.


Соңғы жаңалықтар