2030 жылы Орталық Азияның келбеті қандай болады – сарапшылар арасындағы сауалнама

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Орталық Азияның алдағы 7 жылдағы келешегі туралы сараптамалық сауалнама жүргізді. Оған қатысқандардың 50% астамы Орталық Азияны транзиттік хабқа айналғанын көргісі келетінін айтқан.

Сарапшылардың 33,3% іргелес елдердің арасында бәсекелестік күшейе түсетінін болжаса, 56,4% Орталық Азия мемлекеттері тұтас бір транзиттік хаб құруы мүмкін деген тоқтамға келген. Сондай-ақ сарапшылардың 64,1% 2030 жылға қарай бұл елдерді біріктіруші басты фактор ұжымдық қауіпсіздік мәселесі болады деген ұйғарым айтқан.

Экономикалық интеграция туралы айтқанда сарапшылардың көбі сауда-көлік байланысының әлеуетіне ерекше назар аударған. Яғни, елдердің басты көлік дәліздерін жалғау арқылы жүк тасымалының көлемін арттыруға болатынын меңзеген. Респонденттердің 69,2% көлік қатынастары Орталық Азия үшін негізгі өсу нүктесі бола алатынын, сондықтан инфрақұрылымды жетілдіруге арналған жобалар инвестициялық тұрғыда да тартымды болатынын айтқан.

Сауалнамаға қатысқанда өңірде халық саны ұдайы өсіп келе жатқандықтан экономикалардың негізгі драйверінің бірі құрылыс саласы болып қала беретінін болжаған. Статистика бойынша, Орталық Азияда жыл сайын 2 миллионға жуық адам өмірге келеді.

Сарапшылар Орталық Азия ауқымындағы кооперацияның келешегіне де үмітпен қарап отыр. Респонденттердің көбі кооперациялық байланыстардың қазіргі деңгейін «жеткіліксіз» деп бағалаған. Сондай-ақ 51,3% сарапшы кооперация деңгейін Орталық Азия ауқымындағы ұйымдар арқылы жетілдіру керек деген пайым білдірген.

Сарапшылардың тағы бір бөлігі өңірдегі кооперация деңгейі «ішінара жеткілікті», су ресурстарын басқару, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі сияқты жекелеген салалардағы ынтымақтастықты институттар негізінде жетілдіру қажет деп бағалаған.


Фото: КИСИ

Соңғы жаңалықтар