2030 жылға қарай жер бетінде 1,4 млрд қарт болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2030 жылға қарай жер бетінде 60 жастан асқан кем дегенде 1,4 миллиард адам болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтарына сілтеме жасап.

Қарт адамдар қолдау мен қорғауды қажет етеді, өйткені олар жиі түрлі сілкіністер мен дағдарыстардың құрбандарының қатарында болады. Бұл туралы БҰҰ 1 қазанда атап өтілетін Халықаралық қарттар күнінде еске салды.

Соңғы жылдар егде жастағы адамдардың дағдарыстың нағыз эпицентріне түскен уақыты болды. 60 жастан асқан адамдар COVID-19 пандемиясы кезінде ең осал топқа жатқызылды. Олар қарулы қақтығыстардың немесе климаттың өзгеруінен туындаған табиғи апат кезінде үйлерінен шыға алмай, бірінші болып зардап шегуде.

Кедейлік, әлеуметтік қауіпсіздік және тиісті медициналық көмектің жоқтығы да қазіргі әлемде егде жастағы адамдар кездесетін мәселелердің бірі.

«Жеке елдер және жалпы жаһандық қауымдастық ретінде ортақ міндетіміз – ұзақ өмір сүру мәселелерін шешу және оның әлеуетін ашу», - деп мәлімдеді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутурриш Халықаралық күніне арнап сөйлеген сөзінде.

БҰҰ Бас хатшысы ол үшін барлық жастағы адамдардың әлеуметтік, экономикалық және саяси интеграциясына жәрдемдесу қажет деп санайды. Егде жастағы адамдардың білім алып, біліктілігін арттыруға, әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, қолжетімді және сапалы медициналық көмекті пайдалануға мүмкіндік беру маңызды.

«Қарттар – білім мен тәжірибенің үлкен көзі. Біз олардың әлеуетін белсенді түрде пайдалануға, қоғам өміріне толық және мазмұнды араласуын қамтамасыз етуге тырысуымыз керек», - деп еске салды Антониу Гутерриш.


Соңғы жаңалықтар