2030 жылға қарай трендте болатын ТОП-7 мамандық аталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Мұхтар Манкеев 2030 жылға қарай трендте болатын ТОП-7 мамандықты атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«World Economic Forum 2025-2030 жылдары сұранысқа ие болатын ТОП-7 мамандықты атады. Солардың ішінде бұрын болмаған екі кәсіптің бірігуінен туындаған ІТ-дәрігер деген мамандық шығып жатыр. Бұрын блогерлер, SMM-менеджерлер дейтін едік. Оларды ешкім оқытпайтын да. Қазір солардың басын біріктіретін «тренд бақылаушысы» деген кәдімгі кәсіби бағыт дамып келе жатыр. «Биоинженер», «деректер талдаушысы» немесе «data-аналитик» деген мамандықтар сұранысқа ие болмақ. «Урбаинст-экологтарға» да сұраныс артып келеді. Бұрын тек архитекторлар жұмыс істесе, қазір экологияны бірге алып жүретін гибрид мамандық пайда болды. «Жоба менеджері», «жасанды интелект және машиналық оқыту саласындағы маман» деген сияқты жаңа-жаңа бағыттар дамиды», - деді ол.

Сарапшының айтуынша, бұл мамандықтарға 2025 жылдан кейін мектеп бітіретін оқушылар бағдарлануы керек.

«Әрине, қазіргі түлектерге алдағы 5-10 жылда қандай мамандықтар трендте болатынын жеткізуіміз керек. Сондай-ақ қазір 1 сыныпқа келіп жатқан балаларды да ұмытпауымыз қажет. Оларға кәсіби бағдар бойынша бөлек пән, пән кабинеттері ашылып жатыр. Біз соларға 100-ден астам жойылып келе жатқан мамандықтардың тізімін де қалдырып жүрміз. Сол арқылы олар қай мамандықтың керекті болатынын, қай мамандықтың керексіз болып қалатынын біліп отырады. Оның бәрін ойымыздан шығарып жатқан жоқпыз. Нақты ғылыми деректерге бағынып, қорытынды шығардық», - деді Мұхтар Манкеев.


Соңғы жаңалықтар