2030 жылға қарай Қазақстанда атмосфераға зиянды шығарындылар көлемі 3,6 млн тоннаға жетуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2030 жылға қарай Қазақстанда атмосфераға зиянды шығарындылар көлемі 3,6 млн тоннаға жетуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың қорытындысында атмосфераға зиянды шығарындылардың көлемі 2,4 млн тоннаны құрады. Оның ішінде көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансаларына 900 мың, таң-кен металлургия секторына 700 мың, мұнай өндіруге 500 мың, көлік пен ауыл шаруашылығына 300 мың тонна шығарынды тиесілі. Бұған қоса, нақты шаралар қолға алынбаса, 2030 жылға қарай болжам бойынша шығарындылар көлемі 3,6 млн тоннаға жетпек», - деді вице-министр ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.

Оның дерегінше, атмосфераға зиянды шығарындылардың көлемі бойынша Павлодар, Қарағанды және Атырау облыстары алдыңғы орында келе жатыр.

« Павлодар облысы жылына 717 мың тонна шығарынды көлемімен чемпион болып тұр.Соңғы 3 жылдың ішінде шығарындылар көлемі 14 пайызға артты, бұл 100 мың тоннаны құрайды. Әкімдікпен бірге облыстың қоршаған ортаны сауықтыру бойынша қабылдаған кешенді жоспарына қарамастан өңірдегі ауа атмосферасының ластануына қатысты жай алаңдатарлық болып тұр. Өңірдің проблемасын шешу үшін әрбір тараптан нақты шаралар қажет. Қазақстан электролиз зауыты, Қазақстан алюминиі, Екібастұз СЭС-2 сынды атмосфераға үлкен зиян келтіретін ірі кәсіпорындарға ең үздік қолжетімді технологияларды міндетті түрде енгізу талабы күшейтіледі. Табиғатты қорға шараларының жоспары қайта қаралып, мемлекеттік экологиялық бақылау қатайтылады», - деді ол.

Вице-министр дерегінше, Қарағанды облысында «Арселор Миттал Теміртау», Балқаш және Жезқазған мыс қорыту зауыттардың зиянды шығарындылары 349 мың тоннаны құрайды. Бұл өңірдеде табиғатты қорғау бағытында қолға алынған шаралар жағдайды жақсарта алған жоқ. Соған орай 2019 жылы министрлік пен «Арселор Миттал Теміртау»компаниясы эмиссияның нақты көлемін төмендету бойынша меморандумға қол қойды.

Ал Атырау облысында «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС және Атырау қаласының сол жағалауының сарқынды суы төгілетін «Сасық сай» экологиялық проблема болып отыр.

«Бүгінгі күні мұнай өңдеу зауытымен әкімдіктің «Сасық сайды« қалпына келтіруге бағытталған бірлескен жоспары бар. Алайда, оны жүзеге асыруға тым көп уақыт қажет. Сондықтан әкімдікке АМӨЗ-бен бірге жоспарды қайта қарап, оны жүзеге асырудың қысқа уақыттың ішінде кірісу ұсынылады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар