2030 жылға қарай ішкі нарық отандық мұнай-газ-химия өнімдерімен толық қамтылады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2030 жылға дейін ішкі нарықтағы мұнай-газ-химия өнімдерінің қажеттілігі толық жабылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұнай-газ-химия өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру мен тұтынудың болжамды теңгеріміне сәйкес, майлау материалдарын қоспағанда, 2030 жылға дейін ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық жабу жоспарлануда», - деді министр.

Оның дерегінше, полипропиленге деген ішкі қажеттілік осы жылдың ішінде жабылады. Ал метанолға 2023 жылдан бастап, полиэтилентерефталатқа 2024 жылдан бастап, бутадиенге 2026 жылдан бастап және полиэтиленге 2027 жылдан бастап қажеттілікті жабу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

«Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру импортты алмастыруға ғана емес, елдің экспорттық әлеуетін дамытуға да ықпал ететін болады», - деді Болат Ақшолақов.


Соңғы жаңалықтар