2029 жылдың соңына дейін 11 мың шақырым теміржол жөнделеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында іске асатын шараларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қорғаныс өнеркәсібін дамыту жөніндегі тұжырымдама әзірленді. Оның шеңберінде 2029 жылға дейін заманауи технологияларды трансферттеу және қару-жарақ пен әскери техниканың жетекші әлемдік өндірушілерімен өндірісті оқшаулауды ұлғайту жөніндегі жобалар іске асырылатын болады.

Отандық қайта өңдеушілерді базалық шикізатпен қолайлы бағамен қамтамасыз ету бойынша заңнамалық түзетулер пакеті дайындалды.

Ауыл шаруашылығы техникасын лизинг бойынша қаржыландыру тетігінің 2 нұсқасы пысықталып жатыр: біріншісі – республикалық бюджет арқылы, екіншісі – Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторының қаражаты есебінен», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеует тұжырымдамасының жобасы әзірленген. Бекіту мерзімі – жылдың соңына дейін.

«2029 жылдың соңына дейін 11 мың шақырым теміржол учаскесін жөндеу жоспарланып отыр. 2023 жылы 882 шақырым теміржолда жұмыс жүргізілетін болады.

Инфрақұрылымдық теміржол жобаларын іске асыру басталды. «Достық-Мойынты» учаскесінің екінші жолдарының құрылысы биыл қараша айында басталды. Қалған жобалар бойынша техникалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Республикалық маңызы бар автожолдар мен жергілікті желіні салу және реконструкциялау жалғасуда. 2029 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар және жергілікті маңызы бар 22 мыңнан астам автожолдың құрылысы мен жол жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланып отыр

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп біз ірі қалаларда электромобильдер үшін қажетті инфрақұрылымды құру жөніндегі Жол картасын әзірлеуге кірістік», - деді Қайырбекс Өскенбаев.


Соңғы жаңалықтар