2028 жылы «Қаламқас» және «Хазар» кен орындарын игере бастаймыз - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл жыл соңына дейін «Қаламқас», «Хазар» кен орындарын игерудің тұжырымдамасы әзірленіп, 2028 жылға қарай кен игеруді бастау жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен оның серіктестері арасында аталған кен орындарын игеру тұжырымдамасын таңдау бойынша талқылау жүріп жатыр. Отандық өнім көлемін арттыру тұрғысында бұл жобалардың маңызы зор. Күнделікті «ҚазМұнайГазбен» бірлескен жұмыс барысында бұл кен орындарының әлеуеті өте жоғары екеніне көзіміз жетіп отыр. Жыл соңына дейін кен орнын игерудің тұжырымдамасын таңдау бойынша шешім қабылданады. 2028 жылға қарай кен игеруді бастау үшін биыл жыл соңына дейін тұжырымдама таңдалып, шешім қабылданады деп күтіп отырмыз», - деді Мағзұм Мырзағалиев елордада өтіп жатқан «KIOGE-2021» халықаралық мұнай және газ көрмесінде тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Еске сала кетсек, қыркүйекте Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы құны шамамен 5 миллиард доллар болатын «Қаламқас» және «Хазар» ірі кен орындарын игеру жұмысын бастау жөніндегі шешімін еске салды.

Сондай-ақ, Президент кен орындарын игеру жұмыстарына жергілікті компаниялар мен кадрларды барынша тартудың маңызды екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар