2027 жылы республикалық жолдар 100 пайыз интернет және ұялы байланыспен қамтылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2027 жылы республикалық жолдар 100 пайыз интернет және ұялы байланыспен қамтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа цифрлық мүмкіндіктер бағыты бойынша барлық қалалар мен аудан орталықтарында кең жолақты Интернетті қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінгі ұялы байланыс бойынша жағдайға көз салсақ, 3G технологиясы бойынша 3 мыңнан астам елді мекен, 4G - 1 628 елді мекен қамтылған, ал 5G мүлдем жоқ. Мыс кабелімен өткізілген сымды байланыс 34 пайызды, ал оптика 26 пайызды құрап отыр. Әлемде мыс кабелі мен 3G технологиясының ескіруін назарға алып, 2027 жылға дейін оларды түпкілікті ауыстырамыз. Сондай-ақ, мобильдік 4G технологияны 100 пайызға жеткізіп, ал оптика инфрақұрылымын 90 пайызға арттырамыз», - деді министр.

Оның айтуынша, 2027 жылға дейін 5G технологиясын Астана, Алматы және Шымкенттегі үлесі 75 пайызға, ал облыс орталықтарында 60 пайызға көтеріледі.

«Келесі маңызды іс-шара - бұл республикалық және басты облыстық маңызы бар жолдарды ұялы байланыс пен интернетке қосу. Қазірде интернет осы жолдардың 25 пайызында ғана қосылған. Ал, ұялы байланыс 86 пайызды құрайды. 2027 жылға дейін осы жолдардың 100 пайызы интернет пен ұялы байланыспен қамтылатын болады», - деді Бағдат Мусин.


Соңғы жаңалықтар