2026 жылы Қысқы Олимпиада қай елде өтетіні белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2026 жылы өтетін ХХV қысқы Олимпиада ойындары өтетін қала белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінен мәлім еткендей, 24 маусым күні Швейцарияның Лозанна қаласында Халықаралық Олимпиада комитетінің 134-сессиясы басталды. 26 маусымға дейін жалғасатын жиында 2026 жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарының астанасы анықталды. ХХV Қысқы Олимпиада ойындарын Италияның Милан және Кортина-д'Ампеццо қалалары өткізетін болып шешілді. Қалаларды таңдау дауыс беру нәтижелері арқылы анықталды.

Сондай-ақ, аталған сессияда ХОК-тің қазіргі және келешектегі саясатына қатысты бірқатар мәселелер талқыланады. Сессия жұмысына Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев та қатысуда.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейінгі соңғы Қысқы Олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен болатын. Ал, 2022 жылы өтетін ХХІV Қысқы Олимпиада ойындарын Қазақстанның Алматы қаласымен таласқа түскен Қытай астанасы Бейжің қаласы жеңіп алған болатын.

Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде Қысқы Олимпиада ойындарына қатысуды ең алғаш 1994 жылы Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен XVІІ ойындардан бастады. Онда атақты шаңғышы Владимир Смирнов 1 «алтын», 2 «күміс» жеңіп алды. Содан бері Қазақстан құрамасы қысқы ойындарға үзбей қатысып келеді.

1998 XVІІІ Қысқы Олимпиада ойындарының алауы Жапонияның Нагано қаласында тұтанды. Онда Қазақстан құрамасынан шаңғышы Владимир Смирнов пен конькимен жүгіруші Людмила Прокашева қола медаль жеңіп алды.

Қазақстан спортшылары 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен XІХ Қысқы Олимпиада ойындары мен 2006 жылғы Италияның Турин қаласында алауы тұтанған XХ Қысқы Олимпиада ойындарында жұлдесіз қалды.

Ал 2010 ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарын Канаданың Ванкувер қаласы қабылдады. Онда қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальді жеңіп алса, 2014 жылы Сочиде өткен ХХІІ Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей бәсекеде Денис Тен Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды.

Соңғы, Пхенчхан қаласында өткен Қысқы ойындарда Фристайл-могулдан Юлия Галышева қола медаль жеңіп алған болатын.

Соңғы жаңалықтар