2025 жылы электр энергиясы саудасы 30% дейін артады – Серік Жұманғарин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин электр энергиясы нарығындағы бәсекелестік қалай дамитынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электр энергиясы нарығындағы бәсекелестік маңызды саналады. Бүгінгі таңда ұйымдастырылған сауда-саттықта электр энергиясының тек 1 пайызы сатылады. Қалғанының бәрі ашық емес тікелей келісімшарттар бойынша өткізіліп жатыр. Осыған байланысты 2025 жылға дейін ұйымдастырылған электр энергиясы саудасы кем дегенде 30 пайызға дейін артады. Сонымен қатар, біз электр энергиясымен жабдықтау нарығындағы саралауды жоюды жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі жыл сайын 20 миллиард бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді, 31 миллиард шағын және орта бизнес үшін шығын бөлігі үнемделіп, біздің есебіміз бойынша тұрғын үйге көмек ретінде 720 миллионға артады», - деді С. Жұманғарин Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Спикер бәсекелестікті дамытудың тағы бір бағыты – биржалық сауданы дамыту екенін атап өтті.

«Биржалық сауда дұрыс жолға қойылды. Бүгінгі таңда бензин, битум, көмір, сұйытылған газ сауда-саттығы іске қосылды. Жақында авиакеросин, дизель отыны, бидай қосылады. Алғаш рет көмірмен биржалық сауда-саттық өткізілді, онда карьерлердің өздері жеткізу базисі болады. Қаражыра мен Шұбаркөлдің алғашқы сауда-саттығы тұтынушы үшін үнемділігі 20 пайызға дейін жететінін көрсетті», - дейді агенттік төрағасы.


Соңғы жаңалықтар