2025 жылы Аралдың құрғаған табанының ормандану алаңы 1,5 млн гектарға жетеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылы Арал теңізінің құрғаған ұлтанының ормандану алаңы 1,5 млн гектарды құрайтын болады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арал теңізінің құрғатылған бөлігінің ауданы 4,5 млн гектарды құрайды. Оның 2,2 млн гектары Қазақстан Республикасының аумағына келеді. 20 ғасырдың 90-жылдарынан бастап Арал теңізінің құрғаған табанындағы Фитоорманмелиорациялық жұмыстар 195 мың гектар алқапта жүргізілді. Бұл ретте табиғи екпелерді қоса алғанда, ормандардың жалпы ауданы 337 мың гектарды құрайды», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Оның дерегінше, Қызылорда өңірінде экологиялық жағдайды одан әрі жақсарту мақсатында Арал теңізінің құрғаған бөлігінде көшкіндерді бұғаттау бойынша Фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде жыл сайын 250 мың гектар фитоорманмелиорациялық жұмыстарды орындау бойынша іс-шаралар қабылдау жоспарланған.

«Осылайша, 2025 жылдың соңына қарай Арал теңізінің құрғаған табанының ормандану алаңы 1,5 млн гектарды құрайтын болады. Сонымен қатар фитоорманмелиорациялық жұмыстары үшін халықаралық ұйымдардың (Дүниежүзілік банк, Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID), Герман ынтымақтастық қоғамы (GIZ) қаржысын тарту бағытында іс-шаралар қабылдануда», - деді Әлихан Смайылов.


Фото: pinterest.com



Соңғы жаңалықтар