2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 4,5%-ға жетуі мүмкін – Ұлттық банк болжамы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық банктің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов 2025 жылға дейін елдің жалпы ішкі өнімі қалай құбылатыны туралы болжам айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында ол базалық мөлшерлемені көтеру себептеріне арналған брифингіде мәлім етті.

«Сыртқы сұраныстың әлсіздігін және өндіру көлемінің бұрын болжанған мөлшерден азырақ болуын ескерсек, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 2022 жылы 2-3% көлемінде, 2023 жылы 3-4% шамасында, 2024-2025 жылдары – 3,5-4,5% деңгейінде болатынын күтеміз», - деді Ғалымжан Пірматов.

Оның айтуынша, 2023 жылы фискалдық саясат барынша экономиканы ынталандыруға бағытталады. Бірақ оның жағымды әсері көпке бармайды. Фискалдық саясат факторы мемлекеттік тұтыну мен ішкі сұранысты қолдай отырып, импорттың өсуіне қолайлы жағдай туғызады. Мұның салдарынан елдегі жалпы ішкі өнімнің өсуі шектелмек.

Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейін 16,75% деп белгілеген болатын.


Соңғы жаңалықтар