2025 жылға қарай Қазақстанда білікті мамандар тапшылығы сезіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2025 жылға қарай кадр қажеттілігі 570 мың адамнан асады. Бұл туралы бүгін XII АЭФ аясындағы Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына арналған конференцияда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаһандық сын-қатерлерді және елде болып жатқан үрдістерді ескере отырып, Қазақстанның болашақ еңбек нарығы туралы пайымын әзірлеген. 2025 жылға қарай халық саны 19,8 млн-ға дейін жетіп, 1,6 млн-ға өседі деген болжам бар. Жұмыс күшінің саны 6,7 пайызға көбейіп, 9,8 млн адамды құрайтын болады.

«Экономиканың технологиялық жаңғыруын ескере отырып, 2025 жылға қарай кадр тапшылығы 570 мыңнан астам адамды құрайды. Орта және жоғары біліктілікті қажет ететін жұмыс орындарының саны 766 мыңға ұлғаяды деп болжануда. Төмен біліктілікті қажет ететін еңбекке сұраныс қысқарады. Экономиканың дәстүрлі салаларын жаңғырту есебінен осындай жұмыс орындарының саны 530 мыңға азаяды», - деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар ол еңбек өнімділігі өсу аясында жұмыс күшінің ауыл шаруашылығынан білім беру, құрылыс, көлік, сауда және басқа да қызметтер сияқты анағұрлым өнімді салаларға ауысуы байқалатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар