2025 жылға қарай дәрігердің жалақысы 500 мың теңгеден асады - министр

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қарағанды облысына сапары барысында Медицина университетінің резиденттерімен және түлектерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жүздесуде резидентура мен интернатураның 30-дан астам түлегі өз жұмысы жайлы баяндап, ведомство басшысына жеке сұрақтарын қойды.

Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ұқсас жоба арқылы қалалардағы жас мамандарды да тұрғын үймен қамту жайы сөз болды. Елжан Біртанов бұл мәселе шешіліп жатқанын айтып өтті.

«Бәйтерек» қорымен бірлесіп жас мамандар үшін жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз«, - деді министр.

«Облыс әкімдігі Қазақстандық ипотекалық компаниямен меморандумға қол қойды және осы келісім аясында жас дәрігерлерге 200-ге жуық пәтер бөлуді көздеп отыр», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Кездесу барысында «патологоанатомия» мамандығы бойынша резидентураға түсу мәселесі де көтерілді. Елжан Біртанов жоғары оқу орнының түлектеріне облысқа осы мамандық тың аса қажет екенін түсіндіріп, мемлекет есебінен қайта даярлаудан өтуді ұсынды. Сондай-ақ, бұл мәселені жеке бақылауға алды.

Елжан Біртанов жаңадан оқуды аяқтаған жас әріптестерін құттықтап, елімізде кәсіби дәрігерлердің қатары көбейгенін айтты.

«Дәрігер мамандығын таңдағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Біз GPA көтердік, бағдарламаны күрделендірдік. Сондықтан, жүзден жүйрік, үздіктің үздігі ғана сүрінбей, соңына дейін оқыды. Меніңше, дәрігер болудың артықшылығы көп. Мұны ұмытпаңыздар», - деді ол түлектерге.

«Адам медициналық институтқа болашақта жайлы және бай-қуатты өмір сүру үшін емес, мамандықтың өзіне қызығып барады. Таңдауларыңызға қашан да адал болыңыздар. Медицина оңай кәсіп емес, ол үнемі қарқынды даму үстінде», - деді министр.

Ведомство басшысы денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс жасау жағдайлары жақсартыла беретінін, ал жалақы жыл сайын көтеріліп отыратынын айтты. Оның айтуынша, 2025 жылға қарай дәрігердің табысы 500-600 мың теңгеден асады. Сонымен қатар, келесі жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген соң, жалақы тағы көтеріледі.

Соңғы жаңалықтар