2025 жылға қарай бюджет тапшылығы 2,5 пайызға төмендейді

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға қарай бюджет тапшылығы 2,5 пайызға төмендейді. Бұл туралы Мәжілісте «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты осы жылғы 3,3 пайыздан 2025 жылға қарай 2,5 пайызға дейін айтарлықтай төмендеуімен жоспарлануда. Бұл мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасының жобасында көзделген 2030 жылға қарай бюджет тапшылығының мөлшерін жалпы ішкі өнімге қатысты 2 пайызға дейін біртіндеп төмендету бойынша шектеуге сәйкес келеді», - деді ол.

Сонымен қатар ол заң жобасына жаңа қосымшалар енгізілгенін атап өтті.

«Атап айтқанда, бюджеттік тәуекелдер және мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығы туралы талдамалық есеп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының түсімдері мен шығыстарының болжамы енгізіледі», - деді Татьяна Савельева.


Соңғы жаңалықтар