2025 жылға қарай 2,7 миллион адам еңбек нарығынан шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2025 жылға қарай 2,7 миллион адам еңбек нарығынан шығады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Еңбек нарығының 2025 жылға дейінгі балансын зерттедік. 2025 жылға қарай 2 млн 674 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Сол кезеңде қысқарылатын, жабылатын жұмыс орындарын ескере отырып, жұмыс орындарының нақты өсімі 690 мың орынды құрайды. Осы аралықта еңбек нарығына 3,3 миллион жұмыс күші келеді, оның 1,2 миллионы оқуды енді бітірген жастар, өз кезегінде 2,7 миллион адам еңбек нарығынан шығады. Сөйтіп, жұмыс күшінің өсімі 600 мың адам шамасында болады. Зерттеу, жыл сайынғы жұмыс орны өсімі еңбек нарығына енді шығатын адамдарды ғана қамтуға мүмкіндік беретінін көрсетеді», - деді ол.

Вице-министр дерегінше, 2017-2019 жылдар аралығында 1 миллионнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 736 мыңы - тұрақты жұмыс орындары. Жаңа жұмыс орындарының 44 пайызы ауылдық жерлерге тиесілі. Жаңа жұмыс орындарының құрылуы Түркістан, Алматы облыстарында және Алматы қаласында басым. Қарағанды, Жамбыл, Павлодар облыстарында ашылған жұмыс орындарының құрамында уақытша жұмыс орындарының үлесі жоғары.

«Биыл 373 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінге құрылғаны 332 мың, яғни 89 пайызы. Осы жағдайда жұмыспен қамту бағдарламасының рөлі маңызды. Бағдарлама басталғалы бері 1 млн 750 мың адам оған қатысты. Нәтижесінде 1,3 миллион адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 960 мың адам тұрақты жұмысқа тұрған. 212 мың адам кәсіптік оқуға жіберілсе, 89 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды», - деді Ақмәди Сарбасов.

Соңғы жаңалықтар