2025 жылға дейін Ұлттық архив қорының 20 пайызы цифрландырылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2025 жылға дейін Ұлттық архив қорының 20 пайызы цифрландырылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылға дейін Ұлттық архив қорының 20 пайызы цифрландыру жоспарланып отыр. Бүгінгі күні Ұлттық архив қорының 1 млн-ға жуық сақтау бірлігі электрондық форматқа көшірілген. Оның ішінде 6 мыңнан астам сақтау бірлігі екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты мәліметтерді қамтиды», - деді Премьер-Министр жауабында.

Үкімет басшысының дерегінше, электрондық форматқа көшірілген құжаттар «Е-архив» ақпараттық жүйесіне кезең-кезеңімен жүктеліп жатыр. Нәтижесінде, азаматтар мен ғалымдар архивтік анықтамаларды электрондық форматта алу мүмкіндігіне қол жеткізеді.

«Майдангерлер туралы мәліметтерді іздестіруді жеңілдету үшін кейбір өңірлерде арнайы электрондық дерекқорлар жасақталған. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жерлестер туралы толық ақпарат беретін «Есімдері мәңгілік жадымызда» атты электрондық базасы жұмыс жасайды. Келешекте мұндай тәжірибе басқа өңірлерге таратылатын болады», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар