2025 жылға дейін орта арнаулы кәсіптік білім беру тегін болады - Тоғжанов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерімен, жастар ұйымдарының өкілдерімен, жас кәсіпкерлермен, жас ғалымдармен және белсенділермен Astana hub аумағында кездесу өткізді.

ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының хабарлауынша, шара барысында қатысушылар жастар саясатын іске асыру мен оларды қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілуі жоспарланған түзетулер бойынша алдағы референдумның міндеттерін талқылады.

Е.Тоғжанов жастарды қолдау бағытында Үкімет бірқатар ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Мәселен, 2025 жылға дейін орта арнаулы кәсіптік білім беруді ақысыз ету жоспарланып отыр. Ондаған мың грант бөлінетін үздік халықаралық университеттер елімізде өз филиалдарын ашуда. Сондай-ақ, жас ғалымдарға да қолдау көрсетіледі. Үкімет жас ғалымдардың санын 50% - ға дейін арттыру міндетін қойды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары жұмыспен қамту мәселелерінің оң шешімін тауып жатқанын атап өтті. Коммерциялық идеяларға 10 мың грант бөлінуде, олардың сомасы 1,2 миллион теңгеге дейін ұлғайды. 2025 жылға дейін 2 млн. қазақстандық үшін жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.

«Жастардың негізгі проблемаларының бірі - тұрғын үймен қамтамасыз ету. Біз 2025 жылға қарай тұрғын үй құрылысының барлық бағдарламалары шеңберінде жас отбасылар үшін 25% квота енгізуді көздеп отырмыз. Бүгінгі күні 3 өңірде іске асырылып жатқан Отбасы банкінің жеңілдетілген ипотека бағдарламасын барлық өңірде іске қосу жоспарланып отыр», - деді Е.Тоғжанов.

Сондай-ақ Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысымен алға қойылған міндеттер туралы айтты.

Биылғы 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын арнады. Жолдау аясында саяси реформалардың жалпы Қазақстанның жүйелі трансформациясына ықпал ететін және мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының жаңа парадигмасын айқындайтын 10 басым бағыты белгіленді.

«Қоғам мен елдің өміріне жан-жақты әсер ететін саяси жүйені қайта іске қосудың өршіл мақсаттары айқындалды»- деп атап өтті вице-премьер.

Талқылау барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ жастар саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстарын да жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов қатысушыларды алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Жастар вице-премьердің үндеуін бірауыздан қолдады.


Соңғы жаңалықтар