2025 жылға дейін ғалымдар саны 1,5 есе көбеймек

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға дейін ғалымдар санын 1,5 есе арттыру міндеті тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында технологиялық серпіліс ұлттық жобасын талқылау кезінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық жоба бойынша ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту үшін 2025 жылға дейін ғалымдар санын 1,5 есе арттыру міндетін қойып отырмыз, яғни ғалымдар мен жас ғалымдар санының 50 пайызға өсуі жоспарланған. Бүгінгі таңда ғалымдар мен зерттеушілердің саны 21,6 мың адамды құрайды (2020 ж. – 22 665, 2019 ж. – 21 843). Оның 7 525-і жас ғалым болса, бұл жалпы ғалымдардың 35 пайызын құрап отыр», - деді С. Нұрбек.

Оның айтуынша, ғалымдардың жалақысы 2 есе өсті (252 мың теңгеге дейін). Іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ-ды тікелей қаржыландыру енгізілді.

«Жас ғалымдарды қолдау және ынталандыру үшін «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдарға ғылыми зерттеулерге әрі постдокторантура үшін 1037 грант бөлінді. Жыл сайын халықаралық тағылымдамаларға 500 грант бөлінеді. 2021 жылы әлемдік ғылыми орталықтарға 400 ғалым жіберілді. 2020 жылдан бастап жыл сайын 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы тапсырылады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздің 10 жоғары оқу орнында постдокторантура құрылып, диссертациялық кеңестерге ҒЗИ мен басқа да жоғары оқу орындарының ғалымдары тартылып жатыр. Студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру үшін студенттер мен магистранттардың ғылыми қауымдастығы құрылды.








Соңғы жаңалықтар