2025 жылға дейін 757 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 41 жобасы іске қосылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жылу электр станциялары мен электр желілеріне ревизия жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы Сенатта «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде энергия көздерінің қуатын арттыру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Былтыр алғаш рет жаңа станциялар салу бойынша аукциондар өткізілді. 2026 жылға қарай Алматы, Қызылорда Түркістан және Ұлытау облыстарында жалпы 1700 МВт қуаты бар икемді генерация көздері пайда болады. Сонымен қатар, 1300 МВт-тан астам қосымша қуатпен жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту бойынша инвестициялық келісімдер қолға алынды», - деді Р. Скляр.

Оның айтуынша, заманауи технологияларды енгізе отырып, Екібастұздың жаңа ГРЭС-3 құрылысының жол картасы әзірленді. «Самұрық-Энерго» Екібастұз ГРЭС-2-де қосымша энергоблоктар салу жобасы жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар, Ақсу ГРЭС-ін кеңейту жоспарланып отыр.

«Былтыр жалпы қуаты 385 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 12 нысаны іске қосылды. Биыл 276 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 15 нысаны іске қосылады. Нәтижесінде, жаңартылатын энергия көздерін өндіру үлесі 5 процентке дейін өспек. 2025 жылға дейін қуаты 757 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 41 жобасын пайдалануға беру жоспарда бар», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық жылу электр станциялары мен электр желілеріне ревизия жүргізіліп жатыр. Бұл тексеру биылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті іс-шаралар жоспары қабылданады.

«Сонымен қатар ауқымды жөндеу науқанына дайындалып жатырмыз. Меншік иелерінің жауапкершілігі қайта қаралып бақылау-қадағалау функциялары мен саланың жалпы тиімділігін күшейтуге екпін қойылды. Арнайы комиссия тез арада жаңғыртуды қажет ететін 19 проблемалы жылу электр орталығын анықтады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Көкшетау және Семей қалаларында жаңа жылу электр стансаларын салу, Павлодар мен Екібастұздағы жылу электр станцияларын жаңғырту жұмыстары атқарылып жатыр», - деді Р. Скляр.


Соңғы жаңалықтар