2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады – Ералы Тоғжанов
2022 жылғы 26 мамыр 11:34

2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады – Ералы Тоғжанов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ірі бизнес кәсіпорындарында жұмыс істейтін 2,8 млн қызметкердің орташа жалақысы өседі. Бұл туралы Сенатта «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыруды талқылау кезінде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттен қолдау шараларын алатын ірі бизнеске қатысты міндеттемелерді белгілеу есебінен, онда істейтін 2,8 млн қызметкердің орташа жалақысы өседі. Мұндай талапты бірінші рет қойып отырмыз.

Екі апта бұрын Қарағанды облысында ірі бизнестің қатысуымен бұл бағытта атқарылып жұмыстардың алдын ала қорытындыларын тыңдадық. Нәтижесінде, қазірдің өзінде Қазақстан бойынша ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардағы жалақы мөлшерін 15-тен 30 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік туды. Оның қатарында «Қазминералс» (15%), «ҚазАзот» (20%), ERG» (25%), «Қазақмыс» (30%) бар», - деді Е. Тоғжанов.

Оның айтуынша, экономиканың түрлі салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады.

«Оның ішінде өнеркәсіп пен кәсіпкерлікте – 950 мың, инфрақұрылымдық жобалар аясында – 583 мың, агроөнеркәсіптік кешенде – 458 мың, туристік салада 59 мың жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында (тау-кен металлургия кешені, машина жасау, химия өнеркәсібі, кірпіш және цемент өндірісі) барлығы 713 жоба жоспарланған. Соның арасында биылдың өзінде 165 жоба іске қосылып 16 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Е. Тоғжанов «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобындағы өндіріс жұмысшыларының жалақасы көтерілетінін айтты.


Ұқсас жаңалықтар
Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT