2024 жылы Ұлттық онкологиялық орталықта протон аппараты орнатылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық онкологиялық орталықтың базасында протонды терапия орталығы 2024 жылы қолданысқа беріледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астанада онкологиялық емдеуге арналған орталықта Азиядағы тұңғыш протон орталығын іске қосу жұмыстары қалай жүріп жатыр?» - деп сұрады Әлихан Смайылов министрден.

Ведомство басшысы протонды аппаратқа арналған бункер салынып жатқанын айтты.

«Қазіргі таңда Ұлттық онкологиялық орталықтың құрылысы Астанада жүріп жатыр. Оның ішінде протондық орталық құрылысы 2024 жылдың аяғында аяқталады. Қазір осы протондық аппаратты орнататын бункердің құрылысы жүріп жатыр. Содан кейін аппаратты орнату, оның қауіпсіздігін тексеру жұмыстары жүреді. Осы аппарат елімізде бірінші рет жұмыс істейтін болғандықтан, мамандарды оқыту жұмыстары жүргізіледі», - деді Ажар Ғиният.

Министр аталған мамандар бұрын-соңды елімізде болмағанын атап өтті.

«Былтырдан бастап Германияда, Нидерланд елінде, Израильде осы аппаратпен жұмыс істейтін мамандарды оқытып жатырмыз. Олар бұрын біздің елімізде болмаған – сәулелік терапевтер, медицина химиктері мен физиктері. Бұл жұмыс қазір бірге жүріп жатыр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар