2024 жылы Демократиялық партия атынан АҚШ президенті сайлауына кім түсуі мүмкін

None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Джо Байден АҚШ-тың ең қарт президенті атанып отыр. 20 қарашада ол 80 жасқа толды. Егер Байден 2024 жылы қайта сайлауға түспесе, демократтардың атынан оның орнына үміткер болатын бірнеше кандидатурасы бар, деп хабарлайды ҚазАқпараттың АҚШ-тағы меншікті тілшісі Fox News-ке сілтеме жасап.

Бірінші болып АҚШ-тың қазіргі вице-президенті Камала Харристі атауға болады. Ол демократтар атынан сайлауға түсуі мүмкін үміткерлердің бірі ретінде қарастырылып жатыр. 58 жастағы Калифорнияның бұрынғы сенаторы ел тарихындағы алғашқы әйел вице-президент. Сондай-ақ осы лауазымға ие болған алғашқы афроамерикалық әрі шыққан тегі азиялық әйел ретінде тарихқа енді.

Тағы бір үміткер - көлік министрі Пит Буттиджиг. Ол жақында өткен аралық сайлау кезінде ұлттық демократиялық партияның сұранысқа ие орынбасарларының бірі болды. П. Буттиджиг 2020 жылғы президент сайлауында Демократиялық партия атынан кандидаттардың бірі болды.

81 жастағы сенатор Берни Сандерс Дж. Байденнен үлкен жасы болса да, әлі саясат сахнасынан кете қойған жоқ. 2016 және 2020 жылдары ол Ақ үйдің басшысы болуға науқан жүргізген болатын, бірақ екі рет те сәтсіздікке ұшырады.

Калифорниялық демократ Ро Ханна соңғы айларда цифрлық технологиялар дәуіріндегі ар-ұждан жайлы өзінің кітабын жарнамалап, бүкіл елді аралап шықты. Р. Ханна Ақ үйге үміткер болғысы келетінін жасырмайды. Алайда, ол Калифорния округінен тыс жерлерде аса танымал емес.

Демократтарда тиімді науқан ұйымдастыра алатын бірнеше танымал губернатор да бар. Мәселен, Мичиган штатында губернатор Гретхен Уитмер республикашылардың сынына қарамастан, осы айда қайта сайлауда жеңіске жетті. Г.Уитмер сонымен қатар Дж. Байденнің 2020 жылғы науқанында жеңіске жетуінде шешуші рөл атқарған кәсіподақтармен тығыз байланыс орнатқан.

Сондай-ақ, Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюс Ақ үйге үміткер ретінде қарастырылып жатыр. Ньюс те Уитмер сияқты екінші мерзімге айқын басымдықпен қайта сайланды.

Фото: static.nation-news.ru


Соңғы жаңалықтар