2024 жылға дейін 20 өрт сөндіру депосы салынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2024 жылға дейін 20 өрт сөндіру депосы салынады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпараты бойынша бүгінгі таңда елімізді өрттен қорғауды 426 өрт сөндіру депосы қамтамасыз етеді. Олар халық саны 15 млн адамнан асатын 2 558 елді мекенді қорғауды жүзеге асырады. Соңғы 5 жылда республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 11 өрт сөндіру депосы салынды. Ал 2024 жылға дейін тағы 20 депоны пайдалануға беру жоспарлануда. Өрт сөндіру деполарын және құтқару станцияларын басым салу жоспары аясында 2030 жылға дейін халық саны 5 мың адамнан асатын елді мекендерде 47 өрт сөндіру депосын салу жоспарланған. Бұл ретте өрт сөндіру бөлімшелерінің жалпы қажеттілігі 121 депоны құрайды», - деп атап өтеді Үкімет басшысының бірінші орынбасары жауабында.

Оның атап өтуінш, азаматтық қорғау органдары объектілерінің инфрақұрылымын кеңейту елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып жне бөлінген бюджет қаражаты аясында жүзеге асырылады.

«Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ ауылдық елді мекендерді өртке қарсы қорғауды қамтуды ұлғайту мақсатында жергілікті атқарушы органдар өрт сөндіру бекеттерін құрады. Қазіргі уақытта 586 өрт сөндіру бекеті құрылды. Олар 1,9 млн адамнан асатын 1876 ауылдық елді мекенді қорғауды қамтамасыз етеді. 2023 жылдың соңына дейін 264 ауылдық елді мекенді қорғау үшін тағы 77 бекет құру жоспарлануда», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар