2024 жылдан бастап елордаға іргелес ауылдарда 15 мектеп салынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2024 жылдан бастап елордаға іргелес ауылдарда 15 мектеп салынады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлығы 32 328 оқушы контингенті бар 42 мектепте оқыту жүргізіледі. Жобалық қуаты – 14 906 орын. Бүгінгі таңда оқушы орындарының тапшылығы 9 000 орынды құрайды. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 15 білім беру нысаны салынды. Оның ішінде 1 720 орындық 8 балабақша бар», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министр дерегінше, Қосшы қаласында 1 200 орындық екі мектептің және Қоянды, Қараөткел ауылдарында және Қосшы қаласында 280 орындық үш балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған нысандардың құрылысын аяқтау 2023 жылға жоспарланған.

«Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында оқушы орындарын қамтамасыз ету үшін елорда іргесінде 2024 жылдан бастап 18 600 орындық 15 мектеп (2024 жылы 10 100 орындық 8 мектеп және 2025 жылы 8 500 орындық 7 мектеп) салу жоспарланған», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар