2023 жылы Үкімет Ауылдық аумақтарды дамыту концепциясын енгізеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылы мал дәрігерінің айлығы 50 пайызға өседі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 1 наурызға дейін Үкіметке Ауылдық аумақтарды дамыту концепциясын енгіземіз. Ол 10 бағыттан тұрады. Әр бағыт бойынша нақты критерийлер бар. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылын Ұлттық экономика министрлігі үйлестіреді», - деді Р. Скляр.

Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығын дамыту қадамдарына тоқталды.

«Ауыл шаруашылығы дамымаса, ауылдың тұрмысы түзелмейді. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды? Президент тапсырмасы аясында ветеринария саласында реформа жүріп жатыр. 21 нормативтік құқықтық актіге, соның ішінде 1 кодекс пен 5 заңға түзетулер әзірленді. Олардың мақсаты - орталық пен өңірлер арасында міндеттерді бөлу, мал дәрігерінің мәртебесін белгілеу, еңбекақы мен әлеуметтік қолдауды кұшейту. Жыл соңына Парламентке тиісті заң жобаларын енгіземіз», - деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, мал дәрігерінің айлығы биыл 50 пайызға өсті. 2023 жылы тағы да 35-50 пайызға өседі.

«Оған қоса мал дәрігерлеріне денсаулығын сауықтыруға екі айлық көлемінде жәрдемақы төленетін болды. Ветеринария саласын цифрлық форматқа көшіріп жатырмыз», - деді Р.Скляр.


Соңғы жаңалықтар