2023 жылы Студенттік лига спорттың қай түрлерінен өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылы Студенттік лига спорттың бірнеше түрінен өткізіледі. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мектеп оқушылары арасында спортқа деген құлшынысты ынталандыру мақсатында 2021 жылы Ұлттық мектеп лигасы құрылды. Лига мектеп бағдарламасына енген спорт түрлері бойынша 5-6, 7-8, 9-11-сыныптар арасында өткізіледі. Сайыстар мектеп, аудан, облыс және республикалық деңгейлерде өтеді. 2021–2022 оқу жылында лигаға 10 спорт түрінен 1,9 млн оқушы қатысты. 2020–2021 оқу жылымен салыстырған қатысушылар саны 13,8 пайыз өсті», -делінген Үкімет басшысының жауабында.

Оның атап өтуінше, 2020 оқу жылынан бері жоғары оқу орындарында ерлер мен әйелдер арасында баскетбол, волейбол, мини-футбол, үстел теннисі, қазақ күресі, тоғызқұмалақ бойынша Студенттік спорт лигасы өткізіледі.

Сайыстар университет, өңір және республика деңгейінде кезең-кезеңімен ұйымдастырылады.

«Биылғы оқу жылында студенттік спорт лигасына 65 командаға жасақталған 15 мыңнан аса студент қатысты. Студенттік лиганы ұйымдастыруға спорт түрлерінен республикалық федерациялар да белсенді араласуда. Атап айтқанда, футболдан, баскетболдан және үстел теннисінен студенттік лиганың ақтық кезеңдері тиісті республикалық федерациялардың қолдауымен өтті. 2023 жылы Студенттік спорт лигасы ерлер мен әйелдер арасында волейбол, баскетбол, футзал, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, шахмат бойынша өтеді», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар